БӘЙБІШЕҢ АМАН БОЛСЫН……

Бөлтірік замандасы, жақсы ағасы Кебекбайға сәлем бергелі келіпті. Кебекбайдың әйелі төсек тартып ауырып жатыр екен.
Кебейбай ауру әйеліне жағдай жасай алмай, өзінің де күйі болмай, үй -іші жүдеу тартып қалғанға ұқсайды.
Аман- саулық біліскен соң, Кебейбай:
— Ауруының беті қатты сияқты, жаман айтпай жақсы жоқ, өліп қалмаса жарар еді- деп Бөлтірікке қаупін айтады.
— Асыл жеңгем өлмесін, алдымен өзіңнің өлгенін жөн — депті Бөлтірік. Өзі қам- көңіл болып отырған Кебейбай:
— Неге олай дейсің, Бөлтірік?- деп сұрайды.
— Әркімнің жаны өзіне тәтті. Сен менің айтқанымды көңіліңе ауыр алма — деп Бөлтірік сөзінің мәнісін түсіндіре бастайды. — Кімсің — Кебекбаймын атандың.
Атағың ауылдан асып, алашқа жетті. Ағайынға сөз салсаң, сөзіңді өткіздің, жөн айтсаң жөніңді өткіздің. Қалың мал беріп, қалап алған, Құдай қосқан қосағыңмен қоса ағардың. Ұлың ұяға, қызың қияға қонды.
Бұдан артық Құдайдан не тілейсің. Өлмегенде сайтан болайын деп пе едің? Асыл жеңгем өлер болса, ,,су әкелерім- ай,, ,,от жағарым- ай,, ,,қазан қайнатарым- ай,, деп жылағаннан басқа не бітіресің?
Ал жеңешем сенен ұзақ жасайтын болса, артыңнан жоқтау айтып, Ысты мен Дулатқа сенің бар жақсылығыңды жария қылмай ма? Былай жоқтар еді, — деп мынаны айтады:
Биік таудың басынан,
Тұнық шыққан бұлағым,
Көкорай саздың қасынан,
Тұнып шыққан құрағым,
Ат жалын тартып мінгенде,
Ауылыңның басын құрадың,
Алыс пен жақын білгенде
Еліңді түгел сұрадың,
Сұлтаным тірі кезінде
Тал шыбықтай бұралдым.
Өзіңді менен бөлгенде
Қара жерге көмгенде
Көзімнің жасын бұладым
Жер таянып құладым
Қолымнан ұшқан сұңқарым
Шәй деспеген шынарым
Мүңкір -нәңкір келгенде
Әсем болсын тұрағың
Таңда мақшар күнінде
Бейіштің мінгін пырағың.
Осы әңгіменің бәрін бастан- аяқ сүйсініп тыңдаған ауру бәйбішенің бойына жақсы сөз қуат береді. Басын көтеріп, орнынан тұрып шалына:
— Қайным дұрыс айтады. Алдымен сен өл!- деп, отын жағып, суын әкеліп, қазанына ас салады.
Үйдің берекесі кіріп, үй ішінің қабағы ашылып, мәз- мейрам болысып, ас ішіп отырғанда, бәйбіше Бөлтірікке:
— Жеңгең өлмесе де, өлгендей еді. Ағаңның өлгенін тірілгендей қылдың — деп шын жазылғанын білдіріпті.
Раушан Жаукешбай.