Байқаңыз, жаныңызда жемқор жүр!

Қазақстан әлемдегі жемқорлықтың көшін бастап тұрмаса да, бел ортасында келе жатқаны көзге ұрып тұр. Transparensy рейтингі бойынша жемқорлықтан биыл еліміз 123-орынға табан тірепті. Былтыр 126-қатардан төбе көрсеткен екенбіз. Үш сатыға төмен түскенді «алақайлап» үлкен жетістік деуге болмас. 2012 жылғы статистикаға жүгінсек, әлемде 280-ге тарта мемлекет бар болып шықты. Демек, Қазақстан жемқорлықтан «шашасына шаң жұқтырмай» дамып келе жатқан елдердің санатында. Бұл қанша ауыр болса да айтылуға тиіс ақпарат. «Ауруын жасырған өледі». Жақсылық пен жамандықтың қоңсы жүретіні белгілі. Дамуға бет алған мемлекеттерді «іштен шалып жығып жататын» жемқорлықтың түрлі әдіс-айлалары бар. Соны жетік меңгерген шен-шекпенділер қазынаның байлығын ту-талақай етіп үптеп кетуден тайынбай жүр. «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» деген осы-ау…

Биылғы жылы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы» жаңа Заң күшіне енді. Осы ретте қызу жұмыс та басталып, «еркінсіп кеткендерді» еркінен айыруға, жасаған қылмыстарын әшкерелеуге нақты қадамдар іске аса бастағандай. Сыбайлас жемқорлықтың кесірінен үстіміздегі жылы мемлекетке 3,6 млрд. теңге шығын келіпті. Қуанарлығы, оның 2 млрд. теңгесі ізін суытпай іздестірудің арқасында «үйіріне» қосылған. Қалған 1,6 млрд. теңге «су аяғы құрдымға» кете барған. Осы секілді көпшілікке беймәлім жемқорлық жайлы мәліметтер Астана төріндегі «Елдегі сыбайлас жемқорлықпен күресу» тақырыбында өткен Орталық коммуникациялар қызметінде ашық айтылды. Брифингке Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат департаментінің директоры Əди Ғалымжан мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының департамент басшысы Есқали Саламатов қатысты. Қолға көп түсе бермейтін қос мырзаға журналистер тарапынан көптеген сауалдар жолданды. Соның негізгілерін суыртпақтайық.

— Жемқорларды жазалауда Қытай мен Сингапур тәжірибесін енгізуге көзқарастарыңыз қандай?
— Ол елдерде жемқорларға тағайын-далған жаза өте ауыр. Біздің ойымызша, ауыр жаза жемқорлықты азайтпайды. Себебі бір адам кеткенімен, орнын басқа адам алмастырады. Сондықтан біз қолға алған жұмыс осы мəселелердің алдын алуға бағытталған. Адам қандай жолмен сыбайлас жемқорлыққа барады? Кейбір мемлекеттік қызметшілер құжат беру кезінде заңды бұзады. Себебі нақты стандарт, регламент жоқ. Соны кейбір мемлекеттік қызметшілер өз пайдасына жаратып, қалтасын қалыңдатады. Енді біз сондай қызметтерді қалай көрсету және қанша уақытта құжат дайын болу керек деген тәртіпті анықтап, керекті құжаттар тізімін де айқындап, барлығын бір ізге түсіріп, регламенттедік.
— Жемқорлықты ауыздықтауда дамыған елдерден үйренеріміз көп-ақ. Біздегі жемқорларға берілетін жаза түрлері қандай? Ол өзгелерге үлгі болатын деңгейде ме?
— Біз, әрине, әлемдік тәжірибелерді ескереміз, алайда қылмыс болған соң күрескеннен гөрі алдын алу тиімді деген тәжірибелерге сүйенеміз. Алдағы уақытта осы бағытта жұмыстар атқарылады. Негізінде, еліміздің Қылмыстық кодексінде жемқорлық ауыр қылмыс түрінде қарастырылып, ұзақ жылға бас бостандығынан айырылумен бірге дүние-мүлкі тәркіленеді. Сондықтан қылмыстың бұл түріне ауыр жаза қарастырылған.

ЖЕМҚОРЛЫҚТЫҢ АСҚЫНҒАН ТҮРІ — ПАРА АЛУ МЕН ҚЫЗМЕТ БАБЫН АСЫРА ПАЙДАЛАНУ

— Өткен жылғы жемқорлық жайлы мәлімет көңіл қуантпайды. Өткенге салауат. Осы жыл басынан бергі жемқорлық қылмысқа қатысты не айтасыздар?
— Жыл басынан бері 1097 қылмыстық заңбұзушылық тіркелген. Оның 87 пайызы — сыбайлас жемқорлық әрекеттері. Бірінші орында пара алу, одан кейін қызмет бабын асыру пайдалану, ал үшінші орында жалған құжат жасау қылмыстары тұр. Сыбайлас жемқорлық әрекеттерінен бюджетке келген шығын 3,6 млрд. теңгені құрайды. Оның шамамен 2 млрд. теңгесі мемлекетке қайтарылды. Ал қалған ақшаны қайтару мақсатында жемқорлардың 2,4 млрд. теңгеге бағаланған мал-мүлкіне арест салынды.
— Сіздер жемқорлар сипатын жалпылама айтып жатырсыздар. Өзгелерге үлгі болсын, нақты облыстар мен қай салада жемқорлық ушығып тұрғанына тоқталсаңыздар.
— Мәселен, Батыс Қазақстан облысында табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаментінің басшысы қолға түсті. Ол кәсіпкерлік қызметке кедергі жасамағаны үшін екі ноутбук пен кеңсе жиһазын пара ретінде алған. Заңсыз сыйақының бағасы — 250 мың теңге. Ал Атырау облысында мемлекеттік еңбек инспекциясының басшысы мен оның орынбасары пара алып, рұқсат қағаздарын заңсыз таратқаны үшін ұсталды.
Бұдан бөлек, ұлттық бюро мемлекеттік сатып алулар саласын жіті бақылап келеді. Жыл басынан бері осы саланы жетілдіруге қатысты орталық және жергілікті органдарға 101 ұсыныс хат жіберілді. Онымен шектелмей, тексеріс те өткіздік. Соның қорытындысы бойынша бір тоқсанның ішінде мемлекеттік сатып алу сомасын 2,5 млрд. теңгеге асыра көрсету әрекеттерін анықтадық. Мысалы, жалғыз Ақтөбе облысы бойынша телефон желісін тарту қызметінің бағасы 1,1 млрд. теңгеге артық көрсетілген. Біздің ұсыныс хаттарымыздан кейін аталған конкурс қайта қаралып, бастапқы сома 1,5 млн. теңгеге дейін азайған. Артық ақша бюджетке қайтарылды.
Жемқорлықтың алдын алумен тиянақты түрде айналысып жатқан екі ведомстваның өкілдері коррупциялық қылмыстардан елімізге бас-аяғы 4 миллиард теңгеге жуық шығын келгенін жасырмады. Алайда бұл көрсеткіш өткен шақпен салыстырғанда соншалықты «қорқынышты» емес сияқты көңіл күй ауаны сезілді. Себебі ведомство өкілдері Қазақстандағы жемқорлық деңгейінің төмендегеніне шүкіршілік білдіргендей болды. «Бақсам, бақа екен» демекші, биыл еліміз жемқорлық ісінде дүниежүзілік рейтингте 126-орыннан 3 сатыға төмендепті. Олардың көңілі осыған марқайып отырса, мұны жағымды жаңалық деу қиын.
Р.S. «Банды жайлаған Петербург» атты телесериал көптің есінен шыға қоймаған болар. Өмірдің өзінен алынған дүние сондай-ақ болар. Соңғы жылдары сыбайлас жемқорлықтың елімізде дендеп етек ала бастағаны көңілге кірбің ұялатады. Қашып та жатыр, ұсталып та жатыр мемлекет қазынасын тонағандар. Ертегідегі көп басты айдаһардай бірінің басын кессе, екінші бір басы өсіп шығады. Келешекте әлем сарапшылары елімізді «жемқорлық жайлаған Қазақстан» деп атамауы үшін мемлекеттік қызметке, ар мен иманы мықтыларды көптеп тартатын кезең келіп жеткен секілді.

Нағашыбай Қабылбек