БАЙҒАЗЫ МЕН КӨРІМДІК

Екеуінің айырмашылығын білесіз бе? Біз көбінесе көрімдік сұрауға әуеспіз. Байғазы ұмытылып бара жатқандай. Кейбір адамдар бұл екі сөздің мағынасы бір деп те ойлайды. Шын мәнінде екеуі екі бөлек ұғым, екі бөлек кәде.
КӨРІМДІК – жаңа туған сәбиге, жаңа түскен келінге немесе жаңа туылған төлге туған-туыс, дос-жаран, көршілер тарапынан берілетін сый-сыяпат. Қалыңдықты құдаларға алғаш көрсетер кезде де осы көрімдік сұралады. Түсінгеніміздей, көрімдік көбінесе жанды заттарға беріледі.
БАЙҒАЗЫ болса, керісінше, көбінесе жансыз заттарға сұралады. Бұл – үлкен кісілердің кішілерге беретін сыйы. Бала алғаш атқа отырғанда да осы байғазы беріледі. Бұрынғы уақытта жаңа киім алған балалар көрші-қолаң, ағайын-туыстан:
«Киімімді көріңіз,
Етегіме төгіңіз.
Барар жерім әлі көп, Байғазымды беріңіз!», –деп кәде сұраған. Балаларға теңге, түйме, қамшы, моншақ сияқты неше түрлі сый-сыяпат жасалған. Жағдайы барлар төл атап, енді бірі тым болмағанда тәттімен шығарып салған. Ұл балаларға «Байғазыға байдың қызы» деп тілек арнаған.

Оразкүл Асанғазы