БАБА РУХЫНА ТАҒЗЫМ

Әбілқайыр ханның дүниеге келгеніне 330 жыл. Бұл, тарихи құнды деректерімізді қайта қарап, рухымызды серпілтетін іргелі шараларды атқаруға жол ашып отыр.
Тарихи деректерге үңілсек, Әбілқайыр хан тек Кіші жүздің ханы ғана емес, тұтас алғанда, қазақ хандығының саяси Тұлғасы болғанын көреміз.
ХVIII ғ. жоңғар шапқыншылығы тұсында үш жүздің басын қосып, жауға төтеп беріп, 1719-1748 жылдар аралығында қазақ хандығының аға ханы болғаны тарихтан белгілі.
Ұлы тұлғаның есімін ұлықтау мақсатындағы іргелі шаралар жыл басынан қолға алынған еді. Сол тұстағы облыс басшысы Ералы Тоғжановтың жетекшілігімен аймақтық, республикалық деңгейдегі шаралар тізбегі бекітілді.
Сол шаралар жалғасын тапты.
Ақтөбе қаласында және Әйтеке би, Темір ауданында 11-13 қазан аралығында кең көлемді іс-шаралар өткізілді.
«Әбілқайыр хан: қолбасшы, билеуші және саясаткер» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтті. Хан моласында 30 жылдан астам уақыт кешенді зерттеу жүргізіп, Әбілқайыр хан жерленгендігін дәлелдеген ғалымдар — тарих ғылымдарының докторы, профессор Серік Әжіғали, Әбілқайыр хан тұлғасын және оның заманын зерттеген жетекші шетелдік тарихшылар қатысты. Пленарлық мәжілісте профессор С.Е.Әжіғали Хан моласындағы кешенді зерттеулердің нәтижесі мен ескерткіштану жұмыстары туралы баяндама жасады. Мәскеуден РҒА Шығыстану институтының бас ғылыми қызметкері А.Ш.Қадырбаев тарихи деректер негізінде Әбілқайыр ханның саясатына, Д.В.Васильев Әбілқайыр ханның орыс-қазақ қатынастарындағы рөліне тоқталды. Тарихшы В.Т.Тепкеев XVIII ғ. басындағы қазақ-қалмақ қатынастары жөнінде баяндама жасады. Еліміздің тарихи орындарына іргелі зерттеулер жүргізетін Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының және Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының жетекші қызметкерлері Ғ.А.Шотанова және Е.М.Ужкенов тың архив деректері негізінде Әбілқайыр тұлғасы туралы әзірлеген тарихи деректерімен бөлісті. Белгілі тарихшы А.И.Исин XVIII ғасырдағы қазақ ескі жазба тілінің ерекшеліктеріне назар аударып, Әбілқайыр хан хатына талдау жасады. Конференцияға Әбілқайыр ханның жерленген жерін анықтау барысында генетикалық зерттеулер жүргізген Генетика және физиология институтының Этногеномика және палеогенетика орталығының басшысы Л.Б.Джансугурова, Әбілқайыр ханнан тараған ұрпақ А.А. Жангереев, Абылай ханның ұрпағы — Әбілқайыр Бексұлтанов қатысты.
Шара аясында Есет батыр мөлтек ауданында Бопай ханым көшесі ашылды.

 

Негізі атаулы дата «Ақтөбе облысының мәдени мұрасын зерттеу, сақтау, жаңғырту мен насихаттаудың 2023-2025 жж. арналған Жол картасы» аясында «Ақтөбе және Орынбор облыстарының шекаралық аумағындағы қазақтардың мемориалды-ғұрыптық халықтық сәулет өнері ескерткіштерін зерттеу (ХІХ ғ. – ХХ ғ. басы)» ғылыми жобасы бойынша жүргізілген зерттеу жұмыстарымен тұспа тұс келіп тұр. Зерттеулер жүргізу барысында Орынбор облысында жерленген Бопай ханымның зиратынан алынған топырақ дәл осы күні, Әйтеке би ауданындағы Хан моласы мемориалдық кешенінде баба рухына тағзым етіліп, Әбілқайыр хан бабамыздың жанынан жай тапты. Көп қазақтың көкейінде жүрген сұрақ шешімін тапты. Ералы Лұқпанұлының бұл бастамасы — имандылықтың жолы еді. Аманатқа адалдықтың белгісі. Осылайша, көптің тілегі орындалды.

Әбілхайыр ханның қазақ тарихындағы орны мен стратегиялық ұтқыр саясатын бейнелейтін қойылым көрерменге жол тартты. Айта кету керек, тарихи оқиғаларға толы спектакльді сахналау оңай болмады. Жыл басында арнайы комиссия құрылып, қойылымның сценарийі мұқият сараптамадан өтті. Жоба жетекшісі — сценарийдің негізін қалауға ат салысқан облыстың сол кездегі басшысы Ералы Тоғжанов болды. Әбілхайыр хан туралы мұндай бірінші қойылымның сценарийін жазуға драматург Қолғанат Мұратұлын аттай қалап алдыртты. Әбілхайыр ханның есімін ұлықтап, ғылыми айналымға енгізу Жаңа қазақстанның алдында тұрған рухани салмағы бар міндет болып отыр.

 

— Қойылымда қазақ халқының ХVІІІ ғасырдағы даңқты қолбасшысы, саясат және мемлекет қайраткері — Әбілқайыр Мұхаммед Қазы Баһадүр ханның жат пиғылдағылармен күрес жолындағы бостандық пен сатқындықтың арасындағы тартысты тағдыры көтеріледі. Қиын-қыстау, қысылтаң заманда қазақ халқының басына хан тағын ат үстіне ерттеп, көзсіз ерлік істері мен қаһармандық жорықтары арқылы даңқы шыққан, ел тағдырына қатысты маңызды саяси шешімдер қабылдауда ақсүйек хан тұқымдары қатарынан оқшау шығып, жалғыз жүріп жол тапқан, қарашадан тірек іздеп қосын құрған, батырлардан дос тапқан Әбілқайыр ханның ел азаттығы мен бақыты үшін шығарған шешімі, арман-аңсары, бүгінгі ұрпақ көзімен суреттеледі, — деді Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театры директорының орынбасары Жандос Еспанбетов.

Тарихи Тұлға қазақ хандығы шежіресінде дипломатиялық тегеурінді шешімімен, ел басқарудағы принципшілдігімен және саяси стратегиялық ұтқыр ұстанымдарымен есте қалары анық.

Құрманәлі Қалмахан, журналист