БҰЛАҚ КӨРСЕҢ, КӨЗІН АШ

Су тіршіліктің бастауы, мол байлықтың бірі. Дана халқымыз бұлақ көрсе, көзін ашқан.
Жайылма ауылдық округіндегі Қызылдихан ауылына келетін, ауыл тұрғындарының төрт түлік малға, үй іргесіндегі бау-бақшаны және шаруашылықтардың егіндерін суғаруға пайдаланатын су Жаңатас қаласына жақын аймақтағы Құрттыбұлақ деген бұлақтардан бастау алады.
Бұл жердегі 5 бұлақтан шыққан су қысы – жазы тоқтаусыз ағып, Қызылдихан ауылы тұрғындарының қажетіне жарап отыр.
Ауыл тұрғындарының сұранысына сәйкес, жаз мезгіліндегі судың азайған кезеңінде судың көлемін ұлғайту мақсатында бүгін аудан әкімінің орынбасары Қайрат Амановтың басшылығымен және ауыл әкімшілігі қызметкерлерінің, ауыл азаматтарының қатысумен осы бұлақтардың көзін ашып, тазалау жұмыстары жүргізілді.
Аталған игілікті шараға «Қазфосфат» ЖШС-і қолдау білдіріп, техника бөліп, көмек қолдарын созды. Бұлақтардың көзін ашып, су бойлап ағатын арықтарды кеңейтіп, іштерін тазалады. Кейбір су бұзған жерлер тоғандалып, бекітілді.
Сонымен қатар, осы округтегі Маятас ауылының жоғарғы жағындағы 3 бұлаққа да тазалау жұмыстары жүргізілді.
Бұл бұлақтардан шыққан сулар арқылы ауыл малдары жайылатын жайылымдық жерлерді де суландыруға мүмкіндік болмақ.

Сарысу ауданы әкімдігі