Азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында кешенді шаралар қабылдануда

Азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында кешенді шаралар қабылдануда

Азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру – азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы басымдықтардың бірі.

Бұл мақсатта Жамбыл облысында әлеуметтік маңызы бар тауарлардың 110, 4 мың тонна қоры қалыптасқан. Оның ішінде тұрақтандыру қорында – 1,4 мың тонна, форвардтық келісімшарттар шеңберінде – 13,4 мың тонна.

Жамбыл облысында 16 әлеуметтік дүкен жұмыс істейді десек, ондағы бағалар нарықтықтағыдан 10-15 пайызға төмен. Оларға күн сайын 2 500-2800 сатып алушы келеді. Бұл павильондардың айналымы күн санап артып отыр. Олар арқылы апта сайын жалпы құны 70-80 миллион теңгені құрайтын 70-80 тонна өнім сатылады.

Ағымдағы жылдың басынан бастап әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 4 түрі бойынша тауарлық интервенция жүргізілді. Олар: қарақұмық жармасы – 5 тонна (41 сауда дүкені), 1-ші сұрыпты бидай ұны – 760 тонна (7 наубайхана), күріш – 55 тонна (41 сауда дүкені), жұмыртқа – 142 мың дана (55 дүкен).

Сонымен қатар, бірқатар тауар бағасының төмендеуі байқалып отыр. Олардың қатарында күнбағыс майы (-142 теңге), қарақұмық (-179 теңге), қант (-90 теңге) бар. Ал, 1 литр күнбағыс майы 713 теңгеден, 1 килограмм қарақұмық 331 теңгеден, 1 килограмм қант 376 теңгеден сатылуда.

Бүгінгі таңда Жамбыл облысында көкөністер бағасы тұрақты. Мысалы, пияздың бір килограмы 60-80 теңгеден, картоп – 100-110 теңгеден, сәбіз – 110-120 теңгеден, қырыққабат 100-110 теңгеден сатылуда.

Өнім өндірмейтін делдалдарды анықтау және жою – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру тетіктерінің бірі.

2023 жылы мұндай әрекеттің 70 дерегі, 2024 жылдың басынан бері 25 дерегі анықталды. Осыған байланысты оларды тауар жеткізу тізбегінен шығару бойынша шаралар қабылданды.

28 тауар өндірушімен және 1 141 дүкенмен сауда үстемесінің 15 пайыздан астамға ұлғаюына жол бермеу жөнінде меморандумдар жасалды.

Жамбыл облысы әкімдігі