АЗИЯ ЧЕМПИОНЫНА ҚОМАҚТЫ СЫЙАҚЫ БЕРІЛДІ
Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігінде өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов Наталья Богданова мен оның жаттықтырушысы Дастан Қабденовті қабылданды. Тайландта бокстан өткен Азия чемпионатының финалында Наталья Богданова турнирдің қожайынын сенімді түрде жеңіп, Азия құрылығындағы үздік атанды.
– Бұл тәртіптің, табандылықтың және жеңіске деген ерік-жігердің айқын дәлелі. Естеріңізде болса, өткен жылы Наталья Қытайдағы Азия ойындарында қола медаль жеңіп алды. Оның жаттықтырушысы Дастан Қабденовке бірлескен жұмысы мен спорттық жетістіктері үшін алғысымды білдіремін. Біздің спортшыларымыздың арқасында халықаралық аренада біздің облыс пен елдің имиджі артып келеді. Алда рингте одан да көп жеңістер мен жарқын сәттер болсын. Жаңа биіктерге жетіңіз! – деді өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов.
Қазір өңірде спорттық инфрақұрылым дамып келеді. Өткен жылы 4 спорт кешені, 3 жабық хоккей корты, 23 шағын футбол алаңы салынды. Биыл ФОК, екі хоккей кешені және жабық бассейн құрылысы жалғасуда.