Аздрен Лулаку: «Астана» үшін алған бетімнен қайтпаймын!

Жуырда «Астана» футбол клубы жанкүйерлеріне шетелдік жаңа шабуылшыны таныстырған еді. Бүгінде Албания құрамасын алға сүйреуге бар күшін салып жүрген Аздрен Лулаку Дубайдағы оқу-жаттығу жиынына кетер алдында журналистерге эксклюзивті сұхбат берген болатын. Итальян тілінде ойын жеткізген Аздреннің әсерлі әңгімесін қалың оқырманға өз деңгейінде жеткізуге тырыстық.

А.ЛУЛАКУ:«ФУТБОЛ – МЕНІҢ ТАҒДЫРЫМ»

      А.Лулаку 1988 жылдың 15 ақпанында Косова маңындағы шағын қалашықта дүниеге келген. Талай таңын автоматтың даусымен атырған анасы соғыс жайлаған атамекенін тастап, екі ұлын жетектеген күйі Албаниядан жырақтайды. Сербиядан сырғып өтіп, Хорватиядан қыр асқан олар ақыры Италияға келіп тоқтайды. Бала да болса түрлі қиянатты өз көзімен көрген Аздрен бала күнінен салқынқандылығын сақтаған секілді. Әңгімесіне үңілсек, өзіне қатты сенетін, «арық сөйлеп, семіз шығаратын» сайыпқыранның нақ өзі десек қателеспейміз.

   -Футболды серік етіп, доп тебуіме себепкер болған ағам еді. Алғашында жасыл алаңға бірге барып жүрдік. Бірге жаттықтық. Бірақ, белгілі бір себептермен ағам спорттан қол үзді де, теңбіл допқа әуелден әуес мен футболды кәсібім еттім. Тіпті, футбол – менің тағдырым десем де артық емес. Сондықтан да, өз кәсібімде кездесетін түрлі келеңсіздік, қиындықтарға әрқашан дайынмын,-дейді ол.

img_4028

      Аздрен өзі айтқандай, «үшжолақты» Италия футбол мектебінің түлегі. Аталмыш футбол державасының төменгі дивизиондарында тәжірибе жинап, соңғы жылдары Румынияның «Газ Метан» футбол клубында табысты өнер көрсеткен. Табысты деуге негіз бар, ол – «Газ Метанның» әккі сұрмергені. Маусым басынан бері қарсыластар қақпасына он алты гол соққан. Алайда, командасы біріншіліктің алғашқы үштігінен төбе көрсетіп келе жатса да, Аздреннің көксегені «басқа» болды.

АЛБАН БАЛАСЫНЫҢ «АСТАНА» ТУРАЛЫ БІЛЕТІН АҚПАРАТЫ

     УЕФА Чемпиондар Лигасы мен Еуропа Лигасына соңғы жылдары тұрақты түрде қатысқан «Астана» футбол клубының әлемге танылғаны жасырын емес. Әйтсе де, өзімізге ыстық көрінген клуб жайлы Аздрен Лулакудың егжей-тегжейлі білмеуі әбден мүмкін. Сарыарқаның төсіне тұрақтап жатқан Аздрен Астанаға келместен бұрын қала жайлы, жалпы Қазақстан жайында аз-кем ақпарат жинағанға ұқсайды.

     А.Лулаку: Естеріңізде болса, бұдан үш-төрт жыл бұрын «Астана» ойыншыларын румыниялық маман Йоан Андона  жаттықтырған болатын. Румыния чемпионатында тер төккен соңғы жылдары соның итальяндық көмекшісі Паоло Поточникпен бірге жұмыс істеген едім. Кәсіпқой футболшы дайындау саласын жілікше шағатын білікті маман Қазақстан жайында, оның бас қаласы Астана және «Астана» футбол клубы жайлы әңгімелеп берді. Айтқандары құлағыма майдай жағып, клуб ауыстыруды күттім. Оның алдында жері кең Қазақстан туралы аз да болса білетінмін. Астана қаласының аз уақыт ішінде өркен жайып, талай шетелдікті таңқалдырғанын оқып-естігенім бар еді. Сондай-ақ, әлі де болса зәулім ғимараттары күннен-күнге көбейіп жатқан Астананың құрылыс алаңында албандардың өріп жүргенін білетін шығарсыздар. Міне, сол отандастарымның да жылы пікірі мені Астанаға ынтық етті. Бір жағынан қазір Румыния чемпионатында қысқы үзіліс болғандықтан Қытай мен Жапониядан, Еуропаның бірқатар ортанқол клубтарынан ұсыныстар түскен болатын. Дегенмен, кәсіби жағынан жылдам өсуге зор мүмкіндік тудырып тұрған «Астананы» басқалармен салыстыра алмадым. Әрі С.Стойлов шәкірттерінің Еуромаусымда өнер көрсететін қауқары бар. Мінеки, мен ұзақ армандаған, мен ғана емес, талай адам армандайтын УЕФА Чемпиондар Лигасында көзге түсу мүмкінідігі туып тұр деп алған бетімнен қайтпадым. Ал, отбасым қашан да менің шешіміме оң қабақ танытатындықтан, маған ақ жол тіледі.

img_4038

ЛУЛАКУ: «МАМАНДАР ҚАТЕЛЕСПЕЙДІ ДЕП СЕНЕМІН»

        Бір қызығы, су жаңа шабуылшыға ресми түрде нөмір берілмеді. Өзге аяқдоп шеберлері секілді Лулаку да «7»-ші нөмірді жақсы көреді екен. Дегенмен, «Астананың» «киелі нөмірі» жартылай қорғаушы Серікжан Мұжықовқа тиесілі болғандықтан, легионердің қазақ баласымен таласу ойында да жоқ.

      -«7»-ші нөмір әдемі көрінгенмен, жауапкершілігі ауыр деп есептеймін. Өйткені, ол талай талантты футболшылардың, аты аңызға айналған майталмандардың нөмірі болатын. Бүгінде әлемнің ең үздік футболшысы Криштиану Роналдудың да нөмірі осы – «7». Байқасам, «Астана» футбол клубында «11»-ші нөмірді дәл қазір ешкім иелене қоймапты. Ол да болсын – менің сүйікті нөмірім. Өйткені, Албания құрамасы сапында осы нөмірмен алаңға шығып жүрмін,-дейді А.Лулаку.

      Жасы отызға таяған Лулакудың өзін аса сенімді ұстайтынын бұған дейін айттық. Әрине, ойынына куә болмағандықтан шеберлігіне мін тағып, сын айта алмасымыз анық. Алайда, «гол соғу – менің міндетім, жеңіс үшін ойнау – команданың міндеті» деп баса айтқан Аздрен Лулаку бапкер мен жанкүйерлер үмітін ақтайтынына сенімді.

-Бізге бастысы командалық ойын, бірлік қажет. Жалғыз шауып батыр атанғанмен, командам жеңіліп жатса несі жақсы? Өзім Италияда өскендіктен, өмірімнің ең қызық кезеңі балалық және бозбала шағым сонда өткендіктен, футболға ден қойғаннан-ақ «А» Сериясында ойнауды армандадым. Сөйтіп, еурокубок матчтарында өзімді танытамын деп ойлаушы едім. Бірақ, адамның айтқаны бола бермейді ғой. Әйтсе де, бабым келісіп тұрғанда «Астана» арқылы да арманымды жүзеге асырамын деп сенемін. Саналы түрде «Астанаға» келдім, енді артқа қайту жоқ. Тұлпарды тұяғынан танитын жаттықтырушы-мамандар да жаңылыспады деп есептеймін,-деп сұхбатын түйіндеді Аздрен Лулаку.

img_4064

ТҮЙІН: Джуниор Кабананга мен Патрик Твумасиге бәсекелес болып келген Аздрен Лулаку – «Астана» футбол клубындағы алғашқы Албания азаматы. Ол Арқа төріндегі «Астана-Аренадан» бастап, Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі және Еуропа мемлекеттеріндегі жасыл алаңдардың шаңын шығарып, албан ұлтының айбарын көрсетем деп белді бекем буып отыр.

ЕРМҰРАТ НАЗАРҰЛЫ