Азаттықты аңсаған алаш азаматтары

Бүгін Сырым ауданына  «Ақжол» ҚДП Атырау облыстық филиалының Алашорда Үкіметінің 100 жылдығына орай ұйымдастырылған экспедиция мүшелері келді. Экспедиция құрамында  саясаттанушы,  «Ақ жол» ҚДП Атырау облыстық филиалының саяси жетекшісі Әбілхан Төлеуішов, тарих ғылымдарының докторы Аққали Ахмет, тарих ғылымдарының кандидаты Қылышбай Сүндетұлы, Қызылқоға аудандық «Қызылқоға» газетінің бас редакторы Бауыржан Сисенов бар.

Экспедиция мүшелері алдымен Алаш саябағына ат басын тіреп, ондағы алаш қайраткерлеріне арналған ескерткішті көріп, гүл шоқтарын қойды. Қадыр ескерткішінің алдына суретке түсті. Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейін тамашалап, мұражайдағы  «Азаттықты аңсаған Алаш азаматтары» атты дөңгелек үстелге қатысты.

Дөңгелек үстелге Сырым ауданы әкімінің орынбасары Асыланбек Сарқұлов,  Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі Айнагүл Ойшыбаева, «Сырым елі» газетінің жауапты хатшысы Мүсірбек Айташев, тарихшылар, ардагерлер, кітапханашылар қатысты. Аудан әкімінің орынбасары Асыланбек Сарқұлов «Ақ жол» ҚДП Атырау облыстық филиалының саяси жетекшісі Әбілхан Төлеуішовке «Абдолла», «Сырым елі» кітаптарын табыс етті.

Аудандық ішкі саясат бөлімінің  бас маманы Перизат Илашева  Алаштың 100 жылдығына орай ауданымызда ұйымдастырылған шаралармен таныстырды.

Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі Айнагүл Ойшыбаева Алаш мұражайы туралы әңгімелеп, Жаһанша Досмұхамедовтың жерленген жерін іздеп, ауданымыздан арнайы ұйымдастырылған Жымпиты-Мәскеу экспедициясымен барып келгенін айтты. Айнагүл Мағауияқызының айтуынша, Жаһаншаның жұбайы Ольгаға күйеуін өртеп жібердік деп, бір уыс күл апарып бергенімен, оның кейін тірі жүргенін көргендер бар екен. Бутово полигонында 20761 адам 13 шұңқырдың ішіне көміліпті. Сол шұңқырлардың бірінде Жаһанша жерленген екен.  Ол 1938 жылдың 3 тамызында атылған. Сол күні Жаһаншамен бірге барлығы 120 адам атылған екен. Оның ең кішісі 13 жасар бала болса, үлкені 81 жастағы қария екен. Жымпитылықтар Дондағы Әлихан Бөкейхановтың басына да барып зиярат етті.

«Ақ жол» ҚДП Атырау облыстық филиалының саяси жетекшісі Әбілхан Төлеуішов «Ақжол – Алашорда партиясының ізбасары» деп, Қызылқоға, Ойыл, Қаратөбе, Жымпиты аудандарын аралап келетінін айтты. Мақсаттары – Алаш ақтаңдақтарының табанының ізі қалған жерді көздерімен көріп, мұраларын іздестіру екен. Тұңғыш тәуелсіз қазақ  үкіметін құрамыз еңбек еткен алаш қайраткерлерінің әрісі Семейден Әлихан, берісі Жымпитыдан Жаһанша мен Халел екенін атап өтті Ә.Сейтімұлы.

Тарих ғылымдарының докторы Аққали Ахмет: «Алашорда – біздің біртұтастығымызды көрсетті. Алайда, осы Алашорда үкіметі туралы толыққанды зерттеп біткен жоқпыз. Алаштың земствосының рөлі мықты болды. Оны көп айта бермейміз.  Алаштың  200 офицерінің аты-жөнін әлі жинай алмай келеміз. Алаш қайраткерлерінің ұрпағы өзінің ата-тегі, олардың өмірі туралы айтуға ғасыр өтсе де, қорқады. Алаштың отрядын құрған Ағаев деген азамат туралы зерттеу жұмыстары аз. Бір ғасырлық тарихы бар Алаш үкіметі әлі де іздестіруді, зерттеп-зерделеуді қажет етеді»,- деді.

Тарих ғылымдарының кандидаты Қылышбай Сүндетұлы Алаш қайраткерлерінің шығарған газеттерінің тарихы туралы сыр шертті. 1926 жылы «Еркін қазақ» атты газеттің бір ғана саны шығыпты.  Мұнда Ахметқали Мәмбетовтың өлеңі, Х.Досмұхамедовтың газет шығаруда көрген қиындығы туралы жазған мақаласы жарияланыпты.

Сырымдық ардагер Сыдық Тажмұхан Қуанай қазіреттің қуадалауға ұшырағаны туралы айтып, аудандық мешітке Қуанай қазіреттің атын беру жөнінде ұсынысын білдірді.

Ардагер ұстаз Ким Федянин айтуынша, әкесінің әкесі Иван Сергеевичтің үйі болған трактиръде 1918 жылы 18 мамырда Алашорда қайраткерлерінің ІІ съезі өтіпті. Құрылтайға қатысқан 300-ден астам делегатты әкесі Николай Федянин 3 күн бойы күзеткен екен. Бұл жөнінде анасы «Тістеріңнен шығармаңдар, әйтпесе бәріміз құримыз» дегендіктен, еліміз тәуелсіздік алғанша Ким Николаевич жақ  ашпай келіпті. Егемендікке қол жеткен соң ғана бұл сырды айта бастаған ардагер ұстаз бүгінде Алашорда үкіметіне атасы мен әкесінің қатысы барын мақтан тұтады.

Көршілес облыстан келген экспедицияшылар Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейіне, аудандық кітапханаға естелік кітаптар сыйға тартты.

Шынар МОЛДАНИЯЗОВА