Азаматтарға арналған үкіметтің Алматы қалалық филиалына жаңа басшы тағайындалды

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрайымы Әсемгүл Балташева Алматы қалалық филиалының ұжымына жаңа директор Данияр Қырықбаевты таныстырды.

«Алматы – еліміздегі ең ірі мегаполис. Мемлекеттік қызметтерді алушылар да өте көп. Корпорация арқылы көрсетілетін қызметтердің 10 % осы шаһардың еншісінде. Сондықтан халыққа сапалы қызмет көрсетіп, мемлекеттік қызметтердің электрондық форматтағы қолданысын арттыру үшін аянбай еңбек ету керек. Данияр Қырықбаев осы жұмысты жоғары деңгейде орындайды деп сенемін», – деп атап өтті корпорация төрайымы.

Әсемгүл Балташева жаңадан тағайындалған филиал директорымен бірге қаладағы Бостандық және Түрксіб аудандарының Халыққа қызмет көрсету орталығы мен мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысты.

Данияр Қырықбаев 2007 жылы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Қаржы» мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын банк саласында бастап, «Қазақстан темір жолы» АҚ қаржыландыру бөлімінде бас маман болып жалғастырған. Кейін ҚР Парламент сенатының аппаратында, ҚР Жоғары сотында қызмет еткен. 2016 жылы «Жоғарғы сот әкімшілік ғимаратының дирекциясы» ЖШС директоры болған. Филиал директорлығына тағайындалмас бұрын Алматы қаласының соттар әкімшілігіне жетекшілік еткен.

Айта кетейік, бүгінде Алматы қалалық филиалына қарасты 8 ХҚО, 5 мамандандырылған ХҚО мен миграциялық ХҚО, сондай-ақ жер кадастрын жүргізу, жылжымайтын мүлікті тіркеу, әлеуметтік төлемдерді есептеу бөлімдері  жұмыс істейді. Филиалда жалпы 1500-ден астам жұмысшы қызмет етеді.