«Азаматтарға арналған үкіметте» консультативтік-кеңесші кеңесінің бірінші отырысы өтті

Мемлекеттік корпорация аясында құрылған консультативтік-кеңесші кеңесінің құрамына Парламент Мәжілісінің депутаттары, қоғамдық қайраткерлер, блогерлер мен бизнес және IT-қауымдастығының өкілдері, сондай-ақ «Азаматтарға арналған үкіметтің» өкілдері кірді.

Отырыс барысында мүшелері төраға ретінде Парламент Мәжілісінің депутаты Майра Айсинаны сайлады.

«Бұл кеңес азаматтарға мемлекеттік қызметтер ұсыну үрдісін дамыту мақсатында құрылды. Қоғам қайраткерлері мен блогерлер осындай алаңда өз ойларын ортаға салып, қазақстандықтарға қызмет көрсету сапасын көтеруге өз үлестерін қоса алады. Мұндай отырыстар азаматтар үшін маңызды»,- деді Айсина.

Кеңес кезінде мемлекеттік корпорацияның басқарма төрағасы Абылайхан Оспанов «Азаматтарға арналған үкіметтің» биыл атқарған қызметінің нәтижесімен таныстырып, алдағы жылға жасалған жоспар жайлы айтты.

«Біздің мақсатымыз азаматтар мен мемлекет арасындағы мызғымас көпірге айналып, мемлекеттік қызметтер алуды барынша қолжетімді, қарапайым және оңай ету»,- деді ол.

Сондай-ақ, консультативтік-кеңесші кеңесінің бас қосуында келесі отырыстардың кестесі бекітіліп, мемлекеттік қызмет көрсету саласын дамыту үшін қоғамдық талқылауды қажет ететін тақырыптар тізімі жасалды.