Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Павлодар облысына жұмыс сапарымен келді

Өңірге жұмыс сапарымен келген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев облыс орталығындағы электролиз және мұнай-химия зауытарының жұмысымен танысты.  Қазақстан электролиз зауытында аймақтың мемлекеттік органдары мен ірі кәсіпорындарының басшыларымен кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдарды  таза ауыз сумен қамту, экологиялық қауіпсіздік және жастарды қолдау мәселелерін ерекше назарға алуды тапсырды.

– Тәуелсіздік жылдарында Ертіс өңірінің экономикалық әлеуеті едәуір  жақсарды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев жұртшылықпен кездесуінде. – Павлодар облысы еліміздің өндірістік және энергетикалық орталықтарының біріне айналды. Елбасымыздың бастамасымен жүзеге асырылған индустрияландыру бағдарламасының арқасында 1 триллион теңгеге 90-нан астам жоба іске асырылды. 9,5 мың жаңа жұмыс орыны ашылды.

Президенттің айтуынша, облыстың өндірістік әлеуетін нығайтуға алюминий кластері айтулы үлес қосуда. Сондықтан ол Павлодарда салынатын электролиз зауытының екінші кезеңіне үлкен үміт артады.

– Бұл жоба 2023 жылға дейін 150 миллиард теңгеге инвестиция тартуға мүмкіндік береді, – деді Мемлекет басшысы. – Алюминий өндірісі екі есеге артып, бір жарым мың жаңа жұмыс орыны ашылады. Жобаны белгіленген мерзімде аяқтау керек. Жобаның жүзеге асырылуын жеке бақылауыма аламын.

Бұдан кейін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Павлодар мұнай-химия зауытына барып, кәсіпорынның ағымдағы қызметімен танысты. «ПМХЗ» ЖШС бас директоры Оспанбек Əлсейітов Президентке зауытта аяқталған жаңғырту мен өндірістік көрсеткіштері туралы ақпарат жеткізді.

– Жаңғырту жобасын іске асыру нәтижесінде 2017 жылғы желтоқсанда Павлодар мұнай-химия зауытында изомерлеу және нафтасплиттер кешені мен күкірт өндіретін қондырғылар кешендері жаңадан салынды, – деді Оспанбек Əлсейітов. – Сонымен қатар, қолданыстағы өндірістік қуаттылықтар қайта жаңартылды. Мұнайды бастапқы жəне терең өңдеу кешендері, сондай-ақ баяулатып кокстеу қондырғысы жаңғыртылды. Осының арқасында каталитикалық крекинг қондырғысының шикізат көлемі 1350 мың тоннадан 1868 мың тоннаға дейін артты.

Оспанбек Əлсейітовтің айтуынша, зауыттағы технологиялық бизнес үдерістерін жүргізу əдістеріне өзгеріс енгізіліп, цифрландыруға баса назар аударылды. Мəселен, өндірісті оңтайландыруды жоспарлаудың Spiral Plan жүйесі іске қосылды. Нəтижесінде кəсіпорынның операциялық шығындарын үнемдеуге қол жеткізілді.

Сонымен қатар, өңірге жасаған жұмыс сапары барысында Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдің белсенді жастары мен Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушыларымен кездесіп, олардың жобаларымен танысты.

Әлихан Рахметоллаұлы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған