Аяқтан шалуды қашан қоямыз?!

1Елімізде 20 жылдан бері өз жұмысын жүргізіп,  білім нәрімен сусындатып келе жатқан Қазақ-түрік  лицейлерінің қазіргі халі дауға айналып, өршіп тұр. Қазақтың қазақ екенін дәлелдейтін ұлтын сүйген ұлан емес пе? Атаулы  лицейді  бітірген түлектер еліміздің жан-жақты қызмет салаларында жұмыс атқаруда. Елін, жерін ойлап, ұлтжандылықпен әр саланы көркейтіп үлес қосуда. Бұдан артық не қажет? 

Бұл мақаланы жазуыма себепкер болған SkifNews.kz ақпараттық порталында жарияланған «ҚТЛ  Білім министрлігіне қараса, онда Кatev-тің керегі не?» атты мақала. Мақала авторы Серғали Балажан мырзаның нақтыланбаған ақпараттарды жеткізуі, оқырманға күмән беруі, ел аузындағы кейбір өсек-аяңды зерттеп зерделемей таратуы журналист мәдениетіне сын деп ойлаймын. «Атың шықпаса жер өрте» дегенді ғана байқауға болады. Олай болса Серғали мырзаның мақаласына өз тәжірибемнен келген нақты жауабымды ұсынбақпын.

Мен осы Қазақ-түрік лицейіне жас маман болып жұмысқа орналастым. Алғаш келгенімде көп сұрақтар мазалайтын еді. Ұл мен қызды бөліп оқытудағы мақсат не?  Неге басқа мектептердей 1–сыныптан ктл2қабылданбайды? т.б дегендей. Міне, 10 жылдан бері көкейдегі сұрақтарыма зерделеп жауап алдым. Қыз балаға берілер тәлім-тәрбие басқа, ұл баланың тәрбиесі басқа екенін салт-дәстүрімізден де білеміз. Бірақ қаншалықты қолға алдық? Қаншалықты іске асып келеді? деп  өзімізге-өзіміз сұрақ қойсақ та артық етпейді. 70 жыл бодандықта жүріп, қазағым «қызға қырық үйден тыюын» ұмытты. Талтаңдаған талай қазақ қызының қылықтарын көрсең, төбе шашың тік тұрары ақиқат. «Баланы жастан, қатынды бастан» демекші, қыз баланың тәрбиесін жастайынан байқап, ұяңдық пен ұятты үйрету мақсатында бөліп, жете мән беріп тәрбиелеуін мақұл көрдім.  Сонда ғана кеше күндей баланы туып көкектей көшеге лақтырар ананың азаяры сөзсіз. «Ал енді 1- сыныптан бастап неге қабылданбайды?» деген сұраққа келер болсақ. Баланың өзге тілді қабылдау  сана сезімі 12-13 жастан бастап қалыптасады екен. Жаһандану дәуірі деп 1362652685_12-бастауыш сыныптан бастап бала санасын өз ана тілімен сусындатпай жатып, өзге тілмен дүбәра етеміз. Сөйтіп алып ана тілімізді асқақтатамыз дейміз-ау. Өзге тілді меңгеруге кеш қалып жатқан баланы көрмедім. Оған дәлел — өз алдыма келген әрбір оқушы.  Осы жасқа дейін ағылшын және өзге тілдерді білмеген ауыл баласы 3 айдан соң-ақ жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде оқып жатқанына көзім жетті. Осы күні көпшілікке мүмкін емес болып көрінген, әлеуметтік резонанс туғызып отырған «Үш тілділіктің» бұл мектептерде орнығып, жүйелі түрде жұмыс жасап келгеніне жиырма жылдың да жүзі болғанын білерсіздер.

Сондай-ақ «тәрбиеші не бітіреді» деген де сынау айтылды. Тәрбиеші — балаға жақын ең бірінші баспалдақ. Оқушыларға жетінші сыныпқа қабылданғаннан бастап он бірінші сыныпқа дейін әдептілікті, тәртіпті, ізеттілікті үйрететін осы тәрбиешілер. Баланы уақытын дұрыс қолдана білуге үйретіп, сабақты меңгеріп жатқанын қадағалап, түсінбеген сұрақтарына жауап беру міндеттелген. Баланың әлеуметтік деңгейін де қадағалай отырып, «оқушы, ата-ана, мұғалім» үшбұрышындағы үйлесімді қамтамасыз ететін де осы — тәрбиешілер. Жасыратыны жоқ, қазіргі уақытта баласының білімі мен тәрбиесіне мән беріп жатқан ата-ана некен-саяқ. Қарапайым көрініс: кешке жұмыстан сүрініп келген ата-ана баласына сыйластықты үйретпек түгел, көңіл бөліп, жағдай сұрауға шамасы жоқ.  Қара кешке дейін көше безіп қараусыз қалған жасөспірімдер қылмыстың құрығына ілігуде. «Тәрбиесіз берілген білім — адамзаттың қас жауы» деп Әл-Фараби айтқандай, белгілі бір жүйемен баланы білім мен тәрбиеге ұштастыру орынды. Жатақхана мәселесіне келсек, мектепке қабылданғаннан бастап оқушылар осы  орында жатады. Бала өз жауапкершілігін алып, қоғаммен араласу, көпшіл болу, өз алдына шешім қабылдауды, сенімділікті, ұйымшыл бола білуді үйренеді. «Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді» дегендей үлкен ауызбіршілікті осы жерден үйренеріне күмәнім жоқ. Осы жатақхана орнына жатқыза алмай орын жетпей кезекте тұрған қаншама ата-ана болды. Жатақхана мәселесіне таңданыспен қарағанына жол болсын. Кезінде талай оқу орнының интернаттары ақын-жазушылардың қызықты әңгімелері мен романдарына арқау болғанын білеміз.   Жатақхана қара нанын қақ жарып жеп, сабағына уақытылы дайындалып, дарындылығын шыңдай түскен ұл-қыздың жетістікке жетуіне күмән келтіресіз бе? 

Жалпы лицей жұмысы стандартқа сай мемлекеттік бағдарламамен жұмыс жүргізуде.  Десек те автор мақаласында Жанар Жонтаеваның журналисттерге арнайы берген  сұхбатын сөз ете келіп, «KATEV» деген қор  бұл жерде сиырдың бүйрегіндей болып не бітіріп жүр?» деген сауалына келетін болсақ, қызық болған  «KATEV» Халықаралық қоғамдық қорының жалпы жұмыс барысымен таныстырып  кеткім келді.  «KATEV» Халықаралық қоғамдық қоры 1993 жылы құрылып, лицейлерге білікті маман даярлау, әдістеме жұмыстарын жүйелеу, оқулықтар мен оқу құралдарын жасау, қабылдау емтихандарын бір орталықтан бақылау жұмыстарымен айналысып келді. Сондай-ақ мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мақсатында мектеп оқушыларының арасында  Республикалық деңгейде «Жарқын болашақ» қазақ тілі олимпиадасын жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырып келеді. Жыл сайын «KATEV» Халықаралық қоғамдық қоры Түркияның астанасы – Анкара қаласында 100-ден астам мемлекеттің өнерпаздарының қатысуымен өтетін өнер додасына оқушыларымызды дайындап, олардың биік шыңнан көрінуіне жағдай туғызуда. Біздің оқушыларымыз қазақ халқының салт-дәстүрін бейнелейтін сахналық көріністер көрсетіп, домбыра мен қобыздың шанағынан күй төгілтіп, мың бұралған биші қыздарымыз ұлттық би билеп, көрерменнің көзайымына айналды. Олардың өнеріне тәнті болу арқылы жиылған қауым қазақ халқының бай өнері мен мәдениетіне қанығып жатады.

 IMG_8061«Жарқын болашақ» қазақ тілі олимпиадасы биыл елорда төрінде «Халықаралық тіл және мәдениет фестивалі» болып айрықша тойланды. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына 1- мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай әлемнің 25 мемлекетінен түрік лицейлерінде білім алып жатқан өнерлі өрендердің басын қосып, халықаралық деңгейде  әлем түстерін көрсеткендей  думанды аталып өтті. «Жарқын болашақ» олимпиадасының 42 жүлдегеріне еліміздің жоғары оқу орындарының білім гранттары табысталды.Халықаралық «KATEV» қоғамдық қорының  тікелей қолдауымен өтетін аталмыш олимпиадаға биылғы жылы көршілес елдерде өмір сүріп жатқан  қандас бауырларымыз да қатысып, ел-жұртқа оралып,  білім алуларына жағдай жасалғанын айтып өткім келеді. Айта берсең, бұл қордың жасап жатқан іс-шарасы  жетерлік. Осындай еңбектің арқасында  жетістіктерге жетуде десек те артық айтпаған болар едік. Автор дәл осындай тілді дамытуға үлес қосып жатқан қанша қорды біледі екен? 

Әр қазақ баласы — ашылмаған бір құпия кітап, дарын иесі. Бала бойындағы қабілетті аша түсіп, еңбек ететін ұстаздың шеберлігі  қолындағы кілті емес пе?  Бұл жерде әр баланың тәрбие мен біліміне жете мән беріп, талайды бағындырған ұстаздардың  жауапты еңбегін де айта кету керек.  Дарындыларды жинап алу емес маселе, сол  ашылмаған гүлдерді бағып-қағып, бағбаны бола білу. Қазірде ең жоғары ҰБТ корсеткіші,  көк туды өзге елге желбіретіп абырой әперіп отырған осы лицей түлектері екені баршаға мәлім. Биылғы жылы ҚТЛ-ды  1634 бала тәмәмдаған. ҰБТ- бойынша орташа балл 102,3 балл болды. ҰБТ-2016 қорытындысы бойынша барлық ҚТЛ «Республиканың үздік 100 мектебі» тобына кіргенін де айта кету керек. Соңғы үш жылда ҚТЛ оқушылары 5327 медаль  ие болып, соның ішінде 986-ы Бразилия, Оңтүстік Корея, Қытай, Румыния, Канада, Грекия, Грузия, Германия, Жапония елдерінде өткен Халықаралық олимпиадалар алған. ҚТЛ-ді бітірген әрбір білімді түлек қазақтың сойылын соғып қазақшыл болып отыр дегім келеді.

Жалпы менің ұстаз ретінде айтарым көп. Атаулы мектепте жас маман болып  бастап, қазіргі күнде басқа салаларда қызмет етіп жүрсем де, сол дәріс берген шакірттерім әлі күнге хабарласып тұратыны мені қуантады. Әр шәкіртім менің көз қуанышым.  Елінің- патриоты. Түбіміз — түрік, дініміз ислам халықпыз. Бұл елден жамандық келмесі ақиқат. Анау жатқан Қытайдан қорқу керек. 20 жылдан бері елімізге өз үлесін қосып келе жатқан білім ордасын қараламай, жақсы жағын да көре білген жөн. Қазақ деген атымызды асқақтатып, туымызды талай әлемдік олимпиадаларда көтергеніне куәміз. Астарлы кейбір саясат ойындарына мастанып, ішкен құдығымызға түкірудің қажеті жоқ. Өз елімізді білімді ұрпақ ғана көтереді. Қазақ десек, өзімізге келіп тиеді, қашан аяқтан шалуды қояр екенбіз…

 Мамедалиева Айман Илясқызы