АВТОЖОЛ АҚЫСЫН ӨНДІРУДЕН ӨЗГЕ ШАРУАНЫ КІМ АТҚАРАДЫ?

“ҚазАвтоЖол” мекемесі ел-елде, жер-жерде қоғамдық тыңдаулар өткізіп жатқаны мәлім. Атап айтсақ, Алматы облысында «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық транзит дәлізінің «Алматы-Қорғас» бөлігінде ақы өндіру жүйесін енгізу жобасы, «Қапшағай-Талдықорған» автомобиль жолының учаскесінде, республикалық дәрежедегі төрт автожолы бар Ақмола облысында (екеуі ақылы, қалған екеуін биыл ақылы жүйеге енгізбек) осы акционерлік қоғам мен әлеуметке ортақ мәселе түсіндірілді. Сонымен бірге «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-на жеңіл автокөлік иелері үшін Қазақстан Республикасының барлық аумағында ақылы жолдарды пайдалануға жылдық лимитсіз абонемент қызметін іске қосу т.б. ұсыныстар енгізілді.
Алайда халықтың барлық тобының, соның ішінде көлік жүргізушілердің үніне құлақ асуға не кедергі? Айталық, барлық ақылы учаскелерде жол қозғалысы қауіпсіздігін (әсіресе, қыс мезгілінде) қамтамасыз етудің өзектілігі жөнінде неге аз айтылады? Жаңа құралдар мен жол белгілерін қою туралы, соның ішінде жүргізушілерге түнгі уақытта көмегі тиетін арнайы қондырғылар мен жарық шағылыстырғыштардың, жабайы және үй жануарларынан, қорғайтын қоршау жүйелерінің жеткіліксіздігін кімнен жасырамыз? Тіпті, бар нәрсенің өзі, яғни жол қозғалысына қатысушылардың трафигі мен жылдамдығын мониторингілеу смарт-жүйелерінің тиімділігі неге насихатталмайды?
Сондай-ақ, ақылы жолдарда тәулік бойы 1403 нөмірлі call-орталықтың жұмысы, оған жүргізушілер ұялы немесе стационарлық телефоннан тегін қоңырау шалып, ақылы автожолдарға қатысты сұрақтарға жауап алудағы іркілістер неге талқыланбайды?
Қоғамдық тыңдаулар барысында жергілікті тұрғындар, тиісті мамандар көкейкесті экология мәселесіне неге көңіл бөлмейді?
«Өткеннен тәлім ал» деген,
кеңес тұсында жол бойы ағаштар қаз қатар егілгеніне куә болмаған адам жоқ шығар. Аптап ыстықта сая болған, суыққа да төзімді сол қалқан ағаш бүгінгі күнге дейін жеткенін де ел жақсы біледі. Ал салынып жатқан жаңа жолдар құрылысы жекелеген аудандарда сол ағаштар мен талдарды түп-тамырымен жоюға сеп болғаны өкінішті-ақ. Бүгінгі таңда сайлауалды бағдарламасын іске асыру бойынша жол картасын жасаған “Nur Otan” партиясы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен бірге бес жылға жоспарланып отырған 2 миллиард ағаш, тал егіп, көшет отырғызудың бір бөлігін жол жиектеріне арнаса деген ұсынысымыз бар. Әрине, оны өсіріп-баптаудың заманауи, тиісті технологиялары сақталуы тиіс. Жол қапталдарын көгалдандырудың, жасыл желекке бөлеудің қаншалықты қажеттігін айтудың өзі артық. Өйткені, экологияның да сұрауы бар.
Ал жол бойындағы, демалыс орындары мен тұрақтардағы қоқыстарды жинау сапасының төмендігі, кемпингтер мен өзге де қызмет көрсету нысандарының маңы сын көтермейтін күйде қалып отырғаны алаңдатады. Жалпы, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы ақылы жол өтетін өңірлердің жұртшылығы алдында есеп беру тәжірибесін енгізу де артық болмас еді. Осы тұрғыда, меншік түріне қарамастан өзге де жол бойындағы мекемелердің жауапкершілігі нақтылануға тиіс деп ойлаймыз.
Жоғарыда айтылғандарды ескермесе, соңғы кезде
“ҚазАвтоЖол” ақылы автожолмен ғана айналысатын, аталған шаруаны шиырлаудан шаршамайтын мекеме деген атқа қалары сөзсіз.
Енді кеңестік өмірден алынған бір тәмсілді айта кетейік.
Біреу: «Көшенің екі қапталына неге қалың тал, ағаш егіп тастаған?» деп сұраса, қу тілді замандасы:
«Зауыт- фабрикалар мен өркениет ошақтарымызды шетелдіктерден, бөтен адамнан жасыру үшін егілген”, — дейтін көрінеді…
Әрине, бұл тәмсіл жабық ел халқының қиялын көрсетсе де, ащы сарказмды тұспалдайтын.
Шын мәнінде, әсемдігі емес, атмосфераға бөлетін оттегі үшін бағалы, дауыл мен боранда қорғаныш болуға жарайтын жол бойындағы ағаштардың көптігі — халықтың көптігіндей, игі ниеттің тұтасқанындай құбылыс. Жаратқан ие бір-бірімізге, әсіресе елдік іске сондай қажет және қорған болуды, берекелі істің көптігі мен жақсы ниеттің тұтастығын жазсын.
Дархан МЫҢБАЙ,
Мәжіліс депутаты,
фейсбук парақшасынан