Авторлық құқық әділ қорғалуы керек!

ҚР Әділет министрлігінің назарына

Өнер иелері, өнертапқыштар, жалпы жаңалық ашушылар авторлар болып саналады. Ғылыми жаңалық ашқан адамдар өздерінің авторлық патенттерін алып жатады. Өнер иелері: суретшілер, архитекторлар, драматургтер, киносценарийшілердің авторлық құқықтары өздерінің өкілетті басқару органдары арқылы қорғалады. Жазушылар мен ақындардың құқықтары баспаларға берілген мемлекеттік тапсырыс бойынша кітаптары жоспарланып, кітап болып басылып шығуы арқылы қорғалады, яғни сол жерден тиесілі қаламақылары беріледі.

Ал композиторлардың әндері мен оларға жазылған ақындардың өлеңдері (мәтіндері), либереттолары Қазақстан авторлары қоғамы арқылы қорғалады. Демек, өнер адамдарының негізгі күнкөрісі — олардың шығармалары, содан түсетін қаламақы, сыйақылары.

imagesӨткен күнге көз жүгіртер болсақ, ХІІІ-ХІХ ғасырларда өмір сүрген әншікомпозиторлардың құқықтары арнайы құрылған ешқандай ұйым, қоғамсызақ халық арқылы қорғалып отырған. Мәселен, Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Сегіз сері, Мәди, Әсет, Естайларды ауыл-ауыл арнайы қонаққа шақырып, әндерін рахаттана тыңдап, қайтарында астарына ат мінгізіп, үстеріне шапан кигізіп, алдарына малдарын салып отырған. Демек, халық өнерді өте жоғары бағалай білген. Бір жағы сол кездегі әнші-композиторлар әнді өздері шығарып, оған өлеңді өздері құрастырып, әндерін өздері орындап отырған.

Мына біздің дамыған қоғамда өнер жетіліп, сала-салаға бөлініп кеткен. Әр саланың авторлық құқығын қорғайтын ұйымдар, қоғамдар құрылған. Мәселен, композиторлар мен олардың шығармаларына мәтіндер мен либереттолар жазатын ақындардың құқығын халықаралық стандартқа сай 1997 жылы ҚР Әділет министрлігі арқылы құрылған Қазақстан авторлары қоғамы (ҚазАҚ) қорғап келеді. Ал, әншілер жайлы айтар болсақ, олардың құқығын «Қазақконцерт», Филармония, опера және балет секілді өкілеттігі бар органдар, мекемелер қорғайды.

Айта кететін тағы бір жайт, әншілер той-томалақтарға барып ән салып та күндерін көре береді. Ән шығаратын композиторлар мен мәтін жазатын ақындар олай ете алмайды. Олар тек ҚазАҚ қоғамы арқылы 0FKqX7cf6dQжиналған қаламақылары арқылы ғана тіршілік жасайды. Қоғаммен келісімшартқа отырып, шығармаларын пайдаланатын «Қазақ» радиосы мен телеарналары және мейрамхана, тойхана секілді өзге де ұйымдардан сыйақы-қаламақыларын жинауға рұқсаттарын берген жерлерден түсетін сыйақыларымен жап-жақсы өмір сүріп келе жатыр еді. Алайда ҚР Әділет министрлігі 1996 жылы бекіткен «Авторлық құқық пен сабақтас құқықтар жөніндегі» Заңға 2009 жылы аккредитация институтын толықтыру ретінде кіргізіп жібергелі бері қоғамнан береке, авторлардан маза кетті. Өйткені авторлардың тұрақты алып келе жатқан қаламақылары күрт кеми бастады. Өйткені ҚР Әділет министрлігінің заңның 46-1 бабына енгізген «Әділет министрлігінен аккредитация алған қоғам өзімен шартқа отырса да, отырмаса да, авторлар үшін олардың шығармаларын пайдаланатын мекемелерден қаламақы жинай беруге құқылы» деген толықтыруы даудың басты айқайына айналып отыр.

Осы баптың салдарынан Қазақстан Республикасы аумағында 2009 жылы Әділет министрлігінен аккредитация куәлігін алған «Абырой», «САП» (Союз авторов песень), «Демеу» (кейін аккредитациясы алынған) деген ұйымдарға қоса 2015 жылы «НСП» (Национальный Союз Правообладателей), «КОУПИС» атты ұйымдар авторлардың рұқсатынсыз қаламақы жинауға кірісті. Бұл қоғамдардың пайда болуы авторлар қаламақысының мөлшерін мүлде төмендетіп жіберді. Өйткені жиналған қаржы отандық авторларға да, шетелдік авторларға да төленбей, жаңа құрылған қоғамның өз пайдасына жұмсалып жатыр. Тым болмаса «жиналған қаламақыны авторларға төлеп берейік, бізбен шартқа отырыңыздар» деген ҚазАҚ (Қазақстан авторлары қоғамы) ұсынысын да қабылдар емес. Әлемнің 142 еліндегі 2 миллионнан аса авторлар құқығына екіжақты келісімшарт жасау арқылы өкілеттілік етіп, екіжақты келісімшарт негізінде 3000-ға жуық отандық авторлардың мүліктік құқығын қорғаумен 20 жылға жуық айналысып келе жатқан ҚазАҚ мүшелігіндегі авторлардың қаламақысын заңсыз жинап, одан өз пайыздарын бөліп алумен шектеліп отыр. Иесі табылмаған қаржыдан пайыз алудың өзі заңға қайшы. Бүкіләлемдік тәжірибені жоққа шығарып, авторлардың қалтасын қағып отырған 46-1 бап әлдекімдер үшін өте тиімді болып тұрғаны ғой.

Осыншалықты заңбұзушылықты көріп отырып, тексеріп, заңсыздықты анықтаудың орнына, керісінше, Әділет министрлігінің жасырып-жабуға тырысуы, ешқайсысына тоқтау салмауы, алты бірдей баптың талаптарына қайшы келіп тұрған 46-1 бапты осыншама уақыт қорғап шыр-пыры шығуы, тіпті, 2012 жылы Бас прокуратураның тексеруімен жиналған қаржының 95 пайызын өз қажетіне жұмсап қойған қоғамдар анықталса да, оларға шара қолдану орнына, аккредитация куәлігін қайта тапсыруы Әділет министрлігіндегі сыбайлас жемқорлықтың әбден өршігенін дәлелдеп тұрғандай. Ең сорақысы, жаңа ашылған қоғамдардың жасап жатқан заңсыз тірліктеріне тыйым салу жөніндегі авторлардың талаптарына «сотқа беріңдер, прокуратураға шағымданыңдар» деген сілтеме хат жазып қойып, қарап отыруы. Сонда, өздерінің бүлдірген ісін өзгенің түзетуіне сілтей салатын неғылған министрлік бұл!? Авторлық қоғамдардың сот пен прокуратураның екі ортасында шапқылауы қашан тоқталмақ!? ҚазАҚ авторлардың құқығын қорғай ма, жоқ әлде заңдағы қателік үшін бар уақытын соттасуларға жұмсай ма?

Отандық авторлық жүйеге ғана емес, бүкіләлемдік тәжірибеге кесірін тигізіп отырған бұл мәселеге өз қарсылықтарын білдіріп, америкалық ВМІ, Канада, Франция, Ұлыбритания, Румыния, Армения, Украина, 12498823Ресей сынды бірнеше шетелдік ұйым басшыларынан К.Мәсімов, Қ.Тоқаев, Е.Ыдырысов, А.Мырзахметовтердің атына тікелей хаттар келіп түскен. Осы хаттарды негізге ала отырып, авторлар түйінделген мәселені жиырмаға жуық Парламент депутаттарының назарына да ұсындық. Олар мәселені шешуді Әділет министрлігіне табыстапты. Әділет министрлігі бұдан қорытынды шығарудың орнына, ендігі жерде авторлармен жазбаша шарт жасау жүйесі мүлде жойылуы мүмкін деп отыр. Әділет министрлігінде өткен (03.06.2016 ж.) басқосуда бұл ашық жария етілді. Олай болған күнде авторлар өз қаламақысын бұдан былай кімнен талап етпек? Жиырма жылға жуық әлемдік тәжірибелерді жинақтап жүріп қалыптасқан жүйені, мемлекетіміздің өзі мүше болып отырған үш бірдей конвенция талаптарын жоққа шығара салатын бұл неткен құдірет!? Бұл автор құқығын қорғау емес, қорлау!

46-1 баптың автор құқығын қорғау саласына тигізген екінші үлкен залалы, автор шығармасын пайдаланушы мекемелермен (театр, концерттік мекемелер, көңіл көтеру мекемелері т.с.с.) арадағы көп жылғы үздіксіз еңбектенудің нәтижесінде қалыптасқан жұмыс жүйесі бұзылған.

Өзге қоғамдардан алға озып, осы саладағы үздік атану үшін жолбике қоғамдар автор шығармасын пайдаланушы мекемелерге «демпингілік» арзандатылған ұсыныстар жасауға көшкен. Бұл — бәсекелестік copyrightемес, бақталастық, күндестік,тікелей авторларға жасалып отырған қиянат. Жалпы, ҚазАҚ-қа аккредитация институтының еш қажеті жоқ. Қазақ «бөлінгенді бөрі жейді» десе, Абай: «басбасына би болған өңкей қиқым, мінеки, бұзған жоқ па елдің сиқын» демей ме? Онсыз да бар күнкөрісі шығармашылық қаламақысына қарап отырған 20 жыл бойы авторлардың құқығын қалтқысыз қорғап, тындырымды жұмыс істеп келе жатқан ҚазАҚ қоғамын бөлшектеп талан-таражға салғанда не мұратқа жетеміз? Авторлар енді қалай күн көрмек!? Төзімі таусылған авторлар 2012 жылғы шілде айында орысша, қазақша үш газеттің бетінде («Айқын», «Литер», «Президент және Халық») Республика Президенті Н.Ә.Назарбаевтың атына ашық хат жариялауға мәжбүр болдық. Өкініштісі сол, одан да ешқандай қорытынды жасалмады. 2009 жылдан бастап Парламенттегі екі палатаның Төрағасына, еліміздің Бас прокурорына, Әділет министріне хат жолдап, ешқандай нәтиже шығара алмадық. Жазған хаттардың бәрі Әділет министрлігінің қадағалауында болғандықтан, соларға ұсынылады. Осының бәрін көріп-біле отырып, 2014 жылы бұл кереғар бапты алып тастауға қарсы шығып, Парламентте де, Сенатта да барын салған Әділет министрлігі болса, не үміт, не қайыр!

Республика заңына көпе-көрнеу енгізіп, автор құқығын аяқасты етіп отырған бұл келеңсіздікті түзету жөніндегі жанайқайымызға осы күнге дейін ешкім құлақ аспай келеді. Бір топ өнер мен әдебиет қайраткерлері соңғы рет үміт артып, 22.06.2016 ж. мәселені шешу жөнінде Әділет министрлігі Зияткерлік меншік жөніндегі департаментіне талабымызды қойдық. Сөз сөйлеген өнер қайраткерлері: Серік Еркінбеков, Жоламан Тұрсынбаев, Серік Тұрғынбеков және мен, басқа да азаматтар авторлық құқықтың әділ қорғалуы жайындағы ойларын ортаға салдық. Департамент бастығы Естаев Абзал мырза авторлардың айтқандарын ықыласпен ден қоя тыңдады. Соған қарағанда, дұрыс шешім шығарады деп үміттенеміз. Көкейкесті талаптарды мүлде ескерусіз қалдырып келген биліктің қылығы бұл күнде мәдениет қайраткерлерін қатты ашындырып отыр. Республика заңының аясында көшеге шығып, өз наразылығымызды білдіруден басқа амалымыз қалмаған секілді. Өз жайымды айтатын болсам, ҚазАҚ қоғамы құрылған күннен оның тұрақты мүшесімін, қоғам кеңесі құрамында да белсенді қызмет атқардым. Әнге жазылған барлық мәтіндерімнің құқығын қалтқысыз қорғап келеді.

Бір кездері «Алдавай» әншілер тобы менің «Жар-жар» әнімнің:

Осы өмірге лайық отты жағып, жар-жар,

Келеді, әне, екі жас топты жарып, жар-жар.

Үлкені мен ауылдың жасы мұнда, жар-жар,

Жас келінді көруге асығуда, жар-жар, — деген мәтінін өздерінше:

Мы казаки не дураки,

Любим вкусные тамаки:

Бауырсаки, бешбармаки,

Куырдаки и араки, — деген қайырма қосып айта бастады. Тіпті, видео кассета мен клип те түсіріп, тарата бастады. Мен авторлық құқығымды бұзып, ұлттық намысымды қорлағаны үшін, «Алдавайдың» бұл теріс қылықтарын айтып, ҚазАҚ қоғамына шағымдандым. Алайда ұйғыр жігіттерінен құрылған әншілер тобы қазақтарды әдейі қорлап жатыр деп, олардың ұлттық намыстарына тиіскен жоқпын. ҚазАҚ менің авторлық құқығымды қорғап, «Алдавайға» тиесілі шара қолданып, видео кассеталары мен клиптерін қолданыстан алдыртып тастады. Еселері кетіп жатқан өзге де авторлар болса, олардың құқықтары да осылай қорғалып келеді.

«Жар-жар» демекші, бұл ән 1959 жылдың күзінде жерлес бір досымның үйлену тойына арналып шыққан еді. Жамбыл облысының Талас ауданынан бір топ жастар оқитынбыз. Институттың соңғы курсында бір досымыз үйленетін болды да, сен өлең жазып жүр едің ғой, беташар, жар-жарды жаңаша жазып көрсейші деді. Ол кезде түймелі машинка болатын. Сонымен көбейткіш (копирка) қағаз арқылы өлеңімді үш-үштен 9 дана етіп бастым да, той басталардың алдында 4-5 жігіт дайындалып, айтып шықтық. Өлеңнің даналарын сұраған басқа жігіттерге таратып бердік. Әрине, мақам халықтікі болғанымен, мұңлылау, созылмалы болатын. Оны біз сол жерде сахнаға лайықтап, ритмін жылдамдатып, жаңаша жасадық. Содан келесі бір тойға барсақ, әлгі менің өлеңімді жігіттер қайталап айтып тұр. «Жар-жар» көпшілікке қарапайым жолмен осылай тарап кеткен еді. Алайда көпшілік көпке дейін «Жар-жарды» халықтың әні деп жүрді. Халықтың кәдесіне жарап жатса, оған мен қуанбасам, ренжігенім жоқ. Тек 2003 жылы ғана ҚР Әділет министрлігіне «Жар-жардың» авторы екенімді дәлелдей жүріп, авторлық куәлігімді алдым.

Сол «Жар-жардың» айтылып келе жатқанына биыл 57 жыл болыпты. Қазақстанда кемінде мың ауыл бар шығар. Оларда өтіп жатқан үйлену тойлары тек «Жар-жармен» басталады. Әр тойдан маған 100 теңгеден ғана қаламақы түсетін болса, мен әлдеқашан байып кетер едім. Бірақ оларды есепке алып, кім тіркеп жатыр дейсің? Мен «Жар-жарымның» халықтың кәдесіне жарап, орындалып жатқанының өзіне дән ризамын.

ҚазАҚ-қа тіркелген авторлар өздеріне тиесілі қаламақыларын уақтылы алып келеді. Менің өз басым ай сайын қоғамнан орташа қызметкердің орташа жалақыларынан кем ақша алып көрген емеспін. Мәселен, жуырда жекеменшік баспалардың бірінен таза поэзиялық шығармалардан тұратын 10 томдық шығармалар жинағымды өз ақшама шығардым. Өз ақшам дегенде, ҚазАҚ қоғамынан алып тұрған қаламақым ғой. Егер мемлекеттік тапсырыс бойынша шығарамын десем, оны жоспар бекітілгенше кемінде 2-3 жыл күтуім керек және 10 томды бірден жоспарға қоса да қоймайды. Әрі жоспармен шыққан кітапқа жарытымды қаламақы да төленбейді. Сондықтан ҚазАҚ қоғамының авторларға жасап келе жатқан қамқорлығына дән ризамын. Сол үшін де ҚазАҚ қоғамының қалтқысыз жұмыс істеуіне, ҚР Әділет министрлігінің «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» заңындағы 46-1 бапты бұрынғы қалпына келтіріп, авторлар құқығының әділ қорғалуын қамтамасыз етуін өз атымнан да, өзге авторлар атынан да талап етемін.

Абдрахман АСЫЛБЕК,

ақын, сатирик