Аузына түкірту

Бұл – қазақтардың ертеден келе жатқан ырымы. Олар батырлар мен билерге, ақындарға, тағы да басқа атақты адамдарға баласының аузына түкіртіп алатын болған. Бұл ырым баламыз сондай адамға ұқсап, өнегелі болсын дегеннен туған. Баласының аузына бір адамға түкіртсе, жеткілікті.
Босаға майлау
Жастар шаңырақ құрғанда немесе жаңа үй алғанында жақын туған-туыстары келіп жаңа үйдің босағасына май жағу салтын жасайды. Ол осы үй берекелі, майдай жұғымды, көптің үйі болсын деген ниеттен туған. Босағасын майлаған адамға шаңырақ иелері кәде береді.
Баланы ұшықтау
Баланы ұшықтау — аластап емдеудің түрі. Көз тиіп не суық тиіп, астан ұшынып ауырған баланы, көнекөз қариялардың айтуынша, ұшықтап емдеудің бірнеше түрі бар. Кесеге су құйып, оның ішіне жеті тал қара бұрыш салып, анасы баланы сыртқа шығарып ұстап тұрады немесе өзі отыра алатын бала болса өзін отырғызады да, баланы айнала жүріп, бұрыш салынған суды ұрттап балаға бүрку арқылы ұшықтайды. Ұшықтай жүріп «көзі тигеннің көзі шықсын, тілі тигеннің тілі кесілсін» деп көзі тиген адамға қарғыс сөздерін бағыштап айта жүреді. Әбден кеседегі су таусылғанша осылай бірнеше қайталап ұшықтап, содан соң «ауруды саттың ба?» деп сұрайды, баланың анасы «саттық, саттық» деп тез арада үйге кіреді. «Ауруын сатты» деп баланы жеңсізінің етегімен қағып-қағып жіберіп, кесені жерге төңкеріп тастайды. Баланы жатқызып үстіне жеті киім жабады. Біраздан соң бала терлеп, ауруынан айығып кетеді. Абайсызда құлаған баланы шошынудан, пәле жабысудан сақтау үшін баланың құлаған жеріне алақанын тигізіп, сонан соң «ұшық, ұшық, тәңірім, бәледен сақтай гөр, көзге көрінер-көрінбес пәледен сақтай гөр» деп, алақанын баланың ауырсынған жеріне тигізеді. Осылай үш рет қайталайды.