Ауызбіршілікпен салынған ауыл клубы

Батыс Қазақстан облысы Қазталов ауданындағы Сатыбалды елді мекенінде Тұңғыш Президент күні қарсаңында ауыл клубы пайдалануға берілді. Ортақ іске жұмылған ауыл тұрғындарының күшімен салынған мәдени нысан енді көпшіліктің қуаныш-мерекеде бас қосатын құтты орнына айналары сөзсіз.

Көктерек ауылдық округіне қарайтын Сатыбалды ауылы – аудан орталығынан шалғайда жатқан елді мекендердің бірі. Ауылдық клубтың ашылу салтанатына қатысқан Қазталов ауданының әкімі Альберт Есалиев тұрғындарды құттықтап, ауылдық клубқа музыкалық құрылғы табыс етті. Сонымен қатар клубтың құрылысына қолдау көрсетіп, қаржы бөліп, ғимараттың көңілден шығуына өз үлесін қосқан жергілікті кәсіпкер, аудандық мәслихат депутаты Руслан Сарбаевқа Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиевтің алғыс хатын тапсырды.

Жергілікті тұрғындар ежелгі қазақы дәстүрге сай асарлатып іргетасын қалаған нысанның барлық жұмыстары ортақ ауызбіршілікпен атқарылған. Оған қоса ауылдағы атқамінер азаматтар мен белді кәсіпкерлер де қарап қалмай, қолдан келген көмектерін аямапты. Ғимараттың құрылысына бір кісідей үлес қосқан құрылысшы, сатыбалдылық азамат Абай Хасанов аудан әкімінің алғыс хатына ие болды.

Алпыстан астам түтіні бар Сатыбалды елді мекеніндегі клубтың ашылу салтанаты санитарлық талапқа сай ұйымдастырылып, келген меймандар ауыл өнерпаздарының концерттік бағдарламасын тамашалады.

Ауылдық клубтың меңгерушісі Тілеухан Төлеуғалиевтің айтуынша, жаңа клуб ғимаратында сахна, көрермен залы және кітапхана жасақталған. Ауылда клубтан өзге негізгі білім беретін мектеп және дәрігерлік амбулатория бар. Қазталов аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ернар Галимов Көктерек ауылдық округінде бір мәдениет үйі және екі ауылдық клуб жұмыс жасайтынын жеткізді.

 

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Батыс Қазақстан облысы