АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫ ЖЕКЕ СҰРАҚТАРЫМЕН ҚАЙЫРЫЛЫП, ТҰШЫМДЫ ЖАУАПТАР АЛДЫ

«AMANAT» ПАРТИЯСЫ ЖАМБЫЛ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ МОБИЛЬДІ ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУЫ ТАЛАС АУДАНЫНДА ӨТТІ.

 

Талас ауданында өткен шарада партия облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ермұхамед Жұмабек, Қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Үміт Ибраимова және бірқатар облыстық басқарма өкілдері, облыстық, аудандық мәслихат депутаттары мен жергілікті атқарушы билік өкілдері, мекеме басшылары, заңгерлер ауыл тұрғындарын жеке сұрақтары бойынша қабылдады.

Мобильді қоғамдық қабылдау әуелі Ақкөл ауылдық округінде өтіп, тұрғындар көкейкесті сауалдарына тұшымды жауаптар алды.

Мұндағы тұрғындар бұрыннан қордаланып келе жатқан көгілдір отын мәселесін көтерді. Аталған мәселе бірден аудан басшылығына жеткізіліп, назарға алынды. Кеңес уақытында аудан орталығы болған ауылда қараусыз қалған ғимараттар да бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналған.

Бұл проблема қоғамдық қабылдау барысында жауапты сала мамандарына жеткізілді. Ол бойынша алдағы уақытта құзырлы орган өкілдері жұмыс жүргізетін болады. Бұдан өзге ауыл халқы жаңа аурухана соғу, мұғалімдер мен дәрігерлердің біліктілігін көтеру, баспана мәселесін көтеріп, тұшымды жауаптар алды.

Келесі кезекте қоғамдық қабылдау Ойық ауылдық округінде ұйымдастырылды. Аталған ауылдық округке қарасты Көктөбе, Сейілбек, Жаңатұрмыс ауылдарының да тұрғындары жеке мәселелерімен қайрылып, мәселелерін жауапты сала мамандарына жеткізуге мүмкіндік алды. Бұл ауылда да күн тәртібінен түспейтін көкейкесті мәселелер бар екен. Атап айтқанда, кей тұрғындар мүгедектік алу мен тұрғын үйді заңдастыру кедергілерге тап болған. Қоғамдық қабылдау барысында мәселелерін сала мамандарына тікелей жеткізіп, шешуге мүмкіндік алды. Сол секілді мұндағы мектеп пен мәдениет үйіне жөндеу жұмыстарын жүргізу де кезек күттірмейтін мәселе. Бұл проблема партия назарына алынып, құзырлы орган өкілдеріне жеткізілді.

Аудандағы қоғамдық қабылдау шарасы Кеңес ауылдық округінде өтті. Онда Бөлтірік шешен, Көшек батыр ауылдарының халқы елді мекендегі түйткілді мәсеелерді көтеріп, шешілу жолдарын қарастырды. Ауылдық округте интернет дұрыс істемесе, жарық мәселесі өз шешімін табуы тиіс. Сол секілді ауыл халқы футбол алаңшасын жөндеп, ауыз су мәселесі шешілсе деген тілегін де жеткізді.

Осылайша, облыс орталығынан шалғай жатқан ауылдық округтердің 100-ге жуық тұрғыны 50-ден астам сұрақтары мен өтініштері жолданып, заң шеңберінде жауаптар берілді.

Amanat партиясы Жамбыл облыстық филиалы