«Ауыл аманаты»: Жерге – тыныс, елге – ырыс

Жарқын жоба

Алла нәсіп еткен ғибратқа толы ғұмырын ұрпақ тәрбиелеу мен шығармашылыққа арнаған «Qazaqstan dauiri» қоғамдық-саяси газетінің Бас директоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Журналистер одағының мүшесі, «Елана» қоғамдық-әлеуметтік, танымдық-ақпараттық сайтының жетекшісі, қаламын татулықтың сиясына батырған Сәуле Мешітбайқызы бүгін Жамбыл ауданына сапарлап келіп, ауылшаруашылық иелерімен  танысып, зиялы қауым өкілдерімен кездесу өткізді.

Сексеннің сеңгіріне қарай адымдаған анамыздың ауданға бұл келуі бірінші рет емес. Өйткені жыл сайын, тек біздің ғана өңірді емес барлық облыстарды аралап, жақсылықтарын жария етуді үрдіске айналдырған апамыздың бұл ерлігін мойындамасқа болмас.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауы аясында «Аманат» партиясы, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі, «Қазақстан дәуірі» газеті, «ЕлАна» қоғамдық, әлеуметтік-танымдық сайтының бірлескен «Ауыл – ел бесігі» атты экспедициясымен де талай жерді аралап, ауылдардың ажарланып, өсіп-өркендеуіне қосқан үлесі ерек. Осы жолы Еланасын барынша құрметтеп, Жамбыл ауданының кіре берісінен құшақ толы алқызыл гүлдермен күтіп алған аудан әкімінің орынбасары Мақпал Сатыбалдықызы  және ішкі саясат бөлімінің басшысы Теміржан Серікұлы  ауданның алға ұстар қарияларымен біргелікте жол бастап жүрді. Жұмыс сапары барысында Жамбыл ауданының шаруашылық саласы бойынша бірқанша ақпаратттарға қанық болдық.Аталмыш аудан облыс орталығы Тараз қаласын қоршай орналасқан. Ауданның жалпы аумағы 430,9 мың гектар. Ауданға қарасты 17 ауылдық округтегі 42 елді мекенде 88 126 халық тұрады. «Ауыл аманаты» жобасы 2019-2023 жылдар аралығында аудандағы 6 ауылдық округтің 15 елді мекеніне 5 бағыт бойынша  несие беріліп, 1219 жоба іске асырылып, 474 жұмыс орны ашылды. Үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалану бағыты бойынша 2009 ауладағы 227 гектар жер игерілді. Осы бағыт шеңберінде 3 жылыжай бой көтеріп, өз өнімдерін өткеруде.Мал шаруашылығын дамыту бағыты бойынша 924 ауыл тұрғыны 30 мыңға жуық мал басын сатып алды. Жобаның нәтижесінде 6 ауылдық округ бойынша төрт түлік мал саны 88 мыңнан 117 мың басқа жеткен. Тұрғындардың ауыл сыртындағы жерін тиімді пайдалану бағыты бойынша 15 568 гектар жер игерілді. Кооперативтерді жабдықтау және құру бағытымен 6 ауыл шаруашылық кооперативі құрылып, 44 дана ауыл шаруашылығы техникалары алынды. Үй іргесінде ауыл шаруашылығы жеке кәсібін ашу бағыты бойынша 5 жоба іске асырылған. «Ауыл аманаты» жоба аясында округтерде жеке кәсіпкерлер саны 504 тен 1 319 ға жетті. Атаулы әлеуметтік көмек алушылар — 271 отбасыға кеміді. Ал, 2024 жылы «Ауыл аманаты» жобасының 5-ші бағыты «Тұрғындардың өз кәсібін ашуға немесе кеңейтуге арналған шағын жобалары» аясында ауданда 187 жоба қаржыландырылуға ұсынылған.

Бүгінгі күнге жобаның 5-ші бағыты бойынша  Айшабибі, Ақбастау, Аса, Бесағаш, Жамбыл ауылдық округтерінде 15 жеке кәсіпкер несие алған. Жарқын жобаның жемісін көрген жамбылдықтармен кездесу Қарасу ауылдық округінде жалғасты. Қарасу ауылдық округі Тараз қаласының солтүстік батысында 35 шақырым қашықтықта орналасқан. Аудан орталығы Аса ауылынан 10 шақырым қашықтықта жатыр.         Ауылдық округке Ащыбұлақ, Шайдана елді мекендері қарайды. Округ бойынша 2062 халық тұрады. Басқосуға жиналған қарасулықтар жүздесу барысында үлкен әсер алды. Кездесуде Сәуле Мешітбайқызы ұлт пен ұрпақ тәрбиесі туралы ой өрбітті.

  • Біз бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлуіміз қажет. Қазіргі заманғы әлеуметтік желі бала тәрбиесіне деген кері әсерін тигізіп барады. Балаларды мейірімділікке, инабаттылыққа, бауырмалдыққа бағыттауымыз керек. Ұлттық құндылық әр отбасында болу керек, – дей келе өзекті мәселелерге тоқталды.

Өз кезегінде ауылдықтар өздерінің толғандырған сауалдарды қойып, облыс орталығынан арнайы барған ауылшаруашылық маманы нақты жауаптар берді.Ал, осы ауылдың тұрғыны ҚР журналистер одағының мүшесі, ауданның Құрметті азаматы Сансызбай Бертайұлы сөз сөйлеп, Еланасының аралауынан алар пайда көп екенін, көптеген жанға көмегі мен жәрмеді тиіп жатқандығын, ұлттың жанашырымен қатар елдің әл аухатын көтеруге қосқан үлесінің шексіз екендігін тілге тиек етті..

Сапар барысында жеке кәсіпкер «Нұржас» шаруақожалығында болдық. Онда Данияр Керімқұловпен тілдескенде, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауларға риашылығын, соның нәтижесінде қаншама ел еңсесін тіктеп, көшін алға сүйреп кеткендігін айтты.  Алғыстан өзге айтары жоқ шаруашылықтың мал басын көбейтіп жатқандығын көріп көңіл сүйсінді. Тура осындай ахуал «Сәтбек» шаруақожалығында да көзге түсті. Сәтбек Тәженұлының айтуынша өткен жылы ғана құрылған шаруашылық бұл күнде бір ізге түсіп келе жатқандай. Қора толы қойды көріп, алдағы жоспарымен бөлісті.

Дариха ҮМБЕТИЯРОВА, журналист

Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы