Ауылға ауыз су келді

Су – тіршілік көзі. Қоғамдағы барлық тіршілік салалары үшін су ресурстарының маңыздылығын айтып жатудың өзі артық болар. Сондықтан, мемлекет тарапынан аудан аумағында ауыз су мәселесі жыл өткен сайын оң шешімін тауып келеді. Күрмеуі қиын мәселе мемлекеттік бағдарламалар аясында сәтті жүзеге асырылуда.
Өткен жылдың қыркүйек айында орталықтандырылған ауыз сумен қамтылмаған 9 елді мекенге республикалық және облыстық бюджеттен 2,6 млрд. теңге қаралып, ауыз су имараттары мен су бұру жүйелерінің құрылыс жұмыстары басталған болатын. Солардың төртеуі Астана күнінің 25 жылдығына орай, ел игілігіне ұсынылса, соның бірі – Жаңатұрмыс ауылдық округінің Жібек жолы елді мекені болатын.
Еліміздегі айтулы мереке күні аталған елді мекенде су қабылдау имараттары мен су құбыры желілерінің құрылысы аяқталып, жергілікті халықтың игілігіне ұсынылды.
Шараның салтанатты ашылуына қатысқан аудан әкімі Бақыт Қазанбасов жергілікті жұртты құттықтап, билік өкілдерінің тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтуға ерекше көңіл бөліп отырғандығын және ел игілігі үшін мұндай шаралардың әлі де жалғаса беретіндігін жеткізді.
Өз кезегінде ауыл тұрғындары атынан ардагер Бейсен Жүзгенбаев сөз алып, биылғы жылда ауылдық округтегі оң өзгерістерді атап шықты. Ауыл халқын сапалы ауыз сумен қамту ісіне бастамашы болған облыс, аудан, ауылдық округ әкімдеріне шынайы алғысын білдірді.
Дәстүрге сай, ауыз су ғимаратының лентасы қиылып, су қондырғылары іске қосылды. Келген қонақтар сүзгіден өтіп, екі жүз метр тереңдіктен тартылып алынған таза ауыз судың дәмін татты.
Астана күні мерекесіне байланысты аудан бойынша Тегістік ауылдық округінің Сарыбарақ елді мекенінде, Ботамойнақ ауылдық округінің Байзақ елді мекенінде, Бәйтерек ауылдық округінің Тегістік елді мекенінде су қабылдау имараттары мен су құбыры желілерінің құрылысы аяқталып, жергілікті халықтың тұтынуына берілді.

Байзақ аудан әкімдігінің баспасөз қызметі