Ауруханада мұғалім болу да абырой

Бала күнімде бұғанам сынып, Тараз қаласындағы бір ауруханада ұзақ жатып ем-дом қабылдағаным бар. Сол кезде бір-екі мұғалім ауруханадағы өзіміз секілді балаларға сабақ бергені есімде. Кейін ауылға келіп, мектепке барып жүргенімде артымнан «оқыды» деген тілдей қағаз келген. Сол кезде сынып жетекшім әлгі анықтаманы сыныптастарыма көрсетіп, «Бұл бала қарап жатпай ауруханада оқыған екен, көрдіңдер ме балалар!» деп, оқушылардың алдында мерейімді бір өсіріп тастағаны бар еді.

Оны мемлекетіміздің ауруханада жатқан науқас балалардың мектеп бағдарламасынан қалып кетпеуі үшін көрсетіп отырған қамқорлығы екенін ер жеткенде білдік қой. Десе де бұл Кеңес үкіметі ыдырап, еліміз тәуелсіздік алғанына бар-жоғы 1-2 жыл болған кез-тұғын. Одан бері сынаптай сырғып қаншама жылдар өтті. Тәуелсіздіктің ақ таңы атқан алғашқы жылдарда елімізді қаржы дағдарысы тығырыққа тіреп, әрі уақыт талабымен талай мекеме, талай жүйенің құрдымға кеткені баршаға мәлім. Осы орайда «елдегі білім беру жүйесінің ауруханадағы балаларға деген дәл осы қамқорлығы жойылып кетпеп пе екен?» деген ой келді көкейге. Осы ой жетегімен тиісті мекемелерге хабарласқан едік, қоғамда «Аурухана педагогтері» әлі де бар екен. Тараз қаласы әкімдігінің білім бөлімі үздіксіз білім беру секторының меңгерушісі Айгүл Байназарова өңірде денсаулығына немесе оқыс жағдай салдарынан ауруханаға жатқызылатын балалардың оқуын жалғастыруына мүмкіндік тек Тараз қаласында берілгенін айтады.
– Облыстың кез келген ауданындағы балалар Тараз қаласындағы біз сабақ беретін тиісті ауруханаларға жатқызылса, олардың оқуын ауруханаға жататын уақыт қажет етсе, мұндай оқушыларды ауруханаға барып сабақ беретін мұғалімдер оқытады. 2021-2022 оқу жылында денсаулығына байланысты емделіп жатқан балаларды ауруханаларда оқыту қазіргі таңда жүйелі жүргізілуде. Тарқата айтқанда, Жамбыл облыстық көпбейінді балалар ауруханасына Тараз қаласындағы №9 орта мектеп пен Шона Смаханұлы атындағы №44 орта мектеп бекітілген.
Жалпы, 354 оқушы оқу жылының басында тіркелген. Оның ішінде 106-сы қалалық ауруханада, 113-і облыстық, 13-і жұқпалы, 22-сі жүйке ауруханасында. Аталған емдеу мекемелерінде Ш.Смаханұлы атындағы №44 орта мектептің 92, ал №9 орта мектептің 40 мұғалімі жұмыс істейді.
Ауруханадағы оқушылар 2021-2022 оқу жылында №9 орта мектептің білім беру ұйымынан тыс уақытша білім алушыларға арналған үлгілі оқу бағдарламаларымен білім алады. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің әр жылдардағы бұйрығы негізінде енген қосымшалар бойынша бастауыш білім берудің үлгілі оқу жоспары басшылыққа алынады.
Жамбыл облыстық психикалық жүйке ауруларының диспансерінде 2020-2021 оқу жылына арналған жұмыс оқу жоспары Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің «Жалпы білім беру ұйымының бастауыш, негізгі және орта білім беру түрлері бойынша қызметінің үлгілік қағидаларын бекіту» туралы бұйрығын басшылыққа алып жасалды.
2021-2022 оқу жылына Қазақстан Республикасы орта білім беру ұйымдарында оқу-тәрбие процесін ұйымдастырудың ерекшеліктері туралы әдістемелік нұсқау хатында жазылғандай бірнеше пунктер басшылыққа алынды. Сондай-ақ аталған министрліктің бастауыш, негізгі орта жалпы білім берудің үлгілі оқу жоспарын бекіту туралы өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы бұйрықтары да басшылыққа алынады, – дейді Айгүл Тоқтыбайқызы.

Осы орайда біз жалпы 35 жыл жұмыс өтілі болса, соның денін ауруханаға барып сабақ беріп өткерген ұлағатты ұстаздың бірімен тілдестік. Ол №9 орта мектептен Жамбыл облыстық көпбейінді балалар ауруханасына бекітілген ұстаздың бірі, математика пәнінің мұғалімі – Сандуғаш Сапарғалиева. Жас маман ретінде ұстаздық жұмысын 1987 жылы Сарысу ауданы, Түгіскен ауылындағы орта мектепте бастап, екі жылдан кейін Тараз қалалық №2 орта мектепте 9 жыл еңбек етіпті. Одан кейін қазіргі №9 мектепке ауысып, содан бері табан аудармай 24 жылдан бері ауруханада ұстаздық етіп келеді.
– Ауруханада жатқан балаларға сабақ беретін мұғалімнің педагогтік кәсіби даярлығына жоғары талаптар қойылады. Ондағы ұстаз баламен, ата-анамен, медицина қызметкерімен тығыз қарым-қатынас орнатуы керек. Мұғалім баланың бұрын сабақ үлгерімі қай деңгейде болғанын, оқу бағдарламасын қаншалықты игергенін, топтық сабақтарға қатысқан-қатыспағанын, балаға қандай қолдау қажет екенін зерделеуі тиіс.
Оқушының қысқа уақытта жедел әрі сапалы білім алуына жағдай жасап, тіпті өзі оқыған мектепте үлгерімі нашар болса, қатарға қосылатындай қабілетін ашу да біздің басты міндетімізге жатады. Егер бала хирургия бөліміне түсіп, оған ота жасалған болса оған палатада жеке сабақ өткізіледі. Бала бастауыш сынып оқушысы болса, соған сай оқыту технологиясын қолданылады. Мәселен, «ойын» технологиясы бастауыш сынып оқушысы үшін өте тиімді. Ол ойын-ойнау арқылы білімін жетілдіріп, көңіліне қуаныш ұялаған соң шабыттанатын болады. Осы тектес әр сынып оқушысы әртүрлі технологиямен оқытылады. Жалпы, біздің мектептің ұстаздары қысқа мерзімде білім алатын оқушының бойындағы ерекшелігін зерттеп, соған байланысты сабақ өту үдерісін де ұйымдастырады.
Ауруханада сабақ бергеннен бөлек, мектептегі өтетін іс-шараларға атсалысып, педкеңеске қатысып тұрамыз. Мектептің оқушылары арасында да ашық сабақтар, сабақтан тыс шаралар, семинар-кеңестер, конкурстар өткіземіз. Әр 5 жыл сайын санатымызды көтеріп немесе растап отырамыз. Балалардың тоқсан сайынғы демалыстарында мектепте болып, құжаттарды реттеп, келесі тоқсанға дайындаламыз, – дейді Сандуғаш Құдайбергенқызы.
Ауруханаға денсаулығына байланысты балалардың бірі келіп, бірі кетіп жататыны белгілі. Десе де С.Сапарғалиева күнделікті оншақты балаға сабақ береді. Жоғары сынып оқушыларын оқытатын ұстаз «Балалар бізден алған білімі бойынша өз ортасына бірдеңе үйреніп барса, біз үшін сол үлкен жетістік» дейді.
Облыстық көпбейінді балалар ауруханасында ем алып жатқан пациенттің бірі – Ақмарал Ережеқұлова. Меркі ауданы, Меркі ауылында тұратын ол 2-сыныпта оқиды. Аталған ауруханада қызымен 8 сәуірден бері жатқан оның анасы Разия Шавгиқызының айтуынша, мұнда мұғалімдер күнделікті келіп, сабақ беріп жүр. Ол қызының мектептегі сабағынан қалса да, оқу бағдарламасынан қалмағанына қуанышты.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ