Аудандық монолог оқу байқауы
«Ұшқыны Ұлы Жеңістің» атты аудандық монолог оқу байқауы өтті.
«Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы аясында, Сарысу ауданы әкімдігінің қолдауымен Сарысу аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай аудандық «Ұшқыны Ұлы Жеңістің» атты монолог оқу байқауы өтті. Байқау 30 қыркүйек күні аудандық кітапханадағы «Коворкинг» орталығында ұйымдастырылды.
Бұл тағылымды шараның мақсаты – Ұлы Жеңісті дәріптеу, батыр бабалардың ерлігін жас ұрпаққа үлгі ету, жастарды елжандылық пен патриоттық рухқа баулу, сондай-ақ көркем сөз оқу мәдениетін арттыру болды.
Байқауға аудан бойынша 24 үміткер қатысып, Ұлы Отан соғысы тақырыбында әсерлі монологтар орындады. Қатысушылар өздерінің орындаушылық шеберліктерімен, сахналық бейнелеу қабілеттерімен, тыңдарманға әсерлі жеткізе білуімен ерекшеленді.
Байқауда әділқазы мүшелері айтыскер ақын Талғат Құсайнов және аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры, Жамбыл облысы мәслихатының депутаты Жолмаханова Айтбала Абухасқызы төрелік етті.
Қазылар алқасының шешімімен үздіктер анықталды:

Бас жүлдені – Саудакент ауылынан Б. Адамбаев атындағы тірек орта мектебінің 9-сынып оқушысы Асыл Айғаным иеленді.
І орын – Жаңатас қаласынан М. Әуезов атындағы мектеп-гимназиясының мұғалімі Жақсыбекова Арайлым жеңіп алды.
ІІ орын – Жайлаукөл ауылдық кітапхана қызметкері Құдайберген Мейрамкүл және Саудакент ауылдық кітапхана қызметкері Керімбекова Балнұр иеленді.
ІІІ орынмен – Арыстанды орта мектебінің 6-сынып оқушысы Бадиров Юсуп пен Жайылма ауылындағы Жастар ресурстық орталығының қызметкері Досалиева Әсел марапатталды.
Барлық қатысушыларға арнайы аудан әкімінің атынан дипломдар мен алғыс хаттар табысталып, үздік өнер көрсеткен жеңімпаздарға естелік сыйлықтар берілді. Сонымен қатар, жас буынның патриоттық тәрбиесіне қосқан үлестері үшін байқау қатысушыларына алғыс білдірді.
Шара соңында ұйымдастырушылар мұндай рухани-мәдени байқаулардың жастардың отансүйгіштік сезімін қалыптастырудағы маңызы зор екенін атап өтті.

