АУДАНДА ГРЕК-РИМ КҮРЕСІНЕН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ТУРНИР БАСТАЛДЫ

Бүгін ауданымызда Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері Әшім Қосыбайұлын еске алуға арналған грек-рим күресінен 2010-2011 және 2012-2013 жылы туылған жасөспірімдер арасында VII-ші Республикалық ашық турнир басталды.
Турнирдің ашылу салтанатында Жаңатас қаласы әкімінің міндетін атқарушы Талғат Төлебаев сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Еліміздің түкпір-түкпірінен жас спортшылар келіп қатысатын, биылғы жылы жетінші рет өткізіліп отырған бұл Республикалық турнирдің ауданымызда спортты насихаттауда, салауатты өмір салтын қалыптастыруда, сондай-ақ, республикалық деңгейдегі үздік спортшыларды анықтауда ықпалы зор екендігіне тоқталды.
Бұдан кейін Әшім Қосыбайұлының баласы Мұхтар Әшімұлы сөз алып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеп, турнирді ұйымдастырушылар мен келген қонақтарға әулеттің атынан алғысын білдірді.
Екі күнге созылатын турнирге Алматы, Түркістан, Жетісу, Ақтөбе, Қызылорда, Жамбыл облыстарынан, Алматы, Атырау, Шымкент, Тараз, Жаңаөзен қалаларынан және Сарысу ауданынан 320 жас спортшылар қатысып, бақ сынауда.