АУДАНДА ЕКПЕ САЛУ ЖҰМЫСЫ ҚАЛАЙ ЖҮРГІЗІЛУДЕ?

Ауданымызда COVID-19 вирустық инфекциясына карсы екпе салу жөніндегі жұмыстар сәуір айында басталды. Аудандық ауруханасының қызметкерлері алдын ала аудан тұрғындарына коронавирус инфекциясының алдын алу және
вакцина салу туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келеді. Вакцинация ерікті түрде жүргізіледі. Вакцинация — COVID-19 вирустық инфекциясымен күрестің ең тиімді жолы болып табылатыны жайлы дәрігерлер халыққа жан-жақты айтуда.Аудан бойынша екпе салдырту жұмыстарының қарқыны жаман
емес. Аудандық орталық аурухананың тәжірбиелі – дәрігерлері А.Қазангапова, С.Жүнжумаев, Е.Бейсенбек, М.Жексенбайлар келген науқастардың қан-қысымын өлшеп, денсаулығын бақылап, тексерсе, екпе мейірбикелері Жанна Түсіпбекова мен Ақмарал Кулибекова екпе жұмыстарын жүргізуде. Бүгінгі таңда «Спутник V» вакцинасын салғызған ауылдық округтер мен елді мекендердегі халықтың саны төмендегідей болып отыр. Мойынқұм ауылы бойынша -1105, Бірлік ауылы -189, Айдарлы ауылы- 156, Ұланбел ауылы-105, Көкжелек ауылы -96, Мыңарал ауылы -90, Құмөзек ауылы- 85, Биназар ауылы-85, Қылышбай ауылы- 79, Шығанақ ауылы- 75, Жамбыл ауылы -70, Мирный ауылы -70, Күшаман ауылы-42, Қияқты ауылы -42, Хантау ауылы -40, Қарабөгет ауылы- 36, Сарыөзек ауылы-31, Назарбеков ауылы-28, Ақсүйек ауылы-24, Ақбақай ауылы бойынша -2 адамға екпе салынды. Мәліметте көрініп отырғандай Ақбақай, Мыңарал ауылдық округіне қарайтын ауылдарда бұл жұмыс енді қолға алынды. Жалпы аудан бойынша бүгінге дейін үш мыңға жуық адамға екпе салынды. Осы аралықта халық ішінде денсаулығына шағым айтқан немесе дәрігерге жүгінген науқас анықталған жоқ. Қазақстанда жұқпалы ауруларға, оның ішінде коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинация тегін, ерікті түрде және вакцинациялауға ниет білдірген адамның ақпараттандырылған келісімімен жүргізіледі. Біздің Жамбыл облысында коронавирус індетіне шалдыққандар саны күн өткен сайын артып келеді. Мұндай жағдай біздің ауданымызда да тіркелгені жасырын емес. Ал енді оның алдын алуымыз қажет. Аталған аты жаман індеттен арылудың бірден-бір жолы екпені алу екені белгілі болды. Сондықтанда екпе салдыруға асығайық. Сондай-ақ санитарлық талаптарды қатаң сақтауымыз қажет, сонда ғана бұл індеттен арылатын боламыз.

Т. Рыстанбаева, аудандық орталық ауруханасының

бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары.