Аудан әкімі тұрғындарға есеп берді

Президент Жарлығына сәйкес аудан әкімі Ернар Есіркепов Құлан ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады, тұрғындардың сұрақтарына жауап берді. Сондай-ақ жиын барысында Ернар Серікәліұлы ауданның экономикалық-әлеуметтік көрсеткіштерін атап өтті.

Талай жылдан бері сөз болған Малдыбай ауылына жаңа мектеп құрылысын салу мәселесі биыл шешімін тапты. Қазіргі таңда Малдыбай ауылында «Жайлы мектеп» жобасы аясында құны 1 миллиард 600 миллион теңгені құрайтын жаңа мектептің құрылысы басталып кетті.

Одан бөлек аудан аумағынан шалғай жатқан Қайынды ауылында жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт соғылып, ол жақында ғана пайдалануға берілді.

Соңғы 1-2 жылда аудан аумағындағы ауылдық округтерде спорт кешендері салынып жатыр. Мәселен, бұған дейін Көгершін, Ақыртөбе, Рахым Сәбденов ауылдарында жаңа спорт кешенінің құрылысы салынып, халық игілігіне пайдалануға берілген болатын. Дәл осындай спорт кешенінің құрылысы Жаңатұрмыс ауылында да салынып жатыр.

Сондай-ақ Жаңатұрмыс ауылында жаңа мәдениет үйінің құрылысы, ал Қайыңды ауылдық округіне қарасты Сөгеті және Мамай ауылдарына жаңа су іркуіш имараты мен ауыз су жүйесінің құбыры жүргізіліп жатыр.

1974 жылдан бері жөндеу көрмеген Құлан ауылындағы И.Панфилов көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйлерге де биыл «Тұрғын үйді жаңғырту» бағдарламасы аясында құрылыс жұмыстары жүргізіліп, үйлердің төбесі жабылды.

Кездесудің «Сұрақ-жауап» кезеңінде тұрғындар тарапынан қайтарымсыз грант, жер теліміне қол жеткізу, көше жарығын орнатып, көше жолын жөндеу, қаңғыбас иттерді аулау және жұмыспен қамту сынды мәселелер көтерілді.

Жиын соңында аудан әкімі тұрғындарды жеке де қабылдап, көтерілген мәселелер заң талаптарына сәйкес шешілетінін атап өтті.

М.Жолдасбекұлы,

журналист