Атырау облысында Кәсіпкерлер форумы өтті

Облыстық форумда бизнес пен атқарушы билік өкілдері өзара іс-қимыл жасау және орын алған кедергілерді жою мәселелерін талқылады деп хабарлайды Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Форум Атырау облысы әкімдігінің, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің, Атырау облыстық Кәсіпкерлер палатасының қолдауымен ұйымдастырылды. Форум жұмысына ҚР Кәсіпкерлік құқықтары жөніндегі уәкілі Болат Полымбетов қатысты.

Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев форум қатысушыларын құттықтап, мұндай кездесулерді өткізудің маңыздылығын атап өтті және кәсіпкерлер қауымдастығы мен атқарушы биліктің арасындағы диалог бірқатар проблемалық мәселелерді шешуге, орын алған кедергілерді жоюға көмектесетініне сенім білдірді.

— Мемлекет Басшысы Нұрсұлтан Назарбаев кәсіпкерлікті дамытуға, шағын және орта бизнесті қолдауға үлкен көңіл аударады. Мұндай кездесулер бізге тікелей қарым-қатынас жасауға, кәсіпкерлік саласындағы ең өзекті мәселелерді көтеруге мүмкіндік береді, — деді Нұрлан Ноғаев.  – Форумға  Кәсіпкерлік құқықтары жөніндегі уәкілдің қатысуы  осы іс-шараның маңыздылығын көрсетеді.

Облыс әкімінің айтуынша Атырау облысында кәсіпкерлікті қолдау бағытында көптеген жұмыстар жүргізілуде. Бұл мемлекет тарапынан қаржылай көмек қана емес, барлық қажетті мемлекеттік қызметтерді тиісті деңгейде  көрсету.

— Кәсіпкерлікті дамыту еліміздің экономикасы үшін мемлекеттің маңызды басымдылығы болып қалуда. Соңғы бес жылда жергілікті бюджеттің өзінен ғана өңір кәсіпкерлігін дамытуға 1,2 млрд теңге бөлінді.  2018 жылы бюджеттен 500 млн теңге бөлінді, оның басым бөлігі ауылдағы бизнесті дамытуға арналды. Атырау облысын мұнайлы өңір ретінде есептейді. Алайда, соңғы жылдары біз экономиканы әртараптандыруда, агроөнеркәсіптік кешенді дамытуда, өнімдерді қайта өңдеуде айтарлықтай жұмыстар атқардық, — деп атап көрсетті Нұрлан Ноғаев.

Өңір басшысы екінші деңгейдегі банктер мен ауыл кәсіпкерлері әріптестігінің күрделігін атап өтті. Көптеген ауыл тұрғындары үшін несие алу кезіндегі кепіл мәселесі шамасы келмейтін міндет болып қалуда. Осыны ескеріп, жергілікті атқарушы органдардың күшімен ауыл бизнесіне шағын несие беру үшін бірқатар бірегей бағдарламалар іске асырылуда. 2017 жылы «Бизнес Аймақ» бағдарламасы бойынша жергілікті бюджеттен 350 миллион теңге бөлінді, соның арқасында 67 бизнес жоба іске асырылып, 123 жұмыс орны құрылды. «Алтын Кеме» бағдарламасы бойынша 304 миллион теңге сомасына 13 жоба мақұлданды, 25 жұмыс орны құрылды. Сондай-ақ 2017 жылы Атырау облысында «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы бойынша 1 543,5 млн.теңге бөлінді. Жалпы алғанда 312 жоба қаржыландырылып, 1210 жұмыс орны құрылды.

Форумда сөз сөйлеген бизнес-омбудсмен Болат Полымбетов кәсіпкерлердің мәселелеріне тоқталды.

— Соңғы екі жылда кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөнінде 12 420 өтініш түсті, Атырау облысы бойынша 378 өтініш. Осы проблемалардың 90%-ы өңірлік сипатта екенін атап өткен жөн – бұлар жер алу, құрылыс мәселелері. Олар жергілікті жерлерде шешілуі тиіс. Бұл туралы біз жергілікті атқарушы органдардың өкілдеріне кездесулер кезінде айтамыз, — деді Болат Полымбетов.

Бизнес-омбудсмен жергілікті атқарушы органдарға жер учаскелерін сатып алу процесі туралы тиісті ақпаратты жариялап отыру қажеттілігін атап көрсетті.

Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев, өз кезегінде осы мәселені шешу үшін өңірде атқарылып жатқан істерге тоқталды.

— Кәсіпкерлермен кездесулер кезінде рұқсат беру құжаттарын беру, соның ішінде жер мәселелері  бойынша проблемалық мәселелер көтеріледі. Қазір біз электрондық геопортал құрудамыз, сол арқылы осы мәселелердің барлығы электрондық форматта шешілетін болады және бұл жер учаскелерімен жұмыс процесін ашық етеді, деп сендірді өңір басшысы.

                                                                                                   Атырау облысы өңірлік

                                                                                                   коммуникациялар қызметі