Ата дәстүрімізге қайтатын уақыт келді

Жапония екінші дүниежүзілік соғыста жеңілгеннен кейін барар жер, басар тау таппай тығырыққа тірелген екен. Ел-жұрт өзінің атадан келе жатқан салт-дәстүрінен жерініп, жаппай американдық өмір сүру салтына ауыса бастаған. Сондай бір қалың ел дағдарысқа түсіп, не істерін, қалай боларын, қайтіп дамитынын білмей дағдарған тұста әлгі Юкиа Мисима бір топ жақтастарымен Токио телеарнасын басып алады.

Тікелей эфирге шығып, өздерінің мұндай әрекетке не үшін барғанын айтады. Жалпы, мазмұны мынадай: «Айналайын, халқым, жапоным. Сен кім едің? Енді кімсің? Сенің керемет салт-дәстүрің бар еді ғой. Содан неге жеріндің? Сенің тамаша тарихың бар еді, сенің ғажап әдет-ғұрпың бар еді. Соның бәрінен неге безіндің? Енді қайда барасың? Кім боласың? Мына түріңмен елдіктен айырыласың ғой. Елдігінен айырылған елде ерік бола ма? Берекесі кеткен елдің босағасы берік бола ма? Ойлан! Ойлан, жапоным! Мұндай тығырыққа тірелген сәтте бұрынғы ата-бабамыз — самурайлар не істейтін еді?

Харакири жасайтын, ел болам десең, міне, мен — еркек тоқты құрбандық! Құрбандығың болайын! Бірақ сен ақылға кел! Дәстүріңе, салтыңа қайта орал. Сонымен ғана жапонсың. Жапон болғың келмесе, жұтыласың да кетесің!» — деп, өзінің қарнын жарып жібереді.

Қып-қызыл қан. Бүкіл Жапония мұны тікелей эфирден көреді. Сөйтіп, ел есін жияды. Ата дәстүріне қайтады. Бізге өйтіп қарын жарудың қажеті болмас. Бірақ ата дәстүрге қайтуымыз керек.

 

Нұртөре Жүсіп