Астық нарығы Қытайда «нәзік тақырыпқа» айналды

Соңғы жылдары Қытайда орын алып жатқан түрлі саяси науқандар мен өзге де шулы мәселелер төңірегінде дипломатиялық және ақпараттық кеңістікте австралиялық саясаткерлер мен журналистер батыл пікірлерімен жиі көзге түсіп келеді. Кейде мұндай пікірлерден кейін екі елдің арасында бірнеше рет «ет соғысы» немесе «шарап соғысы» туылып кете жаздағаны бар. Қытай экспансиясына қарсылық танытуда, Қытай мен АҚШ-арасындағы «сауда соғысы» орын алған кездері – Аустралия елі АҚШ-пен бір майданда екендігін жасырған жоқ. Мұндай теке-тірестер мен дипломатиялық тұрғыдағы айтысулардың соңы неге апаратындығы келер күннің еншісінде. Бір қызығы әлемнің көптеген елдерінде Қытайдың әрбір қимылын, ондағы нарық пен саясатты, керек десеңіз тұтыну мен қажетсінуді жіті назарда ұстайтын сарапшылардың молая бастағандығы еді. Соның әсерінен болар, қытайтанушылардың кейбір «шулы» сараптамалары әлемдік баспасөздің «хит» тақырыптарына айналып шыға келетін болды. Осы сарында жазылған бір мақала таяудан бері қазақ тілді ортаның назарын аудара бастады. Ол 2021 жылы 17 маусым күні Аустралияның  «www.abc.net.au» сайтында жарық көрген «Grains analyst missing as China shuts down information on failed crop» (Азық-түлік аналитигі дерексіз кетті, Қытай егіс өнімдерінің құлдырағандығы туралы ақпараттарды бұғаттады) атты мақала еді. Бұл мақала жариялана салысымен Қытай тақырыбына көңіл бөлетін адамдардың назарын бірден аударып әкетті. Ал «Астық бағасы» дегенде Қытайға ауыл шаруашылық өнімдерін саудалай бастаған қазақ елі де елеңдеп қалғаны рас еді.
«Тұтқындаулар, құпиялылық және фактілерді жасыру туралы жаңалықтармен бірге Қытайдың ауыл шаруашылық саясатына қатысты шешімдері бұлыңғыр бола бастады. Мәліметтерге сәйкес, бір қытайлық астық сарапшысы түрмеге жабылған, ал екіншісі үй қамақта отырған көрінеді. Аустралиялық астық сарапшылары Қытай халықаралық бағаны төмендету үшін астық жетіспеушілігі туралы ақпаратты бұғаттауда дейді. Хабарламаларға сәйкес, Қытайдың астық өндірісі туралы есеп беретін тәуелсіз сарапшылар тұтқындалған және олардың онлайн-бизнесі Қытайдың орташадан төмен дақылдары туралы шындықты айтуына жол бермеу үшін жабылды. Қытай шенеуніктері азық-түлік бағалары туралы тәуелсіз ақпаратқа қысым жасайды. Бейжіңдегі астық туралы ақпараттар таратумен айналысатын Cofeed компаниясында жұмыс істейтін сарапшының «істі болғандығы» туралы хабарлар шықты. Шанхайдағы JCI деп аталатын тағы бір компанияның  да бір қызметкері тұтқындаған көрінеді. Қытайда ауыл шаруашылығы нарығы туралы сенімді ақпараттарға қол жеткізу қиын. Нақты жауаптарды табудың төте жолы, сенімді адамдардың пікірлері еді. Алайда аталған компаниялардың сарапшылары «істі» болды, ал компания сайттарындағы мәліметтер базасы өткен сәуір айынан бері жаңарған жоқ» делінген аталмыш мақалада. Мақала авторы Қытайдағы ауыл шаруашылығы өнімдері нарығына қатысты болжамдардың барлығы әлемдегі астық саудасына ықпал ететіндігін алға тартқан.
Соңғы жылдары Қазақстанның астығы мен майлы дақылдары да Қытай нарығына шыға бастаған еді. Ендеше Қытайдағы ауыл шаруашылығы өнімдері нарығын жіті назарда ұстау мәселесі қазақ елі үшін өте маңызды тақырыптардың бірі болмақ. Австралиялық журналистің  мақаласының ізімен біз де қытай тілді ақпарат кеңістігіндегі азық-түлік, соның ішінде дәнді дақылдар туралы мәліметтерді бір шолып шықтық.
Қытайдың ашық ақпарат көздерінде ауыл шаруашылығы өнімдері импорты және алдағы уақытқа жасалған болжамдар туралы мәліметтер жетерлік екен. Соның ішінде 2021 жылдың ақпан айында таралған мына мәліметтер көзімізге түсті. Мақала авторы дереккөзді Қытайдың Кедендік бас бақылау мекемесінен алғандығын алға тартыпты. Онда «Қытайдың  2020 жылдың қаңтарынан желтоқсанға дейінгі аралықтағы астық импорты 142,621 млн тоннаны құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 31,175 млн тоннаға өскен, яғни 27,97%-ға артқан. Сөйтіп «2020 жылы шет елдерден азық-түлік импорттауда рекордтық көрсеткішке жетті»- деген. Осы тектес ақпараттарды қорыта келгенде «Қытай жыл сайын 100 миллион тоннадан астам астық импорттайды, ал 2020 жылы рекордтық көрсеткіш 140 миллион тоннадан асты» деген ақпарат көптеп кездесіп жатты. Қытайдың Гуманитарлық ғылымдар академиясы шығарған «Қытайдың ауылдық аумақтарын дамыту туралы 2020 жылдық есебінде» алдағы уақытта Қытайда 130 миллион тоннаға жуық азық-түлік тапшылығы болуы мүмкін деп болжанған. Яғни алдағы жылдары жоғарыда айтылған рекордтық көрсеткіштер жалғаса беретін сияқты.
Қытай сарапшылары – шет елдерден енгізіліп жатқан дақылдардың басым бөлігі соя бұршағы, онан қалса жүгері екендігін айтады. Әрі бұл көрсеткіштерді еңсерудің мүмкіншіліктері мен қиындықтары туралы кеңінен тоқталған. «Әдеттегідей, Қытай 100 миллион тоннаға жуық астық импорттайды, оның 80 миллионнан астамы соя бұршағы, олар негізінен сұйық май өндіруге және мал азығы үшін қолданылады. Қытай халқы негізгі азық-түлікті өте аз мөлшерде импорттайды және негізгі азық-түлікті өзіміз өндіруді талап етеміз, бұл өзіміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қойған қызыл сызық» – дейді олар. Шындығында да қытайлардың негізгі тамағы күріштен тұрады. Олар буға піскен күрішті күніне екі-үш мәрте жеп кете беретін халық. Ал бидай ұнын негізінен солтүстік батыс аймақтарында көбірек тұтынады.
Қытай билігінің ақпарат саласына қатаң бақылау жүргізіп отыратындығы баршаға аян. Бұл саяси әлемнен бөлек, экономика, өндіріс салаларына да тығыз байланысты. Аустралиялық сарапшылардың айтқан «азық-түлік саласына сараптама жасайтын мамандардың істі болуы мен қатысты ақпараттардың бұғатталуы» олар үшін стратегиялық мәселе. Ішкі нарықтағы тұрақтылық пен халықтың көңіл-күйін орнықты ұстай білу – Қытай билігі үшін аса маңызды тақырып. Келесі бір қызық жайт – қытайлардың кейде жел сөзге оңай сенетіндігі. 2011 жылы наурыз айында Қытайдың көп жерлерінде тұздың бағасы бір-ақ күнде он есеге өсіп шыға келгені бар. Бұған ел ішіне таралған «Жапониядағы цунамидың кесірінен болған ядролық стансадағы апат. Қытайдың теңізден тұз өндіретін зауыттарын банкротқа ұшыратады да ел ішінде тұз тапшылығы туылады» деген қауесет екен. Міне осы тектес қауесеттердің ел ішінде орнықсыздық тудыруынан қатты алаңдайтын Қытай билігі жоғарыдағыдай аса маңызды астық, азық-түлік саласына жасалатын тәуелсіз сараптамаларды «нәзік тақырыптардың» қатарына жатқызуының басты себебі деп білу керек.
Қытайға астық экспорттап отырған елдердің ішінде әлемдік астық өндірісі бойынша көшбасшылардың қатарына жататын Қазақстан да бар. Алайда биыл сәуір айында Қытайға жөнелтілген бидай, арпа, зығыр тиелген вагондардың шекарадан кері қайтарылып жатқандығы туралы хабар елді елеңдеткен еді. Оған негізгі себебі: «Қытай сырттан келетін коронавирустан қауіптеніп, 2020 жылдың қараша айынан бері қарай жүк қабылдау талаптарын күшейтті» делінген болатын. Тағы бір хабарларда бұдан келіп шыққан шығындарды астық экспорттаушылар өздері көтереді делінген еді. Бұл 2021 жылдың сәуір айындағы жағдай. Ал жоғарыдағы австралиялық сарапшының «Қытайда азық-түлік нарығына сараптама жасайтын мамандардың қамалуы, дерексіз кетуі мен ақпараттардың бұғатталуы» да 2021 жылдың сәуір айына тұспа-тұс келіп тұр. Бұл екі жағдай мен Қазақстаннан жөнелтілген вагондардың шекарада айлар бойы қаңтарылып тұруы арасында қаншалық байланыс бар екендігі тереңдей зерттеуді қажет ететіні сөзсіз. Яғни Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдері экспорты Қытай нарығына белгілі деңгейде әсер ете ала ма? Қытай бұл салада қазақ еліне қаншалықты мүдделі деген мәселелер арнайы мамандардың зерттейтін тақырыбы болмақ. Себебі мұның астарында өте кұрделі байланыстар мен мемлекттік мүдделер жатқандығы баршаға түсінікті болса керек.
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ, 

Халықаралық “Qazaqstan dauiri” газетінен