Астанадағы күйші-композиторлар аллеясында домбыра мүсіні орнатылды

– Елордада дауылпаз күйші Дина Нұрпейісованың ескерткіші жанында Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы тойланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Наурыз мейрамы бата беру рәсімімен басталды. Игі шараға жиналған жұртшылыққа қала тұрғыны, еңбек ардагері Өтеген Нәсіпұлы ақ батасын берді.
Бүгін күйші-композиторлар аллеясында қазақтың ұлттық аспабы – домбыраның мүсіні орнатылды. Қадірменді мейман ретінде домбыра мүсінінің ашылу салтанатына қатысқан Халық Қаһарманы, ғарышкер Тоқтар Әубәкіров құттықтау сөз сөйледі. Ол ұлттық құндылықтарымызды және қазақтың киелі домбырасын қадірлеу мен насихаттау бағытындағы жұмыстарға бәріміз де атсалысуымыз қажет екенін айтты. Өскелең ұрпақ халқымыздың тарихы мен рухани-мәдени байлығын санасына сіңіре білуі үшін осындай бастамалар жалғасын таба беретіні жөнінде пікір білдірді.
Жиналған қауым атынан Т. Әубәкіровтің иығына оқалы шапан жабылды. Өз кезегінде Тоқтар Оңғарбайұлы көрсетілген құрметке ризашылығын білдіріп, «елімізді көркейту жолында қызмет етіп жүрген жастар халықтың алғысына бөленетін болсын» деген ниетпен өзіне берілген шапанды Астана қаласы Алматы ауданының әкімі Мақсат Саматұлына тарту етті.

«Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен Дина ескерткіші маңында музыкалық субұрқақ орнату жоспарымыз бар. Бұл жер демалыс аймағына айналмақ. 24 сағат бойы қазақ композиторларының күйлері мен әндері орындалатын болады. Әр азамат өзін Қазақ елінің азаматы екенін сезінуі үшін осындай істер қолға алынып жатыр. Өнер ұжымдарының күй тартуына арналған ашық сахна алаңын салу көзделіп отыр. Игі бастаманы қолдаған сіздерге көп рақмет», — деді «Күй анасы» республикалық қорының жетекшісі Төлеген Қуанышев.
Қоғам қайраткері, журналист Серік Ерғали халқымыз үшін Наурыз мейрамының маңызы ерекше екенін айта келіп, төл өнеріміз бен ұлттық аспаптарымызды дәріптеп, жас ұрпаққа жеткізуге бәріміз де үлес қосуымыз қажеттігін атап өтті.
Ел азаматтары күйші, композитор Дина Нұрпейісованың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор, күйші-ұстаз Орынбай Дүйсен қолына домбыра алып, Динаның «Тойбастар» күйін тартып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Ұлттық мерекеге орай, мәдени іс-шараны Астана қаласы Алматы ауданының әкімдігі, «Ұлттық мүдде кеңесі» қоғамдық бірлестігі және «Күй анасы» республикалық қоры ұйымдастырды.

inform.kz