АССАМБЛЕЯНЫҢ АЛҒАШҚЫ СЕССИЯСЫ
Көпұлтты Түркістан облысында Қазақстан халқы Ассамблеясының жергілікті бөлімдері этносаралық татулықты насихаттайтын іс-шараларды ұйымдастырып тұрады. Аудандық сессиялар да тиісті кезеңінде өткізіліп, онда алдағы атқарылатын жұмыстарға жоспарлар қабылданады.
Таяуда Сайрам аудандық Қазақстан халқы Ассамблеясының І сессиясы болып өтті. Жиынды ұйым төрағасы, аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Сержан Дүйсебаев жүргізді. Сессия жұмысына облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары, Ассамблея хатшылығының меңгерушісі Нұрсұлтан Сейтжанов, аудандық Ассамблея және үкіметтік емес ұйым мүшелері, ауылдық округ әкімдері мен бөлім басшылары, аудандық мәслихат депутаттары, зиялы қауым және БАҚ өкілдері қатысты.
«Ассамблея – еліміздегі бейбітшілік пен бірліктің берік діңгегі. Ол әр этностың мәдениеті мен дәстүрін сақтап, ортақ құндылықтар төңірегінде біріктіреді. Президент тапсырмасына сәйкес, Ассамблея этносаралық татулық пен қоғамдық келісімді нығайту ісінде негізгі рөл атқарады. Міне, бүгін Сайрам ауданында Қазақстан халқы Ассамблеясының алғашқы отырысы өтті. Бүгінде Ассамблея болашақ ұрпаққа бейбітшілік пен келісімнің өнегесін ұсынатын бірегей институт болып отыр. Алдағы жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін», – деді Н.Сейтжанов.
Күн тәртібінде аудандық ҚХА құрамы, жұмыс жоспары мен негізгі басымдықтары таныстырылды. Этносаралық қатынастарды нығайту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде айтылды. Өзекті мәселелер баяндалып, олардың алдын алу шаралары сөз болды. Сессия аясында аудандық Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің отырысы өтті. Онда аудандық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Ганишер Раимкулов пен аудандық түрік этномәдени бірлестігінің төрағасы Хусеин Пазаев көпшілік дауыспен аудандық Ассамблея төрағасының орынбасарлары болып сайланды. Кеңес мүшелері жаңадан сайланған азаматтарға сәттілік тіледі, ел бірлігін нығайту жолындағы атқарылар істердің нәтижелі болуына сенім білдірді.
Ассамблея мүшелері мен этномәдени бірлестіктердің төрағалары аудандық ұйым тарапынан жүзеге асырылатын жұмыстар мен бірлескен бастамаларды қолдау жөнінде өз ой-пікірлерін білдірді. С.Дүйсебаев көпшілікті сессия жұмысын жандандыру жолында бірлесе жұмыс істеуге шақырды.

