Асқақ арманың ақиқатқа айналсын десең, мамандық таңдауда қателеспе!

Жас түлек – 2021

Нұр-Сұлтан қаласындағы Ілияс Жансүгіров атындағы №58 мектеп-гимназиясында «Қарашаңырақ» РҚБ мен «Рухани қоғам әлемі» ҚҚ жас түлектерге арнап «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» атты бірлескен семинар өткізді. Семинар барысында белгілі психолог Лимана Қойшиева мамандық таңдаудың психологиялық иірімдеріне тоқталса, №58 мектептегі Қамқоршылар кеңесінің төрайымы Жұлдыз Тойбекова жастардың мамандық таңдауда материалдық жағына көңіл бөліп, жанына жақын, бейім кәсіпке барғысы келмейтінін сөз етті. Семинарға мектеп бітіруші түлектер мен ата-аналар, жоғары сынып оқушылары, ұстаздар қатысты.

«Қарашаңырақ» РҚБ жоба жетекшісі Тұрар Саттарқызы: – «Алтын ұя мектебіне «тарыдай болып кіріп, таудай болып шыққан» түлектеріміздің алдында  сан тарау жол тұр. Өз жолыңды тауып, онымен адаспай жүру – ең басты мақсат. Қай мамандық иесі болсаңыз да, бастысы мамандығыңа, айналаңа адал болу керек. Жаһандану заманында таңдаған мамандығыңның шебері болып қана қоймай, көштен қалып қоймау үшін сол мамандыққа шектес кәсіпті де меңгеріп, жан-жақты болуға ұмтылу керек. Адам ешқашан болдым, толдым, жеттім, осы білімім жетеді демеуі керек. Өзін-өзі қамшылап, білімді жетілдіріп, ұдайы ізденісте жүруі керек. Қай жаста болсын, білімнің кештігі болмайды. Мамандықтың барлығы жақсы. Өйткені барлық маман иесі ел, қоғам, халық игілігі үшін қызмет етеді. Сондықтан жаман мамандық болмайды, сапасыз маман болады. Арман, мақсат дұрыс, дегенмен жаһандану заманында бүгінгі жастап жан-жақты, рухани білімді, өзгеріске бейім болуы тиіс. Халқымыз «құс төресі – сұңқар» деп жатады. Сол киелі құс қанаты қатайған балапанын ұшуға үйретерде қиядан төмен тастап жібереді екен. Бұл табиғаттың тәлім-тәрбиесі. Табиғатпен үндес біздің халқымыздың бойында да сұңқарға тән қасиет бар. Құрметті ата-ана! Баламыз сұңқар болсын десек, баланың мамандық таңдауына дұрыс бағыт-бағдар бере отырып, таңдау еркіндігін бергеніміз жөн. Балаға салған инвестиция  бұл – ел болашағына салған инвестиция. Ақ жол, саған, жас түлек!», -деп ақ тілегін арнады.

 

 

Иә, мамандық таңдауда мектеп бітіруші жас түлек ең алдымен өз жұрек қалауына құлақ асқаны дұрыс. Өйткені мамандыққа деген адалдық, сүйіспеншілік болмайынша, жақсы маман болып қалыптасамын деу бос қиялмен тең. Адамның арман, мақсаты айқын болғанда ғана жас өспірімнен сапалы, толық маман қалыптасып шығады. «Білім жоқ жерде қиял қысыр, арман ада» деген тәмсіл бар. Яғни таңдаған мамандықтың нақты иесі болып шығу терең білім мен қажырлы еңбектің нәтижесінде болмақ.

«Ең қиын мамандық – адам болу» дейді. Сондықтан мамандық таңдаудағы ең негізгі шарт: таңдаған мамандық арқылы адамның маман болып, нақты адам болып қалыптасуының мәні тереңірек. Негізі мамандық дегеніміз, меніңше, еңбек. «Бір пайыз талант, 99 пайыз еңбек» деген секілді маман болу да таңдаған мамандығыңның шыңына адал еңбек пен кемел білім баспалдағымен ерінбей жолғары өрлеу деген сөз. Мамандық таңдауда бұрыннан қалыптасқан баланың кішкентай кезіндегі не нәрсеге бейімділігін, қаблетін, қызығушылығын басшылыққа алу керек деген пікір бар. Бірақ баланың кішкентай күніндегі қызығушылығы, бейімділігі есейе келе өзгеруі мүмкін. Қаблеті де еңбек пен ізденіс арқылы жетілеттінін, толығатынын ұмытпаған жөн.

 

 

Сондай-ақ біздің елімізде мамандық таңдауда әлі күнге дейін дұрыс түсінік жоқ. Көп жағдайда кез-келген мамандыққа немесе грант көп бөлінген мамандыққа оқып шықсам болды деген ниетпен түсе салу кездеседі. Салдарынан жоғары немесе колледж бітірген түлектердің 80 пайызға жуығы оқып диплом алғанымен, төрт жыл уақытын арнаған мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Толық маман болып шықты деп үміт еткен жастарымыз дипломын сандық түбіне тастайды да кез келген жұмыстың «құлы» болып, ақша табу, қарын қамын қамдау мәселесіне байланып шыға келеді. Айналып келгенде, жүрек қалауымен қабыспаған мамандықтан жерініп, елімізде маман тапшылығы мәселесіне де әсер етіп жатады.

PS: Мамандық таңдаудағы «тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, Абай хакімнің «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,
Еңбегің мен ақылың екі жақтап» деген өсиетін ескерген жас түлек өмір жолында адаспай, таңдаған мамандығының шыңын бағындырып, еліне де өзіне де пайдалы болары анық.

 

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ!

 

 

 

“Қазақстан дәуірі” газетінің тілшісі Тілекгүл Есдәулет мемлекеттегі грант бөлу мәселесінің кемшілігіне тоқталды.