Аспантаудың ар жағындағы ағайынның үміті ақталар ма?

Арғы беттегі ағайынның қақпақылға түскен тағдыры туралы түсінік берудің өзі басы артық сөз секілді. Яғни ҚХР-ға бодан болып отырған, ол елде «аз санды ұлттар» деп аталатын тибет, монғол, ұйғыр, қазақ, қырғыз қатарлы біраз халықтың төбесіне төнген «қытайдың қара бұлты» сейілер емес. Егер осында аталған халықтардың көріп отырған қиындықтары туралы анық та түсінікті ақпарат беруге тура келсе, жеке-жеке қарастырған дұрыс болар еді. Ол бір мақаланың көлеміне сыймасы, аяқталмасы анық.

Бізді барлығынан бұрын Шыңжаңдағы жасап жатқан, әр күндерін үрей мен күдікпен өткізіп жатқан қандастарымыздың тағдыры алаңдатаны сөзсіз. Сондықтан да арғы беттегі жағдайға мүмкіндіктің барынша назар салып отырамыз. Шыңжаңдағы қандастарымыз үкіметтің қырына іліне бастаған 2017 жылдан бері ондағы жағдайды азаматтық белсенділерден бөлек, Сыртқы істер министрлігі де бақылауда ұстап келе жатыр. Бұған құзырлы мекеменің ресми мәлімдемелері дәлел. Сондай жаңалықтардың бірі 4 наурыз күні парламент мәжілісінде өткен үкімет сағатында Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұловтан белгілі болды. «2019 жылы Қытайда қос азаматтыққа ие 33 адам қамауға алынған. Оның 20-сы Қазақстанға қайтарылды», — дейді жаңа министр. Бұған қоса жақындарының Қытайда қамалғандығы туралы 1387 арыз түскен екен. «Бізге түскен мәлімет бойынша, Қытайда ұсталған қазақтар саны 80 пайызға азайған. Бәрін шетінен босатып жатыр. Биыл қазақтар тағы да жеңілдік алды. Ішкі істер министрлігімен, басқа да органдармен жұмыс істеудеміз», — дейді министр.
Бейбіт Атамқұловтың бұл сөздерін мүлде теріске шығаруға келмейді. Қазір Қытайдан келіп жатқан адамдармен тілдесудің сәті түсіп жатыр. Бұл жерде мынаны айта кеткен жөн. Шыңжаңның әрбір ауданы әртүрлі тәртіп ұстанып отыр. Кейбір аудандарда жағдай күрделі болса, сонымен көрші аудандарда белгілі деңгейде еркін өмір сүріп жатқан адамдар бар. Ал осыншама қайындықтардың болып жатқанын ондағы қытай адамдары сезбейді екен. Кейбір аудандардан, Қазақстанға туысшылап келемін деушілер, өздерінің ет жақын туыстарынан 5-6 адамның кепілдігімен қысқа мерзімге келіп жатыр. Алайда ол кісілер әрбір сөзді аса сақтықпен айтады. Мұнымен салыстырғанда, вичат желісіне қарап отырып, «саяси ауа райын» бақылау біршама тиімді. Олардан жеткен хабарда соңғы кездері, «оқу бітіріп келушілердің қатары молайғаны» байқалады. Қытайлардың «босай» бастауына халықарадағы күшті қарсылықтың да белгілі деңгейде ықпал еткені сөзсіз. Соның ішінде АҚШ пен арадағы «сауда соғысының» Қытай экономикасына айтарлықтай соққы беруі де, Шыңжаң жағдайына өз әсерін тигізді. Яғни, «мамандықтарға бейімдеу орталықтарын» қаржымен қамдап отырудың өзі Қытай үкіметінің қалтасына салмақ бола бастады. Кейбір аудандарда мұғалімдердің айлығын қатарынан бірнеше ай бойы тарата алмайтын жағдайлар жүз берген. Ал «өгіздің мұрнын жұдырықпен тесетін» кейбір шенеуніктер «Тәрбиелеу орталықтарына» күшпен әкетілген адамдардың жақындарына «олар үшін тұрмыс қаражатын төлеулері керектігін» ұқтырылыпты. Жалпы қаржылық қиындықтар мен халықаралық наразылықтардың әсерінде лагерлерге әкетілген адамдардың біразы отбасыларына қайтарылған. Өкініштісі, олардың арасында психологиялық ауытқушылыққа тап болғандары да, өздерінің болашақ өмірлеріне алаңдайтындары да аз емес көрінеді. Жергілікті атқарушы билік пен қауіпсіздік мекемелерінің шенділерінен әбден қорқып қалған халық, «бізге Қазақстанға баруға рұқсат етіңіздер» деуге батылдары жетпей отырған сияқты.
Осыдан 20 күннің алдында ғана Шыңжаңның өлкелік әкімшілігінде ауыс-түйістер болады екен деген хабар таралды. Оны ары қарай тарқатушылар, қылышынан қан тамған хатшы: «Шын Шуанго Шыңжаңнан кетеді екен», — деп қуана бастаған еді. Алайда, өлкелік үкіметтің партия хатшысы сол күйі өзгеріссіз қалды. Осы арада көп санды адамдардың Шыңжаңдағы күрделі жағдайларды Си Цзиньпинмен және өлкелік үкіметтің хатшысымен байланысты қарайтындығы-сыңаржақты көзқарас дер едік. Себебі Шыңжаңдағы ұйғырлар мәселесін «халықаралық лаңкестік ұйымдар» санатына жатқызуға қол жеткізуден тартып, ұлттарды жою жолындағы жеделдетілген күрестердің Бейжіңде ұзақтан бері жоспарланып келгендігі әшкере болып жатыр. Сонымен қатар «қазақтар қосақ арасында кетіп жатыр» дегенге де сенуге келмейді. Ондағы қазақ мәселесі, қазақ көші-қоны жөнінде Қытай билігінің өзіндік есебі бар екені сөзсіз…
Сонымен қазіргі таңда Шыңжаңда лагерлерден босап шығып жатқан қазақтардың саны артып келе жатыр дегенді жоққа шығара алмаймыз. Алайда олардың барлығы толығымен «азат» адамдар емес. Әлі де болса жергілікті биліктің бақылауында отыр. Ондай «мектеп көрген» адамдардың өміріне куә болған адамдар қылдан таюға да батылдық ете алмасы анық. Тағы бір сенімді хабарға қарағанда, «сәуір айына қарай жағымды жаңалықтар болады» деген сөз шығып жатыр. Мұны айтушылар қазіргі кезде «билікті қалтасына салып отырған» күштік құрлым өкілдері дейді барып қайтушылар. Олардың болжамдары расқа айналса, алдағы уақытта қандастарымыздың төлқұжаттары өздеріне қайтарылып, шетелдерге шығуына кеңшілік жасалуы бек мүмкін. Олай болып жатса, қазақ көші-қонында елеулі өзгерістер болады деген үмітміз де жоқ емес.

Ерұлан Жансары