Notice: Uninitialized string offset: 0 in /var/www/vhosts/elana.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-recovery-mode-email-service.php on line 1

Notice: Uninitialized string offset: 0 in /var/www/vhosts/elana.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-recovery-mode-email-service.php on line 1
Аспаннан жүлде жауған күн - "ЕлАна" әлеуметтік, қоғамдық-танымдық сайты

Аспаннан жүлде жауған күн

Жуырда Грузияның Поти қаласында классикалық және заманауи өнер түрлерін насихаттау мақсатында «Фазиси» атты халықаралық балалар байқауы өтіп, одан жеті бірдей жеткіншегіміз жүлдемен оралды. Аталмыш конкурсқа әлемнің көптеген елдерінен, атап айтар болсақ, Литва, Латвия, Түркия, Израиль, Польшадан үміткерлер қатысқан болатын.

Қазақ атын әлемге паш етіп, абыройымызды асқақтатып қайтқан Сыр елінің кішкентай таланттарымен кездесіп, құлақ құрышын қандыра ән тыңдап әрі олардың ұстаздары Ақдәулетова Қаракөз Ақжігітқызымен осы қуанышты хабар туралы аз-кем сұхбаттасқанымызда, байқау жайлы ағынан жарыла айтып берді.

Қаракөз Ақдәулетова, ҚР Еңбек сіңірген әртісі:

— Халықаралық «Фазиси» балалар байқауына алғаш рет қатысып отырмыз. Конкурста би шығармашылығы, инструменталды музыка, классика жанрлары бойынша да бақ сынасты. Бірақ Қазақстанның атынан тек ән байқауына ғана қатыстық. Вокал бойынша әлем елдерінен 50 бала қатысты. Ал біз бәйгеге жас img-20161111-wa0002ерекшеліктеріне қарай 7 баланы қостық. Жетеуі де Қызылорда облысынан. Бұлардың барлығы өткен жылы «Бозторғай» байқауында бір мезгілде лауреат болған. «Фазиси» байқауында ішіндегі ең кішкентайы, 7 жасар қызымыз Мақаш Қасиет 1орын иеленді. Оның дауысымен қатар, есте сақтау қабілеті жақсы дамыған. Музыкада есте сақтау қабілетке ие болу өте маңызды. Біз дәл сондай балалармен ғана жұмыс жасаймыз. Сонымен қатар, Дінислам Бақытбек (9-11 жас аралығы), Арыслан Толыбек (10-12 жас аралығы) және Бақдәулет Исабеков те (11-13 жас аралығы) 1-орынды қанжығаларына байлады. Бақдәулет — әнді классикалық тұрғыдан өте керемет орындайтын өнерпазымыз. Ол италиянша ән шырқап, Грузия аспанын әсем әнге бөледі, сондай-ақ қазақтың «Шіркінай!» әнімен тыңдармандар көңілін тербетті. Конкурс алдында біз үшін оның дауыс мүмкіндігін көрсететін әнді таңдау өте маңызды еді. Себебі Бақдәулеттің дауыс мүмкіндігі тіпті ерекше әрі аталмыш жарыста таланты жағынан ерекшеленген де осы бала болды. Жалпы, бұл балғындарымыздың бәрінің дауыстары керемет. Потида бүлдіршіндерімізге деген халықтың ыстық ықыласы мен қошаметтеріне тәнті болдық. Мысалы, Латвия, Литва т.б. елдердің өнерпаздарының дауыстары, демдері әлсіздеу болды, ал біздің саңлақтарымыз мықтылығын дәлелдеді. Әлем халқы қазақ ұландарының табиғи дарынына тамсанды.

Ал Төлеген Дильназ бен Айтбаева Зульфиямыз 2-орынды, талантты қызымыз Ақбота Құснадин (17-20 жас аралығы) Бас жүлдені иемденді. Бұл — еліміз үшін үлкен мәртебе. Жарыстың өте әділ өткеніне разымыз. Біздің жас әншілеріміздің талантын әлем халқы мойындауға мәжбүр болды. Өнерпаздарымыз Сырдың елі жырдың елі екенін дәлелдеп, үкілеген үмітімізді ақтады. Жас өрендеріміздің бұдан да асқақ асуларды бағындырарына сенімім мол. Осы тұрғыдан бізге қамқорлық көрсетіп, тікелей басшылық жасап жүрген — «Бозторғай» балалар конкурсының директоры Қарлығаш Әбдікәрімова. Сондай-ақ, Қызылорда облысының әкімшілігіне, Мәдениет Басқармасына алғысымыз шексіз. Облыс әкімі жыл сайын аз болса да ақша бөліп, жеткіншектеріміздің өнерлерін дамытуға қолдау көрсетіп келеді.

Дарынымен ерекшеленіп, өзге елде ұлттық мәртебемізді көтеріп қайтқан осы өрендеріміздің жетістіктері алдымен Алланың сыйы болса, екіншіден, бұлақ көрсе көзін ашып, таланттарды шыңдауда жан аямай тер төгіп жүрген осындай қамқор ұстаздардың арқасы. Ендігі тілегіміз: сол ұстаздарының еңбегі мен халқының сенімінен шығатын, әлі талай биіктерден көрініп, жыры мен арын сақтаған ұрпақ боп өссе екен.

Нұргүл Жамбылқызы