Әскерге бару қауіпті ме?
Осы сауалды тілшілер қала көшесіндегі тұрғындарға қоюы, әрине, соңғы кездері біздің кәмелетке толған жастарымыздың әскерге барудан қашқақтауларына байланысты. Халықтың ойын білу мақсатында қойылған сауал болғасын, мен де өз ойымды білдірейін деп қолыма қалам алдым. Халықтың жауаптары әртүрлі. Біреулері «жоқ, олай ойламаймын, әрбір азамат Отан алдындағы борышын өтеуге міндетті ғой» дегенін естіп, қуанып қаласың. Ал енді біреулері «Иә, қауіпті болып тұр» деп жауап береді.
Әскерде жүрген сарбаздардың, өкінішке орай, кейбіреуінің белгісіз жағдайда қаза болып, отбасына сүйегін алып келіп жатқан жағдайлар да жоқ емес. Сосын да олар қауіптенеді, оларды да түсінуге болады. Бұл, әрине, ата-ана мен бауырларына орны толмас қайғы. Оларға сабырлық тілеп, қайғыра көңіл айтамын. Осыдан да Қорғаныс министрлігіндегілерге жауапкершілікті күшейту керектігі көрініп тұр. Бірақ осындай қайғылы жағдайлар әдейі, қасақана істеліп жатпаған болар деп ойлаймын. «Тағдыр» дейміз бе, білмеймін. Енді менің айтпағым, егер біз жоғарғы биліктегі шенділердің әскер тәрбиесіндегі істеріне сенімсіздік танытып, күдікпен қарап, баламызды түрлі сылтаулармен әскерден алып қалдық дейік. Енді сол алып қалған баламыздың алдағы өміріне кепіл бола аламыз ба? «Әй, қайдам? Жаман айтпай, жақсы жоқ» деген, Алланың өзі сақтасын дейік. Бірақ қатер аяқ астынан деген, сол аяқ астынан бір көлденең бәлеге ұшырап қалса, «қап, әскерге жібергенде бұлай болмас па еді» деп өкініп қалуымыз да мүмкін емес пе? Мен өзім солай ойлаймын. Жоғарыдағы «тағдыр ма» деуім содан.
Осы орайда ақын А.Нәріковтың «Сызылып қойған бұрыннан, бағыттан кім бар бұрылған. О бастан дайын тор екен, Тағдырға дауа жоқ екен» деген өлең жолдары адамның пешенесіне жазылғаннан құтыла алмайтынын меңзеп тұрған сияқты. Сондықтан «қауіпті» деген ойдан бойымызды аулақ ұстап, әрқашанда Отанды қорғауға дайын болайық. Отан демекші, тарихымызда болып өткен соғыстарға ата-бабаларымыз соғыс қауіпті деп Отанын, жерін қорғаудан шет қалу, өздері әдейі сұранып барып, жеңіспен оралған. Осы батыр ерлеріміз бен қыздарымыз туралы тарихты жастарымызға көбірек оқу керек сияқты. Енді Отан сөз болғасын, осы орайда жастарымызға патриоттық рух беретін елімізге белгілі, ақыны бар батыры бар, ағаларымыздың «ақыл да нақыл» сөздерінен үзінділерді білетін болса артық етпес. Мұқағали ағамыз: «Білесің бе? Отанның сен не екенін? Екі өмір жоқ, әрине өлім. Екі Отан жоқ жалғыз! Отан – мекенің!» – десе, Бауыржан атамыз «Опасызда Отан жоқ, Отанда опасызға орын жоқ!» – дейді.
Қадыр ағамыз: «Отаныңмен салыстырғанда, ең қымбаттың өзі арзан», – десе, ал Пайғамбарымыз Мұхаммед: «Екі түрлі көз ақыретте тозаққа күймейді. Біріншісі – күнәсіне өкініш білдіріп, оңашада егіліп жылаған көз. Екіншісі – Отанды қорғап шекара күзеткен көз», – деген екен. Ендеше бізге парыз етілген амалдардың бірі – Отанды ішкі және сыртқы жаудан қорғау.
Енді осы орайда тағы да ойыммен бөліссем. Әскерге баруды ынталандыру мақсатында, борышын өтегеннен кейін өзі қалаған оқуына ешбір сынақсыз түсуіне мүмкіндік беру қаншалықты дұрыс деген ой мазалайды. Бұл маған ынталандыру шарасынан гөрі бірінші тарап, яғни Үкімет жағынан «жолдаушы», ал екінші тарап жағынан «жолданушыға» ұқсап тұрған сияқты көрінеді. Немесе 4-5 жасар балаға бір тапсырманы беріп, «осыны орындасаң, тәтті кәмпит беремін» дегенге пара-пар емес пе? Өз еркімен, Отанға деген, әскерге деген көзқарасын, ниеті мен пиғылы түзу болмаса, ондайлардан шын патриот шыға ма деген ой мазалайды. Болашақта жастардың жеңілдің астымен, ауырдың үстімен оңай ақша табуды іздеп, бар жұмысты менсінбей, масылдыққа баруына жол ашпайды ма?
Мен өзім үшін қорықпаймын, мен жасарымды жасап, асарымды асаған, төрімнен көрім жақын адаммын. Мені алаңдататын барша жастарымыз бен немере-шөберелеріміздің болашағы. Оларға ашық аспан, жарқын болашақ, иманжүзділік, адалдық тілеймін.
Мектепқали ҚУАНЫШЕВ,
БҚО Бәйтерек ауданы
Байқоныс ауылы