Notice: Uninitialized string offset: 0 in /var/www/vhosts/elana.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-recovery-mode-email-service.php on line 1

Notice: Uninitialized string offset: 0 in /var/www/vhosts/elana.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-recovery-mode-email-service.php on line 1
Ашытқы зауытының ащы зарына Үкімет қашан құлақ түреді? - "ЕлАна" әлеуметтік, қоғамдық-танымдық сайты

Ашытқы зауытының ащы зарына Үкімет қашан құлақ түреді?

Осы жылдың 23 маусымында «Ақ жол» фракциясы, Қазақстандағы тағамдық ашытқы өндіру саласындағы жалғыз отандық өндіруші — Алматы ашытқы зауытының «жетім баланың күйін кешкен» жағдайына байланысты депутаттық сауал жолдаған еді. Жауабы «сиырқұймышақтанып» кеткен осы мәселеге байланысты Мәжілістің соңғы Пленарлық отырысында депутат Берік Дүйсенбинов қайта әңгіме көтерді. 

— Бұрын жолдаған депутаттық сауалға қайта айналып соғуыңыздың мәнісіне тоқтала кетсеңіз.

— Аталмыш компания 40 жылдық тарихы бар ауылшаруашылық өңдеушісі болып табылады. Өйткені шикізат ретінде қант қызылшасының қалдықтарын қолданып,  нан тоқаш пісіруге қолданылатын ашытқы жасайды. Осы ашытқымен піскен нан әр қазақстандықтың дастарқанында тұр десек, артық айтпаймыз. Бірақ белгісіз себептермен, аталған зауыт 70% дейін азайтылған арнайы салық режиміне кіретін ауылшаруашылық өнімдерін өңдеушілердің қатарына кірмей қалды. Осыдан кейін қайта дабыл көтеруге тура келіп отыр.

— Сонда қалай, өзіміздің компанияға қысым көрсетіле бастады ма?

— Белоруссия мен Ресейдің осындай ұқсас өнім өндіруші компаниялары базалық 18% ставкадан жеңілдетілген ставкамен қосымша құн салығын 10% төлеп отырған кезде, ААЗ толық көлемде 12%  төлеуде. Нәтижесінде отандық ашытқы сырттан келген бəсекелестердің арзан ашытқысына төтеп бере алмай,  ішкі нарықтан ығыстырылуда.

Өздеріңіз білесіздер, «Ақ жол» фракциясы үшін əрбір отандық өндіруші қымбат! Оның үстіне Алматы ашытқы зауыты отандық өндірістегі бүкіл бір сектордағы жалғыз тұрған мекеме!

— Әрине, қиналған кәсіпкерлер сіздерден жәрдем күтеді. Біздің білуімізше, сіздер бұл туралы маусым айында Үкіметке мән-жайды айтып шыққан едіңіздер. Оған қандай жауап алдыңыздар?

— Иә, Үкіметке жолдаған депутаттық сауалымызда тағамдық ашытқы өндіруді ҚР Салық кодексінің 267-бабы, 2-тармағы бойынша жеңілдетілген  бағыттарының  қатарына қосуды ұсынған едік.  Өкімет өзінің жауабында Әлемдік Сауда Ұйымының талаптарына сүйене отырып, жоғарыдағы мекемені қолдаудан бас тартқан болатын. Ал Әлемдік Сауда Ұйымына мүше мемлекеттер мұндай жағдайға түскен өздерінің кəсіпорындарын қолдаудың амалын ойлап табуда. Сонау 2012 жылы Елбасымыз Үкіметке халықаралық тəжірибені зерттеп, отандық өндірушілерді қолдау шараларын ойластыруды тапсырып еді. Әлі күнге дейін басқа тапсырмаларында да осыны қадап айтуда. Бірақ нәтиже аз.

— Бұл жолы Үкіметтен нені талап етіп отырсыздар?

— Біздің тараптан жалғыз-ақ сұрақ бар: Үкімет салықтық ынталандырудың орнына қандай қолдау шараларын жасап шығарды жəне осы саланы қолдау үшін не істемек ойлары бар? Соны білгіміз келеді.

— Сіздер сөз етіп отырған отандық ашытқы зауытының бүгінгі хал-ахуалы қалай?

— Өте нашар. Үкімет әзірге әліптің артын бағып отыр. Ал қазақстандықтар Ресей мен Беларусьтан келген арзан ашытқымен бауырсақтарын пісіріп, «жеті шелпек» таратуда. Ал отандық ашытқы зауытының жағдайы қиындап барады.

— Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан НАҒАШЫБАЙ ҚАБЫЛБЕК