Ашық аспан астындағы абақты

Күллі қазақ жұртының уайымына айналып бара жатқан Шыңжаңдағы күрделі саяси ахуал таяу арада оңалмайтын сыңайлы. Шекараның екі жағында қалған қандас ағайындардың бұрынғыдай емен-жарқын сырласпағанына, мұңдаспағанына да жылға жуықтап бара жатыр. Соңғы кезге дейін «ШЫҰ саммитінен кейін Қытайдың қайыс ноқтасы жұмсаруы мүмкін» деген үміт те үзілуге шақ тұр. Оған дәлел ресми Бейжіңнің Шыңжаң аумағында өрістетіліп жатқан «Үш түрлі күштермен (терроризм, сепатратизм, экстремизм) болған күресті онан ары күшейтіп Шыңжаңның орнықтылығын сақтау» қызметін соңына дейін жеткізуге пәрмен беріп жатқандығы еді. Маусымның 11-15 аралығында ҚХР Ішкі істер министрі (Қытайда қоғам қауіпсіздігі министрлігі деп аталады) Жау Кыжы бастаған тексеру комиссиясы Шыңжаңға келіп, Үрімжі, Хотан, Қашқар, Қызылсу қатарлы бірнеше аймақтарға барып қоғамдық қауіпсіздік саласындағы атқарылып жатқан қызметтерді тексерген. 15 маусым күні Үрімжі қаласында қорытынды жиналыс ұйымдастырған ІІМ Жау Кыжы Шыңжаңдағы атқарылып жатқан жұмыстарды жақсы бағалай келіп, алда атқарылуға тиісті қызметтер туралы нұсқау берген. «Терроризмге қарсы тұру, соққы беру күресін үздіксіз тереңдетіп, орнықтылықты қорғаудың кешенді шараларын тыңғылықты жүргізу керек» деген екен министр мырза қатаң түрде.

«Шыңжаңдағы терроризмге қарсы тұрып, орнықтылықты қорғау қызметін жақсы істеудің маңыздылығын, ұзақ уақыттылығын жете танып, Шыңжаңды заңмен жөнге салудан, дамытудан жазбай, үстінен оңалту мен түбірінен оңалтуды тең жүргізуге табанды болу керек. Ол үшін партия, үкімет, армия, полиция, құрылысшы әскерлер, халық болып «6 жақ бір тұлғаланған» қорғаныс шебін қалыптастыру қажет. Партияға адал болып, халық үшін қызмет істеу, заңды әділ атқару, тәртіпті қатайту, ысылған қоғам қауіпсіздігі жасақтарының қосынын құрып шығу керек», — деп министр нұсқау беріпті. Қазірге дейін атқарылып жатқан «терроризмге қарсы тұрып, Шыңжаңның орнықтылығын сақтау» науқаны ол жақтағы этникалық ұйғырлар мен қазақ, қырғыз секілді аз қоныстанған мұсылман халықтары үшін шоқпар болып сілтеніп жатқаны белгілі. Шыңжаңның жергілікті тұрғындары болып есептелетін ұйғыр, қазақ секілді халықтардың өзі азшылыққа ұшырап, қытайлар тарапынан шетке қағылып жатқан күрделі саяси жағдай қазіргі таңда әлем назарына ілігіп жатыр. Алайда, «терроризммен, экстремизммен, сепаратизммен күресу» деген ұранды алға тартқан Қытай билігі 2009 жылдан бері қанды қасап қырғыннан тартынған жоқ. Бірнеше жылдың алдында мұндай күрестің бағыты этникалық ұйғырлармен шектелсе, 2017 жылдың қазан айынан бері қазақтарда Үкіметтің қырына ілікті.

Бас штабы Мюнхен қаласында орналасқан Дүниежүзілік ұйғырлар конгресінің мәлімдемешісі Ділшат кезекті жиналыс туралы пікір білдірген. «Бейжіңнен келген комиссияның бұл нұсқаулары тікелей ұйғырларды жаныштауға арналып отыр. Саяси үйрену лагерлеріне топ-тобымен тоғытылып жатқан ұйғырлардың қарсылығынан Қытай билігі алаңдап жатыр», — дейді Ділшат мырза.
«New York Times» басылымы өткен мамыр айының 15-і күнгі санында Шыңжаңдағы күрделі саяси ахуалды арқау еткен «Шыңжаңдағы терроризмге қарсы тұрып орнықтылықты сақтау қызметі қандай нәтижелерге жетті?» деген тақырыпта мақала жариялаған болатын.
«Шыңжаңдағы саяси науқандар кезінде 500 мыңнан астам аз ұлт адамы түрмеге алынса, «ағартуды» желеу еткен үйрену курстарында 1 миллионнан астам ұйғыр, қазақ, қырғыз қамауда отыр. Бұл оқу орындары тікенек торлармен қоршалған, мықты қорғаныс қабаты бар, брондалған қақпасында қарулы күзет орналасты-рылған «жаңа типтегі» адамдарға идеялық бақылау жүргізетін лагерлер болып саналады. Он жылдан бері Қытай билігі ұйғырлардың әдет-ғұрыптарын өзгертуге әрекет етіп келеді. Олар ұйғырлардың санасын да өзгертуді қолға алып жатыр. Аз ұлт адамдарын компартияға адал болуға серт бергізу, саяси тәрбиені күшпен жүргізу, ислам дінін ұстанатын қауымға зорлықпен би билеткізу секілді қимылдарды зорлықпен таңып жатыр. 2016 жылы Тибет автономиясының партия хатшысы болып қызмет атқарып тұрған Чын Шуангонның Шыңжаңға ауысып келуінен кейін аз ұлттарға деген қысым одан ары күшейіп кеткен. Соның кесірінен Шыңжаңның оңтүстік бөлігіндегі ұйғырлар жиі қоныстанған аймақтардағы әр ауылдың 40%-ға жуық адамы түрлі сылтаулармен абақтыларға қамалған екен».
АҚШ-тың атақты басылымындағы бұл деректер Қазақстандық оқырмандарға жаңалық болып естілуден қалған дүние деуге болады. Себебі Қазақстан мен Қытай арасындағы еркін барыс-келіске бойлары үйреніп қалған қандастарымыз аяқ-астынан басталып кеткен қара дауыл себебінен бір отбасы екіге бөлініп қалған жағдайлар көптеп кездесіп жатыр. Бұл жағдай қоғамда кеңінен талқыланып жатқаны тағы белгілі. Алайда, мемлекеттік құзырлы органдар мен халықаралық беделді саяси ұйымдардың атына жазылған қыруар тілек-арыздардан әзірге мардымды нәтиже шықпай тұр. Көп адамдардың «ШЫҰ саммитінен соң жағдайда өзгерістер болуы мүмкін» деген болжамдарының соңы сиыр құйымшақтанып бара жатыр. Осылайша «ашық аспан астындағы абақтыға» айналып кеткен Шыңжаң аймағының тұрғындарына алаңсыз өмірдің қашан орнайтыны жұмбақ күйінде қалып отыр…

Ерқазы Сейтқали