Аса мәртебелі, РЕЖЕП ТАЙИП ЕРДОҒАН!
«Түрік халықтарының рухани Бас қаласы» (Қ.К.Тоқаев) — Түркістанға қош келдіңіз!
Сіздің Түркістанға сапарыңыздың жемісті болуын тілеп осы хатты жазып отырмын. (Түркиелік достарым А.Юувалы, Апбаз Қарагачлы, Жемел Шапак түрік лекчесіне тәржімаласа түк қарсылығым жоқ.).
Дүние-жиһан тыныш емес. Тынышсыз дүниеде Түрк дүниесінің ынтымақ, бірлігі үшін Түркстан (Орта Азия) мемлекеттерінің Президенттері Саммитке жиі жиналасыздар. Бұл – Түркстан Республикалары тәуелсіздігін алған алғашқы күннен айтып келе жатқан дүр мәселеңіз.
Бұл – Сіздің Башбакан кезіңізден қолға алып келе жатқан мәселеңіз. Сіз сол кезден көшбасшысыз. Түрк халықтары (Республикалары) мүддесі үшін алпауыт елдердің Президенті, Премьерімен қағысып қалатын сәттеріңіз де есімізде.
2009 ж. Даоста 29 қаңтарда өткен экономикалық форумда Израиль президенті Шимон Переске қарата: «Кісі өлтірген айыпты адамның әдетіне салып айқайлап сөйледіңіз. Сіз кісіні өлтіру амалдарын жақсы білесіз. Есесіне, Мен теңіз жағажайында (пляжь) ойнап жүрген балаларды қатыгездікпен қынадай қырып салғаныңызды жақсы, өте жақсы білемін»-деп қатты қағыта сынап, қарсылықпен орныңыздан қарғып тұрып кеткеніңіз күні бүгін көз алдымда. Аталы сөзіңіз адамгершілік қағидатына айналып әлем жұртшылығын дүр сілкіндірді. Сіз осы қанатты сөзіңізбен дүние-жиһан балаларының (шұжықларынын) әп-сәтте әкесіне айналып кеттіңіз. Сол заманда (уақытта) жарық дүниеге келген ұлыма Ердоған есімін бердім. Сіздің құрметіңізге Ердоған атадым ұлымды! Түрікшіл болып өсіп келе жатқан Ердоған ұлым биыл мектеп бітіреді. Бұл Қытай асып, босып барған қазақтарға бауыр тұтып қабылдап, бар жағдай жасаған түрік халқы және оның көшбасшысы Сізге деген құрметім! Түрікшіл дүниетанымнан туған, түрк дүниесіне деген құрмет!
Менің түрікшілдігім түрікшілдігі үшін сотталған (1953 ж.) әкем (ұстазым) профессор Бейсембай Кенжебайұлының (1904-1987 ж.) арқасы. Менің түрікшілдігім – Түркістанды сүйген қазақ ұлтшылы, ұлтшылдығы (бұл һәм түрікшілдік) үшін замана зәйілінен таяқ жеумен өткен Өзбекәлі Жәнібектің (1931-1998 ж.) арқасы. Бірі әкем, бірі ағам! Мен қайда барайын ұлтшыл, түрікшіл болмай?!
Түркістанның тумасымын. 1970-1991 ж. Алматыда жасадым. Журналист, жазушы, профессор. 1991-92 ж.туған жерім – Түркістанда Қ.А.Ясауй халықаралық қазақ-түрік университеті (ХҚТУ) ашылды. Алматыдағы жайлы жағдайды қалдырып, ХҚТУ-ға қатардағы оқытушы болдым. 1-ші вице-президенттікке дейін өсе қызмет еттім. Аз уақыт ректор міндетін атқардым.
ХҚТУ-дың тар кезеңде туып, іргелі оқу орындарымен теңесіп кетуіне Түркие Республикасы қосқан экономикалық үлес үлкен. Қаржылай қолдауды айтам. Ол жылдары Өзімізде ғылым мықты. Ғылым жөнінен Қазақстан Ресей, Украинадан кейінгі орында болды.
Түркістанға Б.Кенжебайұлы және Өз. Жәнібек – екі ұлтшыл, екі түрікшіл аманатын арқалап келген едім. Ол аманат – Түркістанды (Стамбол сияқты) музей-қалаға айналдыру. Түркістанды – «түрік халықтарының рухани Бас қаласына» (Қ.К.Тоқаев) айналдыру! Қ.А.Ясауй Мавзолейін сақтауға, қорғауға ықпал ету.
Түркиелік Президенттер Ататүрк аманатына Ясауй университетін тұрғызса, Мен ұстазым, ағам аманатын орындау үшін Түркістанда «ТҮРІК ХАЛЫҚТАРЫ МУЗЕЙІН», «ТҮРІК ТІЛДЕС ХАЛЫҚТАР КІТАПХАНАСЫН», «ТҮРІК ХАЛЫҚТАРЫ ӨНЕР ГАЛЕРЕЯСЫН» аштым. Жаһандағы ТҰҢҒЫШ музей, ТҰҢҒЫШ кітапхана, ТҰҢҒЫШ өнер галереясы. Тұңғыш, сондықтан әлемде АНАЛОГЫ жоқ. Ясауй Мавзолейін қорғау қоғамдық кеңесін құрдым. Мавзолей дербес әңгіме.
… 2008-2009 ж. Ясауй университеті Республика Жоғары Оқу орындары арасында алдыңғы қатарға шықты. Сіздің әділетті Премьер екеніңізге сол кездері көзім жетті. Қалайша?
…Түркие Президенті Ахмет Неждет Сезарь ХҚТУ Өкілетті Кеңесінің Басшысы етіп Четин Доғанды бекітті. Четин Доған әскери кісі. Ор-генерал. ХҚТУ-да Түркиеден келген әскерилер қаптап кетті. Сыбайластық. ХҚТУ құлауға айналды. Ректор міндетін атқарушымын. Ректорлық орынға конкурсқа қатысып жүрмін. Мансаптан қазақ Елінің мүддесін, екі елдің ынтымағын жоғары қойдым. Түркиеден таныс журналистерді шақырып, Сізге арнап наразы сөзімді айттым. Менің наразы сөзімді Түркие теледидары, газеттері түгелге жуық берсе керек. Іле Маған жете бастады.
… Башбакан ретінде Сіз жедел шара қабылдадыңыз. Четин Доған мырза ашық сыннан соң 11 жылға сотталып кетті. Табалап отырғаным жоқ. Қуанып отырғаным жоқ. Дұрыс тағайындалмаудың зардабын айтып отырғаным. Шарасыздық. Шарасыздықтан Екі елдің арасына сызат түсе жаздады.
Ясауй университетіндегі жағдай түзелді. Өкілетті Кеңес төрағасы жаңарды. ХҚТУ-да жағдай жақсарды. ХҚТУ қайта өсті. Биікке өрледі.
…Енді өкініш, тіпті ренішт сөзіне кезек берейін. Соңғы 5-6 жылда Ясауй университеті қайта құлдырады. Өкілетті кеңеске Мухиддин Шимшек төраға болып келгелі жаңа жасалмады, бұрын жасалған жаңалықты істер күйреді.
ТҮРІК ХАЛЫҚТАРЫ МУЗЕЙІ, ТҮРІК ТІЛДЕС ХАЛЫҚТАР КІТАПХАНАСЫ, ТҮРІК ХАЛЫҚТАРЫ ӨНЕР ГАЛЕРЕЯСЫН өз қаражатыма ұйымдастырып, ашқанымды мақтаныш етемін. Әрқайсысы 20 жылдап Түркістанға қызмет етіп келеді. Технопарк ретінде ХҚТУ-ға қызмет етіп келеді. Жылына қаншама турист келеді. Қаншама адам «Ықылас кітабына» өзінің ықыласты тілегін жазады.
Мухиддин Шимшек Өкілетті кеңеске төраға болып келген 2021 жылдан дүниежүзіндегі тұңғыш ТҮРК ХАЛЫҚТАРЫ МУЗЕЙІ жабылды. Экспонаттары жағдайсыз қоймаға лақтырылып тасталды.
ХҚТУ-ға қарасты ғимараттан ашқан ТҮРІК ХАЛЫҚТАРЫ музейінің ғылыми экспозициясы тас-талқан қиратылды. Тегін сыйлаған қымбат экспонаттарымның қайда қалғанын білмеймін. «Алып кет, бізге керегі жоқ»-деп Ректор (көмекшісі арқылы) жиі хабар жібереді. Университет технопаркі ретінде 20 жылдай жұмыс істеп тұрған музей жабылды. Музей — Дүниежүзілік маңызы бар, түрк халықтарының бәріне ортақ мәдени-рухани құндылық еді. (Москвада Музейдің оқуын оқыған қазақпын.) Жалпытүрктік құндылық – ТҰҢҒЫШ түрктану музейі осылай құрбан болды. «Вандализм». «Вандализм» себебі — Музей мен ғимаратты ажырата алмайтын көргенсіз ректор Жанар Темірбекова музей ғимаратынан ақша шығаратын (майнинг) құрылғысын орнатпақшы болған секілді. Арам әрекеті әшкере болып, “сыбайласы” Түрк азаматы еліне қашып кетті.
Мухиддин Шимшек пен Жанар Темірбекова істе сыбайлас деседі. Түркиелік төраға Мухиддин Шимшек, Түркиеде 13 жыл жүрген ректор әлемдік Музей жауһары – «ТОПКАПЫГЕ» бір рет те бас сұқпаған ба?-деп ойлайсың. Сыбайластық сыры – екеуі де гүленші секілді. Екеуінің айналасында біраз гүленші болса керек. Бәрі жабылып түріктік мәдени-рухани құндылықтарды тас-талқан етіп болды. (100 га. жерді алып жатқан теңдесі жоқ ботаникалық бақ қор болды, ғылыми Жобаға қол салды, мол қаржыны екеулеп жеп қойды-деп жазып жатқан арыз-шағым өз алдына. Олар да Сіздің атыңызға хат жазады).
Сайын Президент!
Марқұм Тұрғыт Озал, Сүлеймен Демирельдің Ататүрк аманатын орындау жолында ашылған Ясауй университеті көшбасшы Президент Р.Т.Ердоған заманында жабылып қалар болса, сүйекке таңба! Дұрыс дамыта алмады деген сөз біздің аса зиялы Президентіміз Қ.К.Тоқаев атына да кір. Мына аласапыран заманда көп векторлы саясат ұстанатын зиялы Президентіміздің атына кір келгенін біз де қаламаймыз.
Орта Азия ойпатын жаңартып ТҮРКСТАН атаған Р.Т.Ердоған.
Ердоған мырза, Түркістан мемлекеттері өзара тығыз ынтымақта біртұтас дамысын десеңіз Түркістанды түрктік мәдениетті қорлаушылардан («вандалистерден») қорғауыңызды өтінемін. Қорғаудың жолы – Түркістандағы түріктік мәдениеттің мәйегі – ТҮРК ХАЛЫҚТАРЫ музейін күйретуші Мухиддин Шимшекті (сыбайласы Темірбекова Жанармен бірге) Қ.А.Ясауй халықаралық қазақ-түрік университеті басшылығынан аластауды ХҚТУ ұжымы атынан өтініп сұраймын!
Сайын Көшбасшы!
«Түрік халықтарының Бас қаласы (Қ.К.Тоқаев) – Түркістанға қош келдіңіз!
Сізге деген құрметпен, Құлбек ЕРГӨБЕК,
Қазақстан Жазушылар Одағы Басқарма Хатшысы, ТҮРКСОЙ жазушылар ұйымының Хатшысы. ҚРҰҒА құрметті мүшесі. Ш.Айтматов атындағы Қырғыз гуманитарлық Ғылым Академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.
Халықаралық ТҮРКСОЙ және Алаш сыйлықтарының лауреаты.
“Парасат” (2012), «Құрмет» (2021) ордендерінің иегері.


