Асқар Мамин «Бәйтерек» зымыран кешенімен танысты

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин жұмыс сапарымен Қызылорда облысында  болды. Сапар барысында Асқар Мамин Байқоңыр қаласындағы «Бәйтерек» ғарыштық зымыран кешенінің құрылысын жүзеге асыру жобасының барысымен  танысты.

Қазақстан-Ресей бірлескен жобасы 2004 жылдан бастап жүзеге асырылуда және «Байқоңыр» кешенінде экологиялық таза зымыран тасығыштарды ұшыру мақсатын көздейді. Жоба жүзеге асырылған жағдайда улы отын компоненттерін қолданатын  «Протон» зымыран тасығышынан  бас тартуға болады деп болжануда. «Бәйтерек» кешенінің құрылысы 2021 жылы аяқталады деп жоспарлануда.

Бұдан бөлек, Асқар Мамин «Байқоңыр» кешеніндегі нысандарды  қайта өңдеу жөніндегі жұмыстардың атқарылу барысымен, сондай-ақ,   «Зенит» және «Протон» зымыран тасығыштарының сынақ корпустарын құрастыру жұмыстарымен танысты.

ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин Қызылордада ҚР Тәуелсіздігі күніне орай салынған «Нұр Орда» жаңа мөлтек ауданында болды.  1020 пәтерлік 20 көпқабатты үй «Өңірлерді дамыту-2020» бағдарламасы аясында салынған.

А.Мамин Қызылорданы жылумен қамтамасыз ететін басты нысан-жылу электр орталығының жұмысымен танысты. Орталықтағы құрал-жабдықтардың 85 пайызының тозығы жеткен. Сол себепті қайта жөндеуден өткізу қажеттігі туындап отыр. Қызылорда облысының энергетика және тұрғын үй — коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Медет Усаин «ҚЖЭО»-ның қызметі мен жылу көзін қайта жаңғыртудан өткізу мәселелері туралы баяндады.

%d0%bc%d0%b0%d0%bc%d0%b8

Осыдан кейін Асқар Мамин ағымдағы жылдың екінші жартыжылдығында жұмысын бастайтын шыны зауытының құрылыс алаңына барды. Кәсіпорында жыл сайын 197 мың  тоннадан астам табақша, энергия үнемдегіш, күннен қорғайтын және көп функционалды шыны шығару жоспарланып отыр.

Сондай-ақ, Асқар Мамин Сырдарияның сол жағалауын жалғайтын  жаңа көпір мен сол жақ жағалау құрылысының жобалық жұмыстарымен танысты. 2015 жылға қарай 1500 гектардан астам аумақты қамтитын жерде  шығыстық үлгідегі жаңа қала  бой көтереді. Онда 11 шағын аудан, индустриалды аймақ және 3 ірі саябақ, сондай-ақ, халықтың сапалы өмір сүруіне қажетті әлеуметтік нысандар: 46 балабақша, 23 мектеп, студенттер қалашығы, көпсалалы 2 аурухана, қарттарға арналған пансионат т.б әлеуметтік нысандар салынады.  Сол жағалау аумағында болашақта жүз мыңға жуық адам тұратын болады.

ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Маминнің Сыр өңіріне жұмыс  сапарының қорытындысы бойынша  облыс әкімдігінде жиын өтіп, онда аймақты дамыту мәселелері талқыланды.

Миуа Байназарова

Қызылорда облысы