Аружан Сахариянова: «Мектептегі экологиялық тәрбие өте маңызды».

         «Бала жастан экологиялық тәрбиені бойға сіңіру қажет. Меніңше, көптеген балаларда экология туралы ұғым қалыптаспаған, экологиялық жағдайды қалай түзетуге болатыны, пластиктің қоршаған ортаға тигізер зияны туралы білмейді», — дейді жас эко-белсенді Аружан Сахариянова, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздегі экологиялық мәселені жолға қоюдың маңызы туралы бастамасына пікір білдіре келіп.

         Аружан елордадағы жоғары сынып оқушысы. Бірнеше жылдан бері өз қатарластары мен ересектердің арасында минимализм идеясын және батыс елдерінде танымал  Zeri waste («зироу уэйст) ағымын насихаттап жүр. Ол «нөл қалдық» деген мағына береді, яғни бұл әрбіріміз шығаратын қоқыс көлемін азайту деген сөз. Оның өзі бұл жолда өзгелерге үлгі көрсетуде. Қазақстандық мектеп оқушысын тіпті батыс елдерінде үкіметтің алдында экология проблемасын белсенді түрде көтеріп жүрген 16 жастағы шведтік Грета Тунбергпен салыстырады.

         «Мен көптеген жасөспірімдердің өз құрбыларын экология мәселесіне оқыту жөніндегі жобаларды қолға ала бастағанын байқадым, — дейді ол. — Мектептегі бұл пән басқаларға да ой салып, іс-әрекетті өзінен бастауға, өз өмірін «eco-friendly», яғни эко-ниетті етуге ынталандырады».

         «Қалдықтар мәселесіне келсек, Қазақстандағы полигондарда олар тау боп үйіліп жатыр. Өйткені халық бұл мәселеге селқос қарайды. Егер біз қалдықтарды қалай дұрыс өңдеу керектігін, мәселен, қала сыртына шыққанда, табиғатпен қарым-қатынас мәдениетін біртіндеп үйрететін болсақ, онда қалдықтар азайған болар еді. Жұртшылық бұл іске белсене қатысып, қоршаған ортаға аялы көзқараспен қарауды өзінен бастауы керек».

         «Су туралы көтерілген мәселелерге келсек, түрлі салада оны үнемді пайдаланып жатқан ешкім жоқ. Өңірлердің барлығы бірдей таза ауызсумен қамтылмаған, — дейді Аружан. — Біз индустриялық процестердің адам денсаулығына әсері бар екенін ойлауға тиіспіз. Экология бағдарламасын, сонымен қатар, табиғи ресурстарды, оның ішінде суды тиімді әрі үнемді пайдаланудың маңыздылығы туралы ақпаратпен толықтырып, балаларға өзіміз үлгі көрсеткеніміз жөн деген ойдамын».