АРСЫЗДА ӘДІЛДІК БОЛМАЙДЫ

Елімізде түрлі деңгейде атақ, сый, марапат берілген сайын былайғы жұрт Абайдың:
“Арсыз болмай атақ жоқ,
Алдамшы болмай бақ қайда?” дегенін күрсіне еске алады. Біраз даурығып, бұрын мәдени орда дәліздері мен алаңдарында дабырайтса, қазір әлеуметтік желіні шулатады. Бірер ай…
Сонан соң байқау т.б. қайта айналып келгенше біржола ұмытады. Өйткені, өкінішке қарай, арсыздықтың адамды жеңетін де жері бар.
Әрине, ел ішінде, өз саласында мойындалған азаматтардың еңбегі еленіп-ескеріліп жатса, ынталандыру шарасының, реті бар рәсімнің рөлі арта бермек. Ал лайықты адам (тұлға) мен құрмет көрсетілуге тұратын туынды табылмауына байланысты жекелеген сыйлықтың, атақтың, марапаттың берілмегенін немесе кейінге шегерілгенін осы күнге дейін естісек, құлағымыз керең болсын. Бәлкім, нарық жағдайында еңбек өнімділігінің еселеп артпауының, көркем туындылар деңгейінің әлемдік дәрежеге жетпеуінің бір ұшы осында жатқан шығар. Әйтеуір, тәуелсіз еліміздің тарихында ондай оқиға әзірге тіркелмегені анық.
Сыйлық, атақ, марапат алу үшін араға кісі салу, тамыр-таныстықты пайдалану үрдісі әлі тыйылмай келеді. Өркениетті елдердің тәжірибесінде бұл жауапты әрі шетін мәселені түрлі қауымдастықтар, кәсіби әріптестіктер, арнайы қорлар мен клубтар арқылы қоғамның өзі ұтымды ұйымдастырып отырады.
Бізде совет жүйесінен мұра болып қалған тәсілмен, яғни көбінесе лауазым иелеріне, басшыларға тәуелді құрамдағы комиссиялар шешіміне сүйенеді. Субъективті көзқарастарды негізге алудың соңы түрлі алыпқашпа әңгімеге арқау болады. Егер әр салада беделді, жақсы репутациясы сақталған мамандар пікірі ескеріліп, тиісті өлшемшарттар айқындалып, әлеуметтік сұрау салу жолымен ашық түрде талқыға салынса, кез келген ұжымда, ауданда, қалада, облыста сан түрлі марапатқа қатысты әділдік орнату қиынға соқпайды деп санаймыз.
Соңғы кезде ведомстволық мерейтойлық медальдарды жөн-жосықсыз үлестіру етек ала бастады. Одан бөлек, министрлік, әкімдік тарапынан берілетін мақтау қағаздары мен алғыс хаттары жауыннан кейін дүр етіп шығатын көкті еске салады. Әрине, мәселе — олардың көптігінде емес, нақты кімге берілетіндігінде. Адамның дәрежесін еңбегіне, төккен теріне қарай бағалау қажет, бірақ оның қадірін кетіруге болмайды.
Сондай-ақ үміткердің қилы моральдық-психологиялық кінәраттарын (соттылығын, қоғамда, ортада, отбасыда бейәдеп қылықтарын) ескермейтін марапатқа ұсынушы орындардың, лауазым иелерінің жауапкершілігі де тиісті билік орындары мен қоғам тарапынан қатаң қаралуға тиіс.
Жалпы “сұраныс бар жерде ұсыныс бар» екені түсінікті. Бүгінде маркетинг заңын жақсы меңгерген көптеген қоғамдық ұйымдар орден, медаль үлестіруде жаппай бәсекеге түскен сыңайлы. Оны дәл қазір реттемесе, кейін кеш болуы да мүмкін. Ең әуелі, олардың сатылымдағы марапаты бағасын көрсетіп, бұқараға ашық жариялауын заңды түрде міндеттеген жөн. Бұл талап қарапайым халықтың алдауға түсіп қалмауы үшін өте маңызды.
Өткен ғасырда, 1949 жылы елдің күш-қуатын нығайтуда сіңірген ерекше еңбегі үшін “СССР құрметті азаматы” атағы белгіленіп, оның атом бомбасын ойлап тапқаны үшін И.Курчатов пен Л.Берияға ғана берілгенін тарихтан білеміз. Одан кейін аты дардай атақ ешкімге де табыс етілмеген.
Ал 2016 жылы біздің тәуелсіз елімізде “Қоғамдық марапаттар мен атақтар” дейтін бір ЖШС “Қазақстанның құрметті азаматы” орденін шығарып үлестіргені жөнінде әлеуметтік желіде жазылды. Өтініштері мен қаржылары қабыл болғандарды “Rixos Astana” қонақ үйінде қандай құрметке бөлеп, үлде мен бүлдеге орағандарын ақпарат құралдарында жарнамалап жатты.
Мұндай іс-әрекетке заңмен тыйым салынғанына қарамастан көптеген елімізге белгілі азаматтар салтанатты марапаттау рәсіміне қатысып, кеуделеріне құны 1 миллион 750 мың тұратын орден тақты. Біздіңше, мұндай әдепсіздікке жол бермес үшін мемлекетіміздің абыройына кір келтіретін күмәнді атақты алғандардың атын атап, түсін түстеуді жөн деп таппадық. Қалаған кісі ашық ақпарат көздерінен тауып, таныса алады. Сол кездің өзінде-ақ халық оларға “арсыздар” деген атақты беріп үлгерсе де, қоғам ондайлардың санасын өзгерту оңай емес екенін сезді.
Біздің айтпағымыз: арсыздық, атаққұмарлық — ұлттың талғамын, ұстанымын, сана-сезімін, қоғамдық ой-өрісті дамытуға кедергі дерт. Ол қызғанышты, күншілдікті күшейтеді, ашкөздікке, бақталастыққа бастайды.
Шешім бар ма? Бар. Арылудың жалғыз жолы — адал еңбекті әділ бағалау ғана. Бұл — қоғамның таза адамдарға артып отырған аманаты, сенімі. Мұны аузы дуалы, сөзі куәлі Құнанбай қажыдан қалған мына сөз дәйектей түскендей:
“Көптен ажал да жасқанар,
Адалдан арам да жасқанар”.
Талғам мен талап бала жастан, мектептен қалыптасады. Біз қызмет сапасының, адамшылықтың өлшемі — мақтау қағаздары, орден-медальдар, төсбелгілер немесе жалаң рейтинг дей алмаймыз. Оның қалай өтіп жатқанын жоғарыда тұспалдадық. Сондықтан жалпақшешейлік пен атаққұмарлық түбі адамның өзін немесе қоғамды жарға жығады. Әділетті Қазақстанда осының өзекті мәселе екені күн тәртібіне шығып тұр. Оны шешу үшін қоғам ақыл мен парасат, тәртіп пен қағидат күшін біріктіруі қажет.
Дархан МЫҢБАЙ