Армрестлингтің «жүрегі»  Жамбылда соғып тұр

Тәуелсіздік жылдары ел спорты қарқынды дамып, саңлақтарымызды әлемдік ареналар тани бастағаны жасырын емес. Сондай-ақ, оғландарымыз Олимпиада биігін бағындырып, көк туымызды көкте сан мәрте желбіретті. Осы жылдар ішінде Жамбыл спортының да жұлдызы жанып, талай танаттар топ жарып шыққаны белгілі. Міне, сондай спортшының бірі – армрестлингтен әлемнің абсолюттік чемпионы жамбылдық  Дмитрий Трубин. Осы толағайымызбен жуырда тілдесудің сәті түсіп, алдағы жоспарларын білген едік.

Дмитрий,осы таңға дейін еліміздің және  Азияның авсолюттік чемпионы болатынсыз.  Ал украиндық Андрей Пушкарді жеңгеннен кейін, өзіңіздің жетістіктеріңізге әлемнің абсолюттік чемпионы атағын тағы қостыңыз. Айтыңызшы, осындай үлкен жүлдеге қол жекізгеніңізде қандай әсерде болдыңыз?

-Негізі жеті жыл қатарынан жеңіліп көрмеген американдық «монст» Майк Тодды жеңгеннен кейін, бойымда жеңіске деген жігер оянды. Шын мықтының өзін тізерлетуге болатындығына көзім жетті. Рас, бапкерім Ахмед Алиев екеуміз Тоддпен кездесуге дейін төрт ай дайындалдық. Оның мықты және әлсіз тұстарын зерттедік. Нәтижесінде оның қорғанысынан саңлау тауып, тактикалық тұрғыда басымдығымды көрсеттім. Жеңілгеннен кейін Майкл мінез танытып бұрқан-тарқан болғанымен, артынша келіп мықтылығымды мойындап, қолымды алды.  Тоддпен шыққан әлем чемпионатында жарысқа украиндық Адрей Пушкар келмей қалған болатын. Сондықтан батыстық басылымдар «Андрей келгенде жарыс жеңімпазы өзге адам болатын ба еді?» деген сынды құйтырқы әңгімелер жазды. Міне, осы күмәнді сейілту үшін артынша «Арнольд классик» чемпионатына қатысып, онда да қарсыластарымды айын жеңдім. Бірақ мұнда да Пушкар жарысқа қатыспады. Содан  құрлықаралық белбеу сарапқа салынған әлем чемпионатына аттанып,  Андрей Пушкармен ақыры күш сынастым. Бұл жекпе-жекте де тактикалық әдістермен басым түсіп, әлемнің абсолюттік чемпионы атағын жеңіп алдым. Бұл кездегі қуанышты сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Талай жылғы маңдай теріңнің ақталғанын түсіну, кез келген спортшыға керемет сезім сыйлайтыны анық.

getimage

-Жалпы армрестлинг спортымен айналысып жүргеніңізге қанша уақыт болды? Және бұл спортқа қалай келдіңіз?

-Ең алғаш қол күресі үйірмесіне 9 жасымда келдім. Сол кезде менің бапкерім Ахмед Алиев бойымнан ерекше талантты байқап, жаттықтыра бастады. Бұлшық еттерімді шынықтырып ғана қоймай, психологиялық тұрғыдан мықты болуға тәрбиеледі. Нәтижесінде 17 жасымда Азия чемпионы атандым. 20 жасымда әлем біріншілігінің биігін бағындырдым.

-Қазір білуімізше бапкерлікпен де айналысып жүрсіз?

-Иә, Тараз қаласында жаттықтырып жатқан спортшыларым бар. Олардың үшеуі осы таңға дейін әлем чемпионы атанып үлгерді. Бұдан бөлек те талантты шәкірттер өсіп келеді. Ел намысын ертең әлемдік ареналарда қорғау солардың еншісінде.

-Негізі армрестлин спортының облыста, елімізде дамуын қалай бағалайсыз?

-Қазір елімізде армрестлинг  өте қарқынды дамуда. Оған дәлел, ұлттық құрамамыз екінші жыл қатарынан байрақты бәсекелерде топ жарып келеді. Ал, Жамбыл облысы еліміз бойынша нөмірі 1-ші  құрама саналады.  Бізде 8 салмақ бойынша 70 атлетіміз бар. Сондықтан армрестлинг спортының «жүрегі» Жамбыл жерінде соғып тұр деп айтуға толық негіз бар. Бұл бізге  жергілікті биліктің көп көңіл бөліп жатқанын айғақтап тұрғаны анық.

photo_63938

-Отбасыңыз жайында айта кетсеңіз?

-Әйелімде армрестлинг спортымен айналысады. Оның еншісінде Азия чемпионы деген атақ бар. Үш ұл тәрбиелеп отырмыз. Бір сөзбен айтқанда спортты жанына серік еткен отбасымыз.

-Алда қандай жоспарлар бар?

-Үлкен жарыстан кейін қазір мен тынығу үстіндемін. Және жарақаттарымды қайта қалпына келтіруім қажет. Ал келер жылы бір вендетта өткізуім тиіс. Және Алкесанд Пушкармен қарымта кездесу болады. Бұдан бөлек те, АҚШ-та, Ресейде өтетін байрақты бәселер бар. Міне, осы жарыстарға тыңғылықты дайындалып, Қазақстан, облыс атын тағы бір танытсам деймін.

-Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына жамбылдықтарға не тілер едіңіз?

-Барлық қазақстандықтарды, жерлестерімді осынай айтулы мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Отбасыларына бақыт, шаңырақтарына шаттық тілеймін. Және спортпен шұғылдануға шақырамын.

-Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Саятхан Сатылғанов