Арман Шораев: Дамитын қоғамда есі дұрыс адам билікке қарсы болуы керек

Ақпарат саласында танымал менеджер болған, бүгінде кәсіпкерлікті қолға алған Арман Шораевтың биліктен көңілі қалған сияқты. Оның әлеуметтік желідегі жазбасы, бейнеүндеулері соны аңғартады. Nege.kz тілшісі қазақ күресін қайта жандандырып, ұлттық спортты өрге сүйреген азаматты әңгімеге тартты.

– Арман Төлегенұлы, соңғы кезде саяси мәселелер төңірегінде жиі сын пікір айтып жүрсіз. Сізді «қоғам белсендісі» деп айтуға негіз бар ма? Жалпы, немен айналысып жүрсіз?

– Қазір өзімнің бизнес жобаларым бар. Алматыда, елордада, Ақмола облысында туризмді дамытуға үлес қосып жатырмын. Бурабайда әдемі демалыс орнын салдық. Одан басқа ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған бір-екі жобам бар. Соған кіріскелі жүрмін.

Ауылда өмірге келген соң, бәрібір тартып тұрады екен. Мал шаруашылығымен он бес жылдан бері айналысып келемін. Бірақ соны кәсіби деңгейге жеткізгім келеді.

Ал саясатқа келсем, өз басым саясатпен айналыспаймын. Бізде ешқандай оппозиция жоқ. Сол рөлді ойнап жүрген саяси әртістер ғана бар.

Соңғы жылдары Ресейдің шовинистері аузына келгенді айтып жүр. Естігенде шыдай алмаймын. Өкініштісі, біздің билік өкілдері өз көлеңкесінен қорқады. Сондықтан осы елдің азаматы ретінде өз пікірімді ашық білдіремін. Менің пікірім біреуге ұнар, біреуге ұнамас, бірақ тілім барда, жасқанып қалмаймын. Ешқандай саяси партиялардың мүшесі де емеспін. Кезінде «Асар» партиясының құрамында болғанмын. Сайлауға қатыстым. Бірақ әділетсіздіктердің кесірінен Мәжіліске өте алмадым.

– Сіздің пікіріңізге билік құлақ асады деп ойлайсыз ба?

– Әрине, құлақ асады. Жан-жақтан хабарласады. Мемлекеттік қызметте небір мықты азаматтар бар. Олар да қолдау білдіреді. Бірақ олар соның ішінде жүрген соң пікірін ашық айта алмайды. Дамитын қоғамда есі дұрыс адам әрдайым билікке қарсы болуы керек. Сондықтан өзімді қоғам белсендісі ретінде санамаймын. Бірақ қоғам қайраткері Мұрат Әуезов «Арманжан, сен – публицистсің» деген еді. Мен үшін бұл ең жоғары баға. Публицист деген атаққа әбден лайықпын деп ойлаймын.

– Яғни, ешкімнің тапсырмасын орындап, сойылын соғып жүрген жоқсыз ғой…

– Жоқ, ешқандай саяси күштің өкілі емеспін. Өзімнің жеке ұстанымым бойынша жүрген адаммын. Ешқашан біреу туралы ақылы пост жазып, ақшаға біреу туралы пікір жазған емеспін.

Ресей бізді өзінің бір «колониясы» ретінде санайды

 – Бір пікіріңізде «Кейбір саяси шешім Мәскеуге тәуелді» депсіз. Бұл тәуелділіктен қашан құтыламыз?

– Бізде мұнай тасымалдайтын КТК (Каспий құбыр консорциумы) құбыры бар. Бұл құбыр Ресей арқылы өтеді. Егер Қазақстан тарапынан бірдеңе ұнамай қалса, Ресей сол құбырды жауып тастай салудан тайынбайды. Сосын біздің мұнайымыз сыртқа шықпай қалады. Неге десеңіз, бізде мұхит арқылы тасымалдайтын басқа жол жоқ. Ресейге осы жағынан да тәуелдіміз. Сол сияқты ауыл шаруашылық өнімдерін, соның ішінде бидайды Еуропаға тек Ресей арқылы ғана тасымалдай аламыз. Содан кейін де олар осыны пайдаланып, ойына келгенін істеп жүр.

Осы 30 жылда құбырдың бір емес, бірнешеуін салуға болатын еді. Каспий арқылы тікелей Грузияға, Әзірбайжан арқылы Түркияға өткізер едік. Осыны Үкімет неге қолға алмады? Әлбетте, оған Ресей қарсы.

Бүгінге дейін шешілмеген геосаяси мәселелер шаш етектен. Сол себептен Ресей бізді өзінің бір «колониясы» ретінде санайды.

 Содан кейін бәріне «ләппай» деуден басқа амал жоқ дейсіз ғой…

– Әрине. Ресей – сол баяғы Кеңес үкіметінің заңды мұрагері. Өкініштісі сол, біздің билік бұған бас изеп, сөзсіз келісіп отыр. Ресейде билік ауыспай, бізде де ешқандай өзгеріс болмайды.

 Өткенде ресейлік басылым қазақ пен орыс ұлтының арасына от жағып жүрген Ермек Тайшыбековтен сұхбат алғаны белгілі. Оны Қазақстан билігі ұлталық араздықты қоздырғаны үшін 7 жылға соттаған еді. Бұған да пікір білдірген екенсіз…

– Әрине, оқыдым да қаным басыма шапты. Бұл азамат шама-шарқы келгенше сол елдің мүддесін қорғап келеді. Бір кездері Қазақстанда орыс тіліне қысым көрсетіліп жатыр деп байбалам салған. Меніңше, Тайшыбековтің ақыл-есінде ауытқу бар сияқты. Пікірлеріне қарағанда, сау адам емес. Ресейлік империя әрі кетсе 10-15 жыл ғана өмір сүреді. Тарихтан белгілі, кез келген империя түбінде құлайды. «Бұға берсең, сұға береді» демекші, мемлекеттік органдар өзінің принципті көзқарасын білдіруі керек.

Саакашвили ақты ақ, қараны қара дейтін азамат

 Грузия экс-президенті Михаил Саакашвилимен кездескеніңізді білеміз. Араларыңызда Марғұлан Сейсембаев та бар. Сіздерді не байланыстырады?

– Саакашвилимен көзқарасымыз ұқсайды. «Билік пен үкімет қандай болуы керек?» деген мәселеде пікіріміз бір жерден шығады. Меніңше, Саакашивли сияқты азаматтар елдің тізгінін ұстау керек. Өкініштісі, қазір қудалауда жүр. Бірақ оның шығатын биігі алда. Михаил – қарапайым, ашық адам. Ақты ақ, қараны қара дейтін азамат. Бізді тек ұлттық мүдде ғана байланыстырады.

– Таяуда Грузия халқы Саакашвилиді қолдап, билікке қарсы наразылық акциясын ұйымдастырды. Саакашвили билік басында болғанда елдегі жемқорлық азайды деген жағымды пікір де бар. Расында, солай ма?  

– Әрине, ол елі, халқы үшін бірталай шаруа атқарды. Ешкімді тыңдаған жоқ. Нәтижесінде өршіген жемқорлық азайды. Ал қазір неге қудалауға түсті?  Жемқорлыққа батып қалған Ресей оны сөзсіз жақтырмады. Неге десеңіз, Грузия билігінде де ресейшіл топ қызмет атқаруда. Осы саяси күштер Грузияны билеп-төстеп отыр.

– Ал белгілі кәсіпкер Марғұлан Сейсембаевты Грузиядан неге қуып шықты?

– Иә, солай болды. Бірақ оны Марғұланның өзінен сұрап көріңіз. Меніңше, сол Саакашвилимен қарым-қатынасы болған соң шығар. Ол да Михаилдың досы ғой. Мен онымен Марғұлан арқылы таныстым.

«Қазақстан барысынан» неге кетті?

 Ауылды жерлерді жиі аралап жүрсіз. Халықтың тұрмыс-тіршілігі қалай?

– Он жыл бұрынғы уақытпен салыстарғанда төмендеп кетті. Өкінішке қарай, біздің халық өте төзімді. «Құдайға шүкір, бас аман болсын» деп жүре береді. Кейде «Осы біздің халыққа өзгеріс керек пе, жоқ па?» деген сұрақ мазалайды. Жеке басының қамын, жанбағысты ғана ойлайды. Әрине, әл-ауқаты төмен адам мемлекеттік мүддені қайтсін? Індет кезінде әбден титықтап, қиналып қалған халықтан не күтуге болады?

– Бір пікіріңізде «Әр қазақтың жүрегінде бір тәліп бар» депсіз. Осыны тарқатып айтыңызшы.

– Оны салыстырмалы түрде айттым. Ауғанстанда тәліптердің басына күн туғанда «Біз тәліптерден қорқуымыз керек» деген пікірді көп естідім. Бізге есі дұрыс тәліптер келмейді. Біз өзімізден өзіміз қорқуымыз керек. Әр қазақтың өзі – бір тәліп. Әрбірінің миында бір тәліп отыр. Себебі, біз өте қорқақ халықпыз.

 Қатарынан 10 жыл өткен «Қазақстан барысы» жобасынан неге кеттіңіз?

– «Қазақстан барысы» биыл оныншы мәрте өтті. Жобамен қош айтыстым. Екі жылдан асты, жай далаға қалдырған жоқпын, еті тірі азаматтарға табыстадым. Өз басым бір жұмыспен бірнеше жыл жүре алмаймын. Маған қызық емес болып қалды. Әрине өзімді спорт менеджерімін деп ауыз толтырып айта аламын. 10 жылдан астам уақыт «Қазақстан барысы» жобасын басқардым. Одан кейін 6 жыл «Қазақ күресі» федерациясының басшысы болдым. Осы уақыт аралығында қазақ күресімен айналысатындардың саны 36 мың адамнан 140 мыңға дейін жетті. Құдайға шүкір, жобаны жоғары деңгейге жеткіздім. Қазақ күресін биікке шығардық, төрге отырғыздық. Біздің барыстарды ел таниды, шетел біледі.

2010 жылы қазақ күресімен айналысқан кезде, бұл жобаға ешкім қызықпайтын. Министрлік те, федерациялар да қызыққан жоқ. Бес-алты жылдан кейін, яғни «Қазақстан барысы», «Әлем барысы», «Еуразия барысы» сияқты жарыстардан соң, бұл спортқа қарапайым халық қана емес, шенеуніктер де қызыға бастады. Қызғаныш та болды. Қызғаныштың болғаны дұрыс. Өйткені ұлттық спортқа қалталы азаматтар қызықса, бір-бірінен қызғанса, онда спортқа көңіл бөле бастайды деген сөз. Ондай қызғаныштан қазақ күресі, қазақ спорты дамиды. Менің мақсатым – қазақ күресін жоғары деңгейге жеткізу еді. Сол мақсат орындалды.

Әлеуметтік желі тәуелсіз баспасөздің қызметін атқарып отыр

– Талай жыл КТК телеарнасын басқардыңыз. Қайтадан ақпарат саласының тізгінін ұстағыңыз келмей ме?

– КТК телеарнасында 8 жылдай басшылық қызмет еттім. Аз уақыт емес. 4-5 жылдың өзінде жалыға бастадым. Телеарнаны Қазақстандағы көрермені көп телеарнаға айналдырдым. Мені ол жақтан ешкім кетірген жоқ, өз еркіммен бас тарттым. Қазір ақпарат саласында жұмыс істегім келмейді. Талай рет жан-жақтан ұсыныс түсті. Бас тарттым.

 Неге бас тарттыңыз?

– Айтып отырмын ғой, бір нәрсемен ұзақ жыл айналыса алмаймын. Сондықтан ақпарат, медиа саласымен біржола қоштастым. Бізде сөз бостандығы жоқтың қасы. Бүкіл телеарна шоу-бизнес болып кетті. Бұл маған қол емес. Әлеуметтік желідегі парақшамды БАҚ-тың бір түрі деп санаймын.

– Ақпараттық кеңестікте қызмет етіп жүрген журналистердің жұмысына көңіліңіз тола ма? Олардың ақпарат алуға деген мүмкіндігі шектеулі ме? БАҚ туралы заң жобасы қашан еркін жұмыс істеуге мүмкіндік береді? Осы сұрақтар сізді мазаламай ма?

– Әрине, мазалайды. Өйткені, елімізде сөз бостандығы, тәуелсіз БАҚ болғанда ғана жемқорлықпен, әділетсіздікпен күресуге болады. Олардың аузын буып тастасақ, заң да жұмыс істемейді. Жалпы, біздің елімізде кез келген саланы жемқорлық жайлап алды ғой. Бұл әрі қарай өрши береді. Ақпарат тарату саласы құлдырап кетті. Бәрі өсек-аяңды ғана теріп, ұзын құлақтан шыққан әңгімені жазып жүр.

 Дәл осылай кете бермейтін шығармыз. Мұның да шегі болмай ма?

– Егер мұнайдың бағасы өсе берсе, әлі де осы кеткенмен жүре береміз. Өйткені, біздің халық ешқандай саяси өзгерісті қаламайды. Бізді өлтіретін нәрсе – жемқорлық пен жағымпаздық, жалпақшешейлік. Жемқорлықпен күресу үшін сөз бостандығы болуы қажет. Сөз бостандығы дегеніміз – тәуелсіз БАҚ болуы керек деген сөз. Сондықтан әлеуметтік желі тәуелсіз баспасөздің қызметін атқарып отыр.

Ашық сөйлеп, ақиқат жолын ұстанғаным үшін бірнеше жерде таяқ жегенім рас. Былтыр Қарағандыда болған оқиға соның бір көрінісі. Әрине, сын мен оғаш пікір ешқашан билікке жақпайды. Олар мені бір-екі күн ғана тұтқында ұстап, бостандыққа жіберуге мәжбүр болды. Өйткені заңды түрде олардың мені ұстап отыруға нақты себебі болған жоқ. Сол үшін де сотқа жеткізбей жіберді. Ол кезде мен заң бұзған жоқпын. Ешкімнен кешірім де сұраған жоқпын. Мен өзімнің не айтатынымды жақсы білемін.

– Сұхбатыңызға рахмет!