Ардагер аяқдопшылар алтыннан алқа тақты

Нұр-Сұлтан қаласында кіші футболдан 60 жастан асқан ардагерлер арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Алғашқы рет ұйымдастырылып отырған байрақты бәсекеге ауданның «Қазфосфат- Намыс» командасы қатысты. Кезінде жасыл алаңға шығып, доп теуіп төселген тәжірибелі жерлестеріміз әлі де бабында екендіктерін байқатты.
Жалпы ел көлеміндегі жарысқа Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Ақтау, Көкшетау, Атырау қалаларымен қатар Бұланды, Қордай аудандарының құрамалары да бақ сынады. Шымкент, Көкшетау қаласынан келген азулы командалардан айласын асырған жерлестеріміз ақтық сында алаң иелері, елордалық КМGPROF құрамасымен кездесті. Шешуші кезеңде мүмкіндікті мүлт жібермеген таластықтар жеңімпаз атанды.

Жарыс қорытындысы бойынша команда ойыншысы Инаят Қырықбаев «Үздік шабуылшы» атанса, Кәрім Юсупов «Үздік қорғаушы» аталымына лайық деп табылды. Ел чемпионатынан жеңіспен оралған ардагерлерді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұмабек Әсемов, «Игілік» футбол клубының президенті Рашид Сейдалиев қарсы алып, құрмет көрсетті.

Нарбол ҚАШАҒАН, журналист. Талас ауданы.