АҚТӨБЕЛІКТЕР МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕРДІҢ БАЖ АЛЫМЫН QR АРҚЫЛЫ ТӨЛЕЙ АЛАДЫ

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Ақтөбе облыстық филиалы директорының орынбасары Самал Нұғманованың айтуынша, қазіргі уақытта мемлекеттік корпорация арқылы 9304 пайызы электронды түрде жүзеге асырылады. Ал мемлекеттік реестр тізіміндегі 690 мемлекеттік қызметтің 96,2 пайызы мемлекеттік корпорация арқылы көрсетіледі.

Жыл басынан бері ақтөбеліктер облыстағы халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы 493 мың қызмет алған. Бүгінде өңір тұрғындары мемлекеттік қызмет пен сервистерді халыққа қызмет көрсету орталықтарына бармай-ақ, Telegram-Bot, Egov mobile мобильді қосымшалары мен Еgov.kz порталы арқылы онлайн түрде ала алады.

— Халыққа қызмет көрсету орталықтарына келушілерге ыңғайлы болуы үшін бірнеше сервис енгізілді. Енді азаматтар мемлекеттік қызметтің төлемін оператордың жанында отырып, кассаға бармай-ақ, QR-код арқылы төлей алады. Бұл тәсілмен, мәселен, жер учаскесіне актілерді дайындау және беру, жылжымайтын мүліктің құқығын алу, кондоминиум объектісін, заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу, сондай-ақ жер қатынастары, жылжымайтын және жылжымалы мүліктер саласындағы басқа да мемлекеттік қызметтер үшін төлем жасауға болады. Азаматтар мемлекеттік қызметтердің ақысын Homebank және Kaspi.kz қосымшасындағы QR-код арқылы кезексіз, қауіпсіз және тез төлей алады, – деді Самал Нұғманова.

Қазіргідей карантиндік шектеулер кезінде тұрғындарға ыңғайлы болу үшін 1414-тің әлеуметтік мәселелер бойынша кеңес беру мүмкіндіктерін кеңейту туралы шешім қабылданды.

— Енді зейнетақы мен жәрдемақыны, атаулы әлеуметтік көмекті ресімдеу, әлеуметтік қызметтер порталының жұмысы, еңбек қатынастары мен халықты жұмыспен қамту туралы сұрақтарды 1414 бірыңғай байланыс орталығына қоңырау шалып, қосымша «5» нөмірін басу арқылы алуға болады. Бұған дейін аталған сұрақтарға жауап берген 1411 нөмірі енді жұмыс істемейді.

Мамандарылған бөлім жұмысына да біршама жаңашылдық енгізілді. Жыл басынан бері көлік сатып алған азаматтар қайта рәсімдеу процесін Kaspi.kz қосымшасы арқылы жүргізе алады. Бүгінде көлікті қайта рәсімдеу үшін мынадай қызметтердің баж алымын төлеу қажет: көліктің ьехникалық құжаты —- 3646,25 теңге, көліктің жаңа нөмірін алу — 8167,60 теңге, тіркеу алымы — 729,25 теңге, — деді С.Нұғманова.

Қазіргі уақытта өңірдегі халыққа қызмет көрсету орталықтарына келушілер Ashyq жүйесі арқылы кіреді. Мемлекеттік корпорация өкілдері азаматтарға санитарлық талаптарды сақтау қажеттігін ескертеді.

— Биыл 2 тамыздан бастап халыққа қызмет көрсету орталықтары бес күндік жұмыс аптасына өтті. Яғни жұмыс кестесі сағат 9:00 бастап 18:00 дейін белгіленді. Сенбі және жексенбі күндері қалалық және аудандық халыққа қызмет көрсету орталықтарыбөлімдері жұмыс істемейді. Халыққа қызмет көрсету орталықтары — адам көп жиналатын орын, сондықтан ауру жұқтыру қауіпі бар. Бүгінде Ashyq арқылы «қызыл» және «сары» статустары бар 55 жағдай анықталған. Барлық клиенттерден санитарлық-профилактикалық нормаларды сақтауы кереу», – деді фронт-офистерді үйлестіру басқармасының басшысы Аслан Уразов.