АҚТӨБЕДЕ ЖЕДЕЛСАТЫЛАР АУЫСТЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАНДАНДЫРЫЛАДЫ

Бүгінде Ақтөбе қаласындағы көпқабатты үйлерде 605 жеделсаты болса, оның 259-ы 25 жылдан бері (яғни нормативті мерзімінен тыс) қолданылып келеді. Бұл туралы Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен өткен облыстық төтенше жағдайлардың алдын алу комиссиясының отырысында баяндады. Қала әкімінің айтуынша, соңғы жылдың ішінде күрделі жөндеуді қажет ететін және апатты жағдайдағы 11 жеделсаты алмастырылған. Жалпы 100 жеделсатыны алмастыру қажет болса, оған 910 млн теңге қажет.

Облыс басшысы қала әкіміне осы мәселені түбегейлі шешу үшін нақты ұсыныстар беруді тапсырды.

 

 

«Айдың соңына дейін нақты ұсыныстар енгізіңіздер. Олай болмаған жағдайда қаржыландыру мәселесін қарастыратын боламыз», — деді Оңдасын Оразалин.

Сондай-ақ, отырыс барысында қысқы және су тасқыны кезеңдерінің өтуі қаралды.

 

 

Төтенше жағдайлар департаменті басшысының уақытша міндетін атқарушы Асқар Төлешевтің айтуынша, есеп беру кезеңдері әдеттегідей өтіп, төтенше жағдайлар тіркелмеген. Бұған қыстың алғашқы екі айындағы қолайлы ауа-райы жағдайлары әсер етпей қоймады.

Бұдан өзге комиссия өрт қауіпсіздігі, атап айтқанда өрт гидрантының жағдайын талқылады. Қазіргі таңда, облыс аумағында 4900 гидрант бар. Былтыр, 520 жаңа гидрант орнатылды. Облыс басшысы жауапты органдарға гидранттарды пайдалануға үнемі дайын күйінде, тиісті дәрежеде күтіп ұстау үшін барлық шараларды қабылдауды тапсырды.