АҚТӨБЕДЕ ҚР ТӘУЕЛСІЗДІГІНІҢ 30 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН ӘДЕБИ ЖӘРМЕҢКЕ ӨТКІЗІЛДІ

Ақтөбе қаласындағы көпшіліктің жиі бас қосатын орны — «Ақтөбе Арбаты» демалыс алаңында ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Біздің жазғы жайдары күндеріміз кітапханада» атты әдеби жәрмеңке ұйымдастырылды.

Шара барысында қаладағы кітапханалар қызметкерлері кітап көрмесін, ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған кітаптар шеруін ұйымдастырды.

 

 

Т.Ахтанов атындағы «Атамұра» кітап үйінің қызметкерлері жеңілдікпен кітаптар сатылымын шығарды. Атаулы датаға орай ұйымдастырылып жатқандықтан, әдеби жәрмеңкеде көпшілікке негізінен ел тәуелсіздігі тарихына арналған кітаптар мен қазақ ақын-жазушыларының еңбектері ұсынылды.

 

 

— Бұл жерден ақтөбеліктер әр жастағы оқырманға арналған кітаптарды таба алады. Яғни, балаларға арналған ертегілер де, жастарға, үлкен кісілерге арналған кітаптар да бар. Жанрлар да сан алуан: ауыз әдебиеті, детектив шығармалар, өлкеміздің ақын-жазушыларының шығармалары да бар, — дейді Ақтөбедегі С.Маршак атындағы кітапхана меңгерушісі Ақжібек Кеншінбаева.

 

 

Шара барысында Ақтөбе қаласындағы саңыраулар қоғамы мәдениет үйінің халықтық «Мы Вас любим» клоунада театрының артистері мен «Геолог» мәдениет үйі, қалалық мәдениет үйінің жас өнерпаздары өнер көрсетті. Сонымен қатар қаланың кішкентай тұрғындары ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған өлең шумақтарын оқыды, ал ересектер түрлі сұрақ-жауап, викториналық, әдеби ойындарға қатысты, белсенді қала тұрғындары мен кітапхана оқырмандарына сыйлықтар табысталды.