АҚТӨБЕДЕ ҚАРЖЫ ПИРАМИДАЛАРЫНА ҚАТЫСТЫ СОТҚА ДЕЙІНГІ ТЕРГЕП-ТЕКСЕРУ АЯҚТАЛДЫ

Тергеу органдары «Гарант 24 Ломбард» ЖШС, «Выгодный займ» ЖШС, «Estate Ломбард» ЖШС және «Нұр-Али Капитал» ЖШС басшыларына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтады. Бұл туралы Ақтөбе облысының прокуратурасы хабарлады.

Тергеу аяқталғанға дейін 30 000 000 000 теңгеден астам сомаға залал келтірілгенін мәлімдеген 17 000-нан астам жәбірленуші өтініштерімен жүгінді.

33 күдіктіге қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.

6 күдіктіге күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасымен бірге халықаралық іздестіру жарияланды.

Күдіктілердің мүлкіне (қылмыстық әрекетті жүзеге асыру кезеңінде сатып алынған), сондай-ақ ломбардқа салынған мүлікке тыйым салу бойынша шаралар қабылданды.

«Гарант 24 Ломбард», «ЕЅТАТЕ Ломбард» және «Выгодный займ» ЖШС қызметкерлері азаматтардың сеніміне кіріп, келесі қылмыстық схемаларды қолданғаны анықталды: жылжымалы және жылжымайтын мүлікті төлем мерзімін ұзарту шартымен (3 айдан 6 айға дейін) 20% бастапқы төлеммен нарықтық бағадан (10-20%-ға) жоғары баға бойынша сатып алуды ұсынған. Меншік құқығын қайта ресімдегеннен кейін оны ломбард нарықтық бағадан төмен бағамен сатқан; халықтан ай сайын 30-40% есептеу шартымен депозит түріндегі ақшалай салымдар қабылданды. Бұл ретте екі жағдайда да ақша қаражатының қалдықтары қайтарылған жоқ. Қазіргі уақытта қылмыстық іс Ақтөбе қаласының №2 сотына мәні бойынша қарау үшін жолданды.