АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНЫҢ ЭКОНОМИКАДАҒЫ ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА БИЗНЕС ҮЛЕСІН 25%-ҒА ДЕЙІН ЖЕТКІЗУ ЖОСПАРЛАНЫП ОТЫР

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен Ақтөбе облысының биылғы бес айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары мен алдағы кезеңге арналған жоспарлары туралы баспасөз мәслихатында облыс әкімі Оңдасын Оразалин шағын және орта бизнес саласының қазіргі жағдайын баяндады.

— Пандемияның кері әсеріне қарамастан біз шағын және орта бизнестің оң динамикасын сақтай алдық. Шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі бүгінде шамамен 24%-ды құрайды. Жұмыс істеп жатқан субъектілердің саны бес айдың қорытындысы бойынша өткен жылмен салыстырғанда 63 мыңды құрап, 5,1% өсті, — деді О.Оразалин.

 

 

Ол бизнеске мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдауға ерекше тоқталды.

Бүгінде Шағын және орта бизнестің 1200-ден аса жобасына мемлекеттік қолдау көрсетілген, бұл алдыңғы жылдың осындай кезеңіне қарағанда 8 есе көбірек.

— Соның ішінде, «Бизнестің жол картасы» аясында 1 024 жоба қолдау тапты, қаржыландыру көлемі биыл 7 млрд. теңгеден асады. «Қарапайым заттар экономикасы» аясында 12,7 млрд. теңге несиеге 14 жоба қолдау тапты. «Еңбек» бағдарламасы бойынша 1,2 млрд. теңгеге 227 жоба мақұлданды. Жыл соңына дейін 3,3 мың ШОБ субъектісін мемлекеттік қолдау шараларымен қамту жоспарланып отыр, — деді О.Оразалин.

Бұған қоса, төтенше жағдайлар кезінде зардап шеккен бизнес субъектілерін қосымша қолдау үшін, жеңілдетілген несие бағдарламасы аясында 35 млрд. теңгеге 150 жоба мақұлданды.