АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫ МЕН НИДЕРЛАНДЫ АРАСЫНДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ КЕҢЕЙЕДІ

Дүйсенбі күні Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин Нидерланды Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Андре Карстенспен және Қазақстан Республикасының Нидерланды Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Асқар Жұмағалиевпен, сонымен қатар, шетелдік ірі компаниялардың өкілдері — инвесторлармен кездесті. Бұл туралы Ақтөбе олысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Кездесу барысында Ақтөбе облысының Нидерландымен ауыл шаруашылығы саласындағы әрі қарайғы сауда-экономикалық ынтымақтастығын нығайту, мамандандырылған құрал-жабдықтарды шығару, сонымен қатар бірқатар инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.

 

 

Ақтөбе облысы мен Нидерланды корольдігі арасындағы өзара сауда-саттық 2020 жылдың қорытындысы бойынша оң динамиканы көрсетіп, 278 млн долларға жеткен.

— Ауыл шаруашылығы саласында, жылыжай ісінде, соның ішінде өңірдегі жылыжай жабдықтары мен материалдарын өндіруді локализациялауда өзара тиімді ынтымақтастықтың едәуір әлеуеті бар, — деді О.Оразалин.

 

 

Елші Андре Карстенс екіжақты қарым-қатынасты әрі қарай дамытуға қызығушылық танытатынын атап өтті.

— Ақтөбе облысында барлық жағдай бар. Ынтымақтастыққа риза боламыз. Бұл менің Ақтөбеге соңғы келуім емес екеніне сөз жоқ, — деді елші.

Ақтөбе облысының аумағында қазіргі таңда Нидерланды капиталы қатысқан 25 компания жұмыс жасайды.