Ақтауда карантинге жабылған екі үй подъезд есігі ашылды

Маңғыстау облысының орталығында бұған дейін 11-40 және 14-38 мекенжайлары бойынша екі үйдің подъезі сыртынан бекітілген болатын. Оларда тұратын кейбір тұрғындар вирустық инфекция жұқтыруы себепті стационарға жіберілді.

Ақтау қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы және қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Асима Жарылғасова аймақтық ҚКО-да онлайн форматында өткен арнайы брифингте қазіргі ахуалды баяндап берді.

«11 шағын аудандағы 10 үйдің үшінші подъезі карантин мерзімі аяқталуына сәйкес ашылды. Мұнда тұратын адамдар төтенше жағдай тәртібі бойынша қала ішінде өздігімен қозғала алады. Бұл мекен-жай жабылғалы бері ешкім дерт жұқтырған жоқ. Оқшаулаудың басты артықшылығы да осында. Әлгі подъездің 1-5 қабатына дейін санитарлық тазалау жасалды. Вирус жұқтырған адамдардың пәтерлері залалсыздандырылды. Жалпы бұл үйден бастап 10 метрге дейін жер аумағы толық дизенфекцияланды» — дейді ол.

Сондай-ақ бүгін 14 шағын аудандағы 38 үйдің подъезі де карантиннен ашылды. Қазіргі уақытта облыс аумағында 370 адам дәрігерлердің бақылауында. Он азамат өңірлік жұқпалы аурулар ауруханасында стационарда ем қабылдап жатыр. Екеуі сауығып тұруы себепті үйлеріне жіберілген.

Ал провизорлық госпиталда 52 адам жатыр. Обсервациялық орында 61 тұрғын жатыр. Тағы 247 адам үй карантиніне алынған.

Ақтауда тағы бір тұрғын коронавирустан жазылып шықты

Асима Жұмабайқызының сөзінше, бір науқас бүгін кешке үйіне жіберіледі. Ол Қызылорда өңірінен Ақтауға жұмыс жасауға келген азаматтың жұбайы. Өзін жақсы сезінеді. Барлық медициналық талдау теріс нәтиже көрсеткен.

«Бұл кісінің жолдасы — 50 жастағы ер адам жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Жағдайы ауыр деп бағаланып отыр. Одан бөлек тағы екі науқас ем қабылдап жатыр. Қазіргі жай-күйін орташа тұрақты деп айтуға болады. Сауығып тұрған соң стационардан шығады деп үміттенеміз» — дейді ол.

Айта кетейік, провизорлық және обсервациялық орындарға түскен адамдардың азғасында вирустың бар-жоғы анықталады. Теріс нәтиже болған жағдайдың өзінде карантин мерзімі аяқталған соң ғана үйіне босатылады. Бұл ретте оның 14 күн өзін-өзі оқшаулауы маңызды.

Яғни, оған өз баспанасынан шығуына болмайды. Ол тұратын пәтер немесе үйге басқа адамдардың баруына тыйым салынады. Оқшауландырылған азамат үнемі бетперде тағуы қажет. Бөлмелердің ішін үнемі залалсыздандырып тұру керек.

«Қазіргі таңда Маңғыстау облысында шетелде білім жатқан студенттер келіп жатыр. Барлығы бірдей міндетті түрде медициналық тексеруден өтеді. Олардың арасында Ақтөбеде 14 күн карантинде болып, тексеруден өткендері бар. Берілген құжатқа сәйкес өз үйлеріне қайта алады. Қазір тұрғылықты мекен-жайлары бойынша карантинге алынды. Қауіпті індеттің аймақта таралуы шарықтау шегіне жетті деп айтуға болмайды. Егер тұрғындарымыз төтенше жағдай тәртібін бұзбай, үйде отырса бұл кезеңнен өтеміз» — деп ой түйді Асима Жарылғасова.

Мамандардың айтуынша, вирус киім-кешекке жұққанның өзінде тіршілігін жояды. Алайда, пласмаст немесе темір түймеде біраз уақыт сақталады. Осы себепті аса қажет болмаса түймесіз немесе белдіксіз киімдерді киген жөн.

Смартфон экраны мен оның қорғаныш тысқабын жиі сүртіп тұрған дұрыс. Залалсыздандырғыш ерітіндімен өңделген заттарды 15 минут қозғамау қажет.

 

Маңғыстау облысының қоғамдық

коммуникация орталығы